Жаңалықтар

Опера қалай өрісін ашпақ?

«Астана Опера» мемлекеттік Опера және балет театрының әлемдік тұсаукесері аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ» деп аталатын ауқымды шараға Англия, Италия, Испания, Ресей және Қазақстан театрларының директорлары мен дүниежүзінің жиырма бес елінен белгілі театр сыншылары қатысты. 

Басқосуда операның әлемдік мәдениет кеңіс­тігіндегі орны, білім беретін театрлық бағдарламалар және жас әртістерді Еуропада оқыту, ірі театр­ларды басқарудың жаңа әдістері, көрнекті орын­даушылардың тарихи мұрасы мен өзге де өзекті тақырыптар талқыланды.
Конференцияда Саймон Роби, Николас Пэйн, Шицзинь Цянь, Мариса Веласкез, Барбара Мингетти, Фернандо Санс Ривьер, У.Р.Жұмақова сынды әлемге танымал театр майталмандары өз тәжірибелерін ортаға салды. «Қазақстандағы опера өнері биік деңгейде дамып келеді. Оған басты айғақ – «Астана опера» театрының ашылуы. Біз жиында өзара тәжірибе алмастық. Осындай конференциялар өте керек деп ойлаймын» дейді П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Кузнецов.
Ал астаналық театрдың директоры Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, көрермен мен театрдың қарым-қатынасы – әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Өскелең ұрпаққа операға деген сүйіспеншілік дәнін егу маңызды. Оны оқушылар мен жастарға арналған білім бағдарламасына енгізу театр жоспарында бар екенін де атап өтті. «Кейінгі буынды музыкалық мәдениетке баулу арқылы білім беру міндетті түрде тұлға ретінде қалыптасуға септігін тигізеді» дейді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button