Қала тіршілігі

«Оңтүстік-Шығыс» тұрғындарын не толғандырады?

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың есептік кездесуі №74 мектеп-гимназияда жалғасты. Кездесуді қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов ашып, жүргізіп отырды.

Ауданда өткен жылы атқарылған, осы жылға жоспарлан­ған жұмыстар жөніндегі әкім­нің есебінен кейін қаланың «Оң­түс­тік-шығыс» аумағының оң жағында орналасқан көшелердің тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойды.
Ақсұңқар көшесі, 6-үйдің тұр­ғыны Гүлжаһан Жам­былова су мен кәріз жүйе­леріне байланыс­ты туындап жатқан мәселелерді жеткізді. А.Байтұрсынов көшесі, 41-үйдің аумағындағы проблема да соған ұқсас. Яғни кәріз жүйесі жиі бітеліп, паркингті су басып кетеді. Алдындағы мекенжайда бұл жүйелердің «Астана су арнасы» МКМ балансына алынбағаны анықталды. Аудан басшысы қол астындағы қызметкерлерге аталмыш компания өкілдерімен бірге көрсетілген мекенжайларға барып, жағдаймен танысуды тапсырды.
Т.Жүргенов, А98 көшелерінен А.Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралық жарықтандырылып, бағдаршам да орнатылған. Алайда көлік иелері соны елемей, халықты жолдан өткізбей, жүйткіп жүр. Бұл жағдай өмірлеріне қауіп тудырып жатқанын жеткізген тұрғын сол маңайға «Сергек» бейнекамераларын орнатуды өтінді. Ә.Сәрсембаев қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы өкілінен оның мүмкіндігін сұрады. Басқарма өкілінің «Жағдайды қарастырамыз» деген жауабына қанағаттанбаған соң: «Міне, өтініш түсіп жатыр. Мәселені қарастыратын несі бар? Үш камера орнату көп уақытты алмайды. Алдағы екі айда мұны шешіңіздер» деді.
Екінші топ мүгедегі Нұрлан Әубәкіров А98 көшесіндегі 9/1-үйдің бірінші-екінші қабаттары мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналғанын, сонда 50-60 шақты мүгедек тұратынын айтып, осы үйден осындай тұрғындар бос уақыттарын өткізетін орын ашуды ұсынды.
Аудан әкімі бұл мәселені жа­қында тағайындалған ауданның Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасымен бірге қарастыратынын айтты.
Кездесуде аумақты абаттандыру, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салу, банкомат орнату, №2 балалар емханасына тікелей апаратын автобус бағдарын енгізу, К.Әзірбаев көшесінен Р.Қошқарбаев даңғылына шығаратын жолды салу сияқты өтініштер айтылды. Ә.Сәрсембаев бұл мәселелер рет-ретімен шешілетінін жеткізді.
Кеше Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев тұрғындармен есепті кездесуінің соңғы күнін қорытындылады. Жиынға қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов пен Премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы Асқар Ғазалиев қатысты.
Бұл кездесуде тұрғындар тарапынан соншалықты белсенділік байқалған жоқ. Мәселен, Бейімбет Майлин көшесіндегі №29 үйдің тұрғыны: «Біздің ауламызда балалар ойнайтын алаң жоқ. Осы мәселені сегіз жылдан бері көтеріп келемін. Бұл қашан шешіледі?» деп сұрақ қойды. Оған аудан басшысы бұл ойын алаңы биыл салынатындығын айтты. Көшедегі тротуарларды мүмкіндігі шектеулі адамдарға ла­йықтап жасаса екен деген өті­ніш айтқан тұрғынға Қосман Айтмұхаметов бұл мәселенің қа­рас­тырылатындығын жеткізді. Жиында кейбір азаматтар аудан басшысына ризашылығын білдірді. Тұжырып айтқанда, бір апта бойы тұрғындармен кездес­кен Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев мәселенің бәрі аяқсыз қалмайтындығын айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button