Рухани жаңғыру

Музей мектептен басталса…

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген еді. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында бізге қазіргі керегі – ХХІ ғасырдағы рухани дамудың жаңа парадигмасын жасап берді.

Абай «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады» дейді. Капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байып, үстемдік жасап, руханиятты ұмытып кетті. Соның «жемісі» – дүниежүзілік дағдарыс. Біз енді рухани дүниені қайта жаңғыртуымыз керек.
«Нұр Отан» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде өзінің тарихи жауапкершілігін түсіне отырып, рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне, қазақ­стандықтардың азаматтық бел­­сен­ділігін жұмылдыруға, белгіленген межелерге қол жеткізу үшін қоғам­ды топтастыруда үлкен жетіс­тіктерге жетіп отыр.
Елбасы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып отыр. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, қаз басқан қасиетті мекені, өмір бақи тұратын өлкесі. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жерді аялау, атамекенді қастерлеу – қазақтың ұлт ретіндегі мәдени-генетикалық кодының негізі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Менің туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, «Темір» орта мектебінің тарихи өлкетану мұражайы 1967 жылы 17 мамыр күні құрылды. Алғашқы кезде мектеп коридорының бұрышы ағаш, фанерамен қағылып, ең бірінші жәдігерлер, өлкенің тарихы мен тұрмысын айқындайтын бұйымдар жиналды. Кейіннен мектеп ішінен арнайы бір бөлме берілді. Жазушы Дүкенбай Досжан 1969 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінің жаңа жылдық санында жариялаған мақаласында Отырар өңіріндегі «Темір» орта мектебінде үлкен тарихи маңызы бар «Отырар» музейінің негізі қаланды деп қуана жазды. Мектебімізде мұражай жанынан оқушылардың «Жас өлкетанушылар» үйірмесі жақсы жұмыс жасады. Осылайша, мұғалім Асантай Әлімовтің және жас өлкетанушылар, үз­дік оқушылар Асан Исаев, Рүстем Жұмабаев, Гүлбара Бай­ғотанова, Әлім Батырбеков, Жұмакүл Қалжанова, Рабаш Ахметова, т.б. жинақтаған экспонаттары, оқушылардың еңбектері арқасында мектеп мұражайының негізі қаланды. Ұйымдастырушы мен орындаушылардың жұмысы өзара тығыз байланыста болды. Жекеленген мектеп түлектерінің еңбек сүю, ұйымшылдық, тәртіп, игі істерге басшылық ете білуі, тарихшы ұстазына бағына білуі өз жемісін берді. Кейіннен бұл мұражай еліміздегі «Таңдаулы мектеп музейі» атанып, бірнеше рет арнайы марапатқа ие болды.
1968 жылы мектепке келген Қазақ КСР Ғылым академиясының мүшелері, филология ғылымының докторлары Ісмет Кеңесбаев, Ғайнетдин Мұсабаев былай деп жазды: «Қызылқұм ауданының Темір стансасындағы музейдің экспонаттарын көріп қатты риза болдық. Сіздің музейдің баға жетпес мәні бар. Социалистік мәдениетіміз бен ғылымымыздың игілігі үшін еңбектеріңіз жана берсін».
1979 жылы ақын, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Мұхтар Шаханов «Темір» орта мектеп мұражайын тамашалап, риза болып былай деп жазды: «Сорымызға қарай ғасырлар бойы ұмыт болып келген ұлы Отырар өлкесінен осындай үлкен музейдің ұйымдасуы қазақ халқының өміріндегі елеулі оқиға екені дау­сыз» деп пікір жазып қалдырған.
Міне, осылайша мектептен басталған музей қазіргі таңда елімізге белгілі үлкен архео­логиялық орталыққа, ғылым ордасына айналды. Тарихшы, ұстаз, өлкетанушы Асантай Әлімов мұражай құру арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, туған өлкені сүюдің, жастарды тәрбиелеудің үлкен орталығына айналдыра алды. Келесі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Еліміздің мәдени ескерткіштері мен ұлттық қолөнер туындыларының бір шоғырын жинақтап, сақтап қал­ған, отыз жылдан аса уақытта жанқиярлықпен еңбек еткен қарапайым ұстазды, «музей-адам» атанып кеткен Асекеңді елі жоғары бағалап, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай келіп тапсырып, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбегі сіңген қыз­меткері» белгісімен марапаттады.

Мектеп музейін республикалық қорық-музейге айналдырған Асантай Әлімов Рахымжан Қошқарбаевпен бірге

Жәдігерлерді қорғау мен жи­нақ­тау аясында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі жатыр. Алғашқы музей пайда болған Александрияда да сол кездің мұғалімдері шәкірттерінің жинақталған бағалы бұйымдары мен папирус кітаптарды және табиғаттың өзінен табылған әсемдіктерді көрсеткен екен.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан­ның брендін жасау жөнінде тапсырма берді. Олар: Берел мен Есік қорғандары, Түркістан мен Отырар. «Мәдени мұра» бағдарламасының жетістіктерін жоғары оқу орындары мен орта мектептердің оқу бағдарламасына енгізу бүгінгі күннің талабы деп ойлаймын. Темір ауыл округінің әкімі қызметінде жүріп Асантай ұстазымның атына көше беруге атсалыстым, туғанына 85 жыл толу мерекесін ауыл тұрғындары мектепте атап өттік. Мен ауыл округі әкімі қызметінде жүргенімде 2014 жылы еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үндеу жариялап, ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл үндеуде біз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы – қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болған тарихи бас­тама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.

Сон­дықтан мен облыстың аймақтық жобалық офисіне «Мектеп мұ­ра­жайы – тарих шежіресі және тәрбие» тақырыбында та­лап­қа сай паспорт дайындап, жоба жасап ұсындым. Менің ұсы­нысым Үкімет пен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапты. 2018 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің жеке қабылдауында болдым. 2018 жылдың қыркүйек айының 21-23 күндері Шымкент қаласында еліміз мектеп мұражайларының І форумы өтетін болды.

Облыстық Білім басқармасы форумды өткізуге тиісті қаржы бөлді, іс-шаралар жоспарын жасадық. Мектеп мұражайларының бола­шақтағы дамуы туралы ғалым­дардың, педагогтардың, мектеп мұражайларының меңгеру­шілерінің, студенттер мен мек­тептердегі музейлерге жәдігерлер жинақтауда белсенділік танытып жүрген оқушылардың қатысуымен өзім бастамашыл болып, 2016 жылы облыстық семинар және «Үздік музей» атты облыстық байқау өткіздік. Ұзақ жылдар бойы менің мұражайлар ісін дамытудағы, мұра және өнер туындыларын жинаудағы еңбектерім ес­керіліп, облыстық Мәдениет басқармасының ұсынысымен 2014 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Респуб­ликасы мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым.

Артықбай Үсембай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button