Имантаразы

МҰҒЖИЗА

АҚЫЛДЫҢ ДӘЛЕЛІН ҚАЖЕТ ЕТПЕЙДІ

мугжиза

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұғжизаларының ең үлкені – бұл, әлбетте, қасиетті Құран Кәрім.

Әр дәуірдің ғалымдары, әдебиет, шығармашылық саласындағы шебер­лердің баршасы Аллаһтың кәләміне, ондағы сүре, аяттардың жүйелілігіне, ғылыммен егіз аққан, адамзатқа түскен Хақтың заңы екендігіне иман келтіріп, барлығы да бұл ешбір жаратылыстың емес, Жаратушының сөзі деп мойынсұнып келген.

 Біз өмір сүріп отырған ғасыр ғалымдарының да өз кезегінде ғылым жолындағы тірелген тұсы осы қасиетті Құран, Аллаһтың сөзі болды. Бұл, әлбетте, осылай болады және болашақта да, қияметке дейін де жалғаса береді. Себебі, қасиетті Құранда айтылғандай, «Аллаһтың қасында шынайы дін – Ислам» Әли Ғимран» сүресі, 19-аят), оның осы сөздерін жеткізген соңғы пайғамбар әрі елші – Аллаһтың өзі таңдаған құлы Мұхаммед (с.ғ.с.) ақиқаттың соңғы белгісі болып қала береді.

Құран Кәрімнің бірде-бір аятына ұқсайтын нәрсені бұл күнге дейін ешбір ғалым да, ғұлама да жаза ал­маған. Сүрелердегі шешендік ерек­шелік, жазылу тәсілі ешбір жаратылыс сөзіне ұқсамайды. Оның бір сөзі алынып тасталса немесе бөтен  бір сөз қосылса, мағынасындағы үйлесімдік бұзылады. Құран аятта­ры­ның реті де, тәртібі де араб ақын-жыршыларының форматына мүлде келмейді. Өткен және келешекте болатын көптеген нәрселер туралы ха­бар беретін Құранды оқығандар мен тыңдағандар жалықпайды, шаршамайды. Ақиқатында, Құран аяттары – әр жанның дертіне шипа. Бұл жайында Аллаһ тағала Қасиетті Құранда: «Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет түрінде Құран түсті» («Жүніс» сүресі, 57-аят) деп момын мұсылмандарға ашық баяндаған.

Қасиетті Құранды тыңдаған және оған бойұсынған жанның ықыласы артып, ізгі амалдары көбейеді. Бізге Ислам тарихынан мәлім,  ислам дінінің дұшпаны болған адамдар Құран Кәрімді тыңдаған кезде жүректері жұмсарып, иман келтірген.

Ал, пайғамбарлар тарапынан болатын мұғзижалар – кәпірлерді жөнге салу, мүмін жандардың ықы­ласын арттыру үшін болған Аллаһ тағаланың таңғажайып құбы­лыстары. Бұл ерекше құбылыс тек Алланың өзі таңдаған Пайғам­бар­ларына ғана тән. Мұндай қасиетке ешқандай ғалым ие бола алмайды. Әрі бұл мұғзижаларды жаратылыс шеңберіндегі физика, химия, биология сынды ғылым дәлелдерімен мәніне жетіп, түйінін таба алмаймыз. Себебі, бұл дүниенің ғылымына, жаратылыс ұғымына сыймайтын Жа­ратушының тарапынан елші­леріне берілген құбылыс. Яғни, жаратылыс заңдылықтары емес, иләһи заң­дылықтарға ғана тән.

Елді аузына қаратқан таңғажайып мұғжизалар қатарында ардақты Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы бір уыс тамақтың берекеті асып, мың адамға азық болғаны, шөлде қалған кезде саусақтарының арасынан атқылап аққан судан үш жүздей сахабаның сусындағаны әрі дәрет алғаны жайлы деректерді келтіруге болады.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мүшріктердің төбесіндегі айды екіге жарғаны – адамзат баласын қайран қалдырған уақиға еді.
Бұл уақиға былай басталады:

Бір күні Әбу Жәһил мен Уәлид ибн Мұғира бастаған бір топ мүшрік Пайғамбарымызға келіп: «Егер сен, шын пайғамбар болсаң, бізге аспандағы айды екіге бөліп көрсет. Айдың бір жартысы Әбу Құбайыс тауының, екінші бөлігі Құайқан жотасының үстінен көрінсін» деген талап қояды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Осы тілектеріңді орындасам, иман келтіресіңдер ме?» деп сұрады. Олар: «Иә, иман келтіреміз» деп жауап берді.

Осы кезде Айдың дөңгеленіп толған сәті еді, яғни, он төртінші түні. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Аллаһ тағаланың бұйрығымен айға қарай қолын созып, сұқ саусағымен ортасынан бөлгендей ишарат жасады. Пайғамбардың осы әрекетін күтіп тұрғандай-ақ, Ай дәл ортасынан екіге бөлініп, мүшріктердің сұрағанындай, жартысы Әбу Құбайыстың, жартысы Құайқанның төбесінен көрінді.

Ардақты Пайғамбарымыз айна­ласындағыларға: «Куә болыңыздар! Куә болыңыздар! Әнекей, төбе­леріңізге қараңыздар!» деп дауыстады. Мұндай ғажайып құбы­лысты күтпеген мүшріктер пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) бұл айқын мұғжизасына сиқыр деп қарсы шығады. Ауыл сыртынан келген адам­дардан «Айдың екіге бө­лін­генін көр­діңдер ме?» деп сұраған уақытта олардың «көрдік» деген өз нәпсілеріне жақпайтын жауаптарына тап болып, амалсыз «Мұның сиқыры айға да әсер етіпті» деп тот басқан жүректері міз бақпастан, теріс айналды.

Иә, Аллаһ жүректеріне қара құлып салып қойған пенделер ешқашан да ол құрсаудан босана алмайды. Себебі, ниетіне қарай қалауын беретін де, өзіне жүзін бұрып қадам басқан жанға қарыштап жақындайтын да, тіптен, жер бетіне түскен әрбір жапырақтың өзін Өзінің қалауымен түсіретін Жаратушы Жаббар иеміз.

Осы себепті, мұғжиза дегеніміз кез келген адамның қалаған уақытында көре алатын, істей алатын дүниесі емес, бәлкім, бұл – Аллаһтың өзі таңдап, пайғамбарлық жүгі мін­дет­телген құлдарына ғана тән құ­бы­лыс. Және де мұғжизаны жаратып отырған әлемді жаратушы Аллаһ екенін қаперде ұстар болсақ, сәл де болса ақылға салып, «бұл мүмкін емес» деген күмәнға әсте бармауымыз керек. Себебі, мүмкін емес нәрсе – бүкіл Құдіретті игеруші Аллаһ тағала үшін ешнәрсе емес. Бүкіл әлем Оның иелігінде. Суретшінің иелігінде – қаламы мен бояуы, қалай салса да өз еркі, ұстаның қолындағы сайманы да ұстаның қалауына сәйкес мүсін жасар болса, бүкіл әлемді жаратушы Алланың иелігінде осының барлығы да бар. Біз де Оған тәнбіз және оған қайтарыламыз. Сол себепті де сөз соңын хакім Абай атамыздың кестелі ойымен түйіндер болсақ, «шектеулімен шексізді ойлау»  мүмкін емес.

 Асхат СӘЛИМОВ,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button