Әлеумет

МҮШЕЛДІ ҚАДЕЛЕУГЕ МӘН БЕРІЛСЕ

Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкер-қор сақтаушысы

1-80

Он төрт жасымда әкем нақұрыс болатын, мен сол кезде оған зорға шыдайтынмын, жиырма бірге келгенімде жеті жыл ішінде қарияның ақылы осыншама толысқанына таң қалдым.

Халқымыз ежелгі замандарда пайдаланған тәңірлік, айлық (лунный) немесе жалпы шығыстық күнтізбе (календарь) 12 жылдық циклдан тұрғаны баршаға белгілі. Өйткені, Күннің аспан белдігіндегі бір жылдық қозғалыс шеңберін Юпитер планетасы тек 12 жылда 1 рет толық айналып өтеді. Сондықтан, бұл күнтізбе – ғарыш заңдылықтарынан туындаған, ғылымға негізделген және ғасырлар бойы тексеріліп, дұрыстығы тәжірибеде дәлелденген маңызды мерзім өлшемі. Мүшелдің он екі жылы абстракциялық түрде 12 хайуанаттың: тышқан, сиыр, барыс, қоян, қасқыр, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит және доңыз атымен аталады.

Өткен ХХ ғасырдың ортасынан бастап дүниежүзінде Шығыс күнтіз­бесіне қызығушылық артып келеді. Бұл – оның өміршең әрі сұранысқа сай екендігінің белгісі. Сондықтан, мүшелді ғұмырнама компасы ретінде күнделікті тұрмыста пайдалануға әбден болады. Мерейтойларға негіз болып жүрген дөңгелек даталар нөл мен 5-ке аяқталғанымен, олар өмір кезеңдерінің сырын ашпайды.

Ғылыми тұрғыдан қарағанда мінез-құлықтың негізі – адам темпераментінің мейлінше кереғар түрлері жетеу. Олар: эмоциялы (әсершіл-күйгелек), динамикалы (албырт-жайдары), лабильді (жылпос-елгезек), пластикалы (биязы-жалтақ), статикалы (сабырлы-маңғаз), инертті (қыңыр-тұйық) және сенситивті (өкпешіл-сезімтал) көңіл-күй.

Психика, мінез бен қылық типтерінің саны жетіге тең. Өйткені, бұл типтердің жеті дәрежелі әмбебап жіктемесі 3 типологиялық топтан шығады. Мінез-құлықтың 3 типологиялық тобына – адам өмірінің ең басты үш кезеңіне: динамикалы жұлқынған қылық – жастық, пластикалығы – ересектік, инерттігі кәрілікке сайма-сай келеді. Темпераменттің 7 типіне өмірдің жеті кезеңі сай келеді: мейлінше эмоциялығы – сәбилік, барынша динамикалығы – балалық, тым лабильді – жастық, мейлінше пластикалығы – марқай шағы, барынша статикалығы – егделік, барынша инертті – кәрілік және барынша сенситивті – қарттық.

Адамның ең айғай-шулы ұшқалақ, көз жасы көл эмоцияға толы ғұмыр кезеңіне тек бір ғана жылдың бөлінген себебі, бұл – балалықтың ең интенсивті кезі.

 

Бала сәби кезінде (1 жасқа дейін) өте тез дамиды. Оған тоғыз айлық эмбрионалдық іштегі жатыр кезеңін қосқанымызда, осы қысқа мерзім өзінің маңызы жағынан келесі бір мүшел – 12 жылдыққа парапар.

Философ Артур Шопенгауэр: «Баланың бір сағаты қарттың бір тәулігінен ұзақ» деген.

Бір жасқа дейінгі кезеңге барлық халықтар ерекше назар аударады. Мысалы, қазақ халқы бір жаста баланың «тұсауын» кеседі. Кейбір шығыс елдерінде бір жасқа толмаған баланы санға да қоспайды (корей, т.б. ұлттар адамға өмірде екі рет үлкен құрмет көрсетеді: 1 жаста, содан соң 61 жасында). Сәби психикасының үлкендерден ерекшелігі – мейлінше эмоциялығы.

Өмірдің алдау-арбау, қайғы-қасірет, дос-қас, бай-кедей сияқты қайшылықтарынан бейхабар, сондықтан да уайымсыз, кіршіксіз таза сәбилік кезеңіне қатысты Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Мен, сыйлар деп дүние, келдім, міне. «Бір жас» деп есігіңнен ендім, міне. Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін. Не қылсам да, басымды бердім, міне!» деген еді.

 

Балалықты (1 – 13 жас аралығы) шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады: 1-3 жастағы – яслилік («бүлдірген»), 3-7 жастағы – балабақшалық («бүлдіршін») және 7-13 жастағы – бастауыш мектеп оқушылары («балдырған»).

Бұрын-соңды қалыптасқан арнаулы терминдері болмағандықтан, біз балалық бірінші мүшелдің үш кезеңіне өзімізше атау қойып отырмыз. Бұл түсініктердің де өзіндік сыры бар: бала үш жасқа дейін толық аяқтанады. Бір жаста тәй-тәй басқан ол, кейін құлын-тайдай шапқылап жүгіріп кетеді. «Бүлдірген» деген жидек аты болса, адамның уылжыған осы кезеңін дәл сипаттайтындай.

Осы сөздің мағынасына үңілсек, 1-3 жас аралығындағы бала өз ісіне әлі жауап бермейді. Аяғы жерге тигеннен-ақ, адамдар қоршаған ортаны өздері зерттей бастайды. Ол тынышсызданып, қолына түскен дүниені бүлдіреді, сындырады, тіпті, тістеп те, жеп те көреді. Бұны ғылымда «бағыт-бағдарлық зерттеу инстинктері мен рефлекстері дейді. Бұл – бала түйсігінің қарқынды дамуының салдарынан болатын құбылыс.

3-7 жастарда бала әбден қара құлақ­та­нады. Басқаша айтқанда, ол көп сөзді түсініп қана қоймай, өмір бойы есіне сақтайды. Осы бір ми мен жүйке жүйесінің дамуындағы жауапты кезеңде үлкендер баламен барынша көп сөйлесуі аса қажет. Бұл – нағыз «құймақұлақ» кезең. Сондықтан, біз осы бүлдіршіндермен дұрыс диалог құрып, іштарта сөйлесуге міндеттіміз. Орта есеппен балалар 7 жастан хат тану ісіне еркін бейімделеді.

Ал, 7-13 жас аралығындағы бала кітап оқу мен жазу-сызу жұмыстарына барынша икемді болады. Бұл кезең – нағыз балдырған шақ.

«Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он үшке келгенше құлыңдай қина, он үштен асқасын құрдасыңдай сыйла» деген өмірлік тәжірибеден туындаған халық нақылының ғылыми негізі жоқ емес.

 

Жастық шақта (13-25) психиканың жоғары динамизмі әлі де сақталады. Бірақ, балалыққа қарағанда бұл кезде мінез-құлықта пластика қасиеті пайда бола бастайды. Осы дәуірде мінездің екі бірдей құнды сипаты – динамика мен пластика қосақтала басым түрде қызмет етеді. Соның салдарынан жастық шақта балалыққа қарағанда, албырттық пен тікмінездік, ұстамдылық пен мәмілегерлік сияқты қасиеттер қатар орын алады.

Абай ерекше мән берген  ғұмырымыздың екінші мүшелі: «Есіңде бар ма жас күнің, көкірегің толық, басың бос. Қайғысыз, ойсыз, мас күнің, кімді көрсең, бәрі дос».

13-17 жастағы жеткіншек (бозбала) тек бүлдіршіндей естіп немесе балдырғандай оқып қана қоймай, сөздің төркінін түсінетін дәрежеге жетеді. Ол оқиғаның ішкі мағынасына көңіл бөле бастайды. Мысалы, астарлы сөзді ұға алады. Өйткені, ол абтракция­лы түрде ойлау қабілетіне ие болады. Осындай кәмелетке келіп қалған 17-21 жастағы жасөспірім әртүрлі күрделі білім саласын игере алады. Бұл кезде олар орта немесе жоғары оқу орындарына түсіп, студент болады.

21-25 жастағы ержеткен азамат жас маман немесе магис­трант болып ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдана алатын зердесі толыққан тұлға деңгейіне жетеді. Осы кезден бастап олар қоғамға пайда береді. Өрлік пен жанпидалық ерлік те оларға жат емес, орайы келгенде тіпті заңды болмыс іспетті көрінеді. Өнегелі тұлғалар тағдырын ескерсек, өмірдің мәні – тіршіліктің санында емес, сапасында.

Жалынды жастық шақты Біржан сал: «Жасым бар жиырмада жасырмаймын. Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын. Егер де дұшпан сөзі өтіп кетсе, сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын!» деп, әніне арқау еткен.

Қазақ пен Одақты қайран қалдырған Әлия Молдағұлова 18 жасында, Жанна Д’Арк –19, Мәншүк Мәметова – 20, Төлеген Тоқтаров – 20, Э.Галуа – 21, Ғани Мұратбаев – 22, Нүркен Әбдіров – 23, Н.Добролюбов – 25 жасында қыршын кетті.

 

Ересек (25-61) адамның психика процестерінің шапшаңдығы жастық шаққа қарағанда бірсыдырғы баяулау болғанымен, ол психика пластикасы жағынан жоғары тұрады. Бұл жаста адам өзін-өзі ұстай алады, мінезде салқынқандылық пен қулық та пайда бола бастайды. Өмірлік тәжірибе жинап, оны пайдалана біледі. Ересек шақтың да үш кезеңі бар: бастапқы – машықтану, орта – кемелдену және кейінгі – мосқалдану. Бірінші кезеңде мінез-құлық барынша лабильді болса, ал үшіншісінде ол статика жағына ауытқиды.

Ересектіктің бастапқы кезеңінде (25-37) психофизиологиялық процестердің жоғары динамизмі пластикалы түрде жүреді. Бұл – үшінші мүшел. Басқаша айтқанда, мұндай психика – суперпластикалы. Соның салдарынан бұл кезеңде адамның белгілі бір мамандыққа өте тез машықтанып кетуіне мүмкіндігі мол. Шығармашылық тұрғыда осынау ширақ кезең барынша жемісті болып келеді. Талай ғұламалардың интеллектуалдық мүмкіндіктерінің шыңына дәл осы кезеңде шыққандарын біз тарихтан жақсы білеміз. Ақындар – артына өлмейтін сөз, сазгерлер – музыка, суретшілер – қылқалам туындыларын, ал ғалымдар ұлағатты ой қалдырды. Еуразия халықтарында 37 жас тағдыр талайындағы ерекше меже ретінде танымал. Академик М.Айтхожин 37 жасында Лениндік сыйлық алған.

Сондай-ақ, Шолпан Иманбаева – 26 жыл, Нильс Абель – 27, М.Лермонтов – 27, Сұлтанмахмұт Торайғыров – 27, Ш.Бекмағанбетов – 27, В.Цой – 28, Шоқан Уалиханов – 30, С.Есенин – 30, Т.Айбергенов – 30, Майра Уәлиева – 31, А.Македонский – 33, Смағұл Садуақасов – 33, А.Грибоедов – 34, В.Чкалов – 34, Ю.Гагарин – 34, В.Моцарт – 35, Дж.Байрон – 36, принцесса Диана – 36, Малик-Шах – 37, А.Пушкин – 37, Ван Гог – 37, В.Белинский – 37, А.Рембо – 37, В.Маяковский – 37, А.Гайдар – 37 жыл өмір сүрді.

Ересектіктің орта кезеңі (37-49) – өмірдің де жерортасы осы төртінші мүшел. Бұл кезде мінез-құлық барынша пластикалы. Ол – әр адам өмірінің «алтын дәуірі», өйткені, осы кезеңде өмірлік тәжірибе, білімділік пен кәсіби машықтану деңгейі ең жоғары сатыға көтеріледі. Осы жаста адамның өзіндік әлеуметтік бағыт-бағдары, тұрмыс-жағдайы болады. Бұл кезең – әлеуметтік есеюдің жоғары сатысы, адамның барынша кемелденген шағы, өмірді танудың ең биік белесі, шырқау шыңы саналады.

Көне түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұн бұл хақында: «Қырықтың қырқасы – о бастан меже жер. Бағыттас соққан  ілеспе жел: енді кері, болды кедер» деп жазған.

Елуге жетпеген арыстар: Мұса Жәлел 38-де болатын, Сәбит Дөнентаев (39), Эрне́сто Че Гева́ра (39), Джэк Лондон (40), А.Блок (41), Ф.Магеллан (41), Махамбет (42), Жүсіпбек Аймауытов (42), Н.Нұрмақов (42), Джо Дассен (42), В.Высоцкий (42), Н.Гоголь (43), І.Жансүгіров (43), Сабыр Рахимов (43), А.Чехов (44), С.Сейфуллин (44), Тұрар Рысқұлов (44), Б.Майлин (44), Қасым Аманжолов (44), С.Әшімбаев (44), Б.Спиноза (45), Кенесары (45), А.Иманов (45), М.Жұмабаев (45), К.Байсеитова (45), М.Мақатаев (45), И.Шиллер (46), Дж.Кеннеди (46), Аттила (47), Бабур (47), Исатай (47), Т.Шевченко (47), А.Колчак (47), П.Кюри (47), С.Юлаев (48), Ы.Алтынсарин (48), Л.Корнилов (48), Эдит Пиаф  (48), Ш.Фуко (49), Ф.Дзержинский (49), Санжар Асфендияров (49).

Ересектің кейінгі кезеңінде (49-61) мінез-құлық пластикалы болғанымен, психодинамика процесінің қарқыны едәуір бәсеңдеп қалады. Бұл – бесінші мүшел. Мұндай психика субпластикалы болады. Бұл кезде мінездің астарына сақтық қосыла бастайды. Ол енді бұрынғыдай кеуде соғуды бәсеңдетеді де, сыпайылыққа көшеді. Сырт көзге мұндай адам инабаттылығымен ерекшеленіп тұрады. Халықта бұл кезеңді «екінші жастық» деп те атайды. Өйткені, бұл кезеңде адам алғаш рет өткен өміріне ойлы да сын көзбен қарай бастайды. Жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен, тіпті, киген киімімен кейде жастарға еліктеп те көреді. Ертеде аталарымыз осы кезеңде қайта үйлену жағын да ойластырған… Әрине, олар іштей қарттыққа дайындалуды да ойлайды.

Елуден асқан саңлақтар: Міржақып Дулатов 50 жаста көз жұмған, М.Джексон (50), Ж.Б.Мольер (51), О.Бальзак (51), Мұстафа Шоқай (51), Е.Бекмаханов (51), М.Дулати (52), Б.Наполеон (52), В.Ленин (53), М.Ломоносов (54), Х.Колумб (55), Ұлықбек (55), Халел Досмұхамедов (56), Шәкен Айманов (56), Авиценна (57), Л.Бетховен (57), М. Ататүрік (57), А.Мицкевич (57), Мәлік Ғабдуллин (57), Евней Букетов (58), Абай (59), Стендаль (59), Г.Гейне (59), А.Науаи (60), Ф.Достоевский (60), Д.Боккаччо (61), А.Ампер (61), Г.Гегель (61), Н.Чернышевский (61).

 

Кәртең кезеңде (61-73) психика барынша статикалы. Мұндай сабырлы, салмақты алтыншы мүшелде жігіт ағалары басқаларға ақыл айтуды көбейтеді, кейде тым ақылгөйлікке де салынып кетеді. Тіпті, бұл «кемеңгерлерден» өз балалары да алшақтай бастайды. Сондықтан, олар немерелеріне ыстық ықылас білдіреді. Екінші жағынан, бұл жастағылар  көпті көріп, үлкен өмірлік тәжірибе жинайды. Дегенмен де, олар кей кезде маңайындағылардың мазасын алып, ығыр қылады. Өмірге қызу араласуға үйреніп қалған бұл (зейнеткер) топ тордағы арыстан секілді бірден тыныштыққа үйренісіп кете алмай, көпшілігі отбасы мен қоғамға әлі де пайдасын тигізгісі келіп шарқ ұрады.

Қырық екі жастағы Абай алда келе жатқан осынау кезеңді айнытпай сипаттап: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың – ашыған у, ойың кермек» деп толғайды.

Ахмет Жұбанов 62 жасында өмірден өткен, Ахмет Яссауи (63), А.Нобель (63), Н. Лобачевский (63), Біржан сал (63), Әнуар Әлімжанов (63), Қ.Сәтбаев (64), Жұмабай Шаяхметов (64), Хафиз (65), Ахмет Байтұрсынов (65), Әлихан Бөкейханов (67), Темірлан (69), Абылай хан (70), Б.Момышұлы (71), Шыңғысхан (72), Имам Шамиль (72), А.Ясауи (73), Шах-Джаһан (73), Ч.Дарвин (73), Л.Пастер (73), Мәшһүр Жүсіп (73), Шәкәрім (73), С.Мұқанов(73).

 

Кәрілік кезеңде (73-85) психика инерттілігімен ерекшеленеді. Жалпы, бұл уақытта мінез аса сабырлы бола бастайды. Адам аз сөйлеп, көп ойланады. Интровертті тұйықмінезділік өзінен-өзі келеді. Жас кездегі психика динамикасы келмеске кетеді. Психофизиологиялық процестер бұрын тау өзеніндей екпінді болса, енді олар дала дариясындай сабасына түседі. Ақылгөйлік біртіндеп көсемдікке ауысады. Осы жетінші мүшел – асқар таудай ақсақалдар жасы.

Ақан серіні қамықтырған кез де осы: «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан, ұстаймын екі қолдап таяғымнан. Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім, кәрілік келіп қалды қай жағымнан».

М.Ганди – 79, Ә.Марғұлан – 80, Л.Толстой – 82, Саади – 85, Г.Потанин – 85 жасқа келген.

 

Жалғасы бар

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button