8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Отоларингологияны дамытқан дәрігер

Елімізде отоларингология саласын дамытуда білікті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Гүлмира Мұхамадиеваның еңбегі зор. Бүгінде елордадағы №1 көпсалалы қалалық аурухананың отоларингология орталығын басқаратын дәрігердің құлақ, тамақ, мұрын және бас пен мойын ауру­ларын емдеп жүргеніне биыл 30 жыл.

[smartslider3 slider=2347]

Аталған орталық – ­республика бойынша лор дәрігерлер дайындау және отоларингологияда шұғыл ем көрсету бойынша мекемелердің көшбасшысы. Гүлмира Амантайқызының басшылығымен отоларингология бойынша республикалық деңгейде бірегей оталар жасалған. Атап айт­қанда, СО2 лазері арқылы жұтқыншақтағы ісікті эндоскопиялық жолмен алып тастау, эндолимфатикалық қапты тұйықтау, петрозэктомия, бас пен мойын тамырларының эмболизациясын пайдалана отырып, мұрын қуысы гемангиомасын алып тастау, естуді жақсартатын түрлі оталар. Олардың бәрі де заманауи құрылғы және шағын аспаптар арқылы жасалады.

Ақмола облысында дүниеге келіп, осында медициналық жоғары оқу орнынан отоларинголог дәрігер мамандығын алып шыққан Гүлмира Мұхамадиева 2008 жылы докторлық диссертация­сын қорғап, көп жылдар медициналық білім беру саласында еңбек етті. 1994-2015 жылдар аралығында Мәскеу, Санкт-Петербург, Израиль, Польша, Франция, Италия, Испания және Германияда отоларингология саласынан айлық оқыту курстарынан өтіп, үнемі білімін жетілдіріп отырды. Қазіргі орталықты 2010 жылдан бері басқарады.

– Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында лор дәрігерлер жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін жас мамандарды әлеуметтік пакеттер ұсыну, соның ішінде тұрғын үй мәселесін шешуге көмек беру арқылы тарту көзделуде. Орталықтың 2022 жылғы жоспарында көмей, кеңірдекке реконструктивті ота жасауды енгізу, есту мүкістігі кезінде электромагнитті имплантат қою, нейромониторинг аппаратын енгізу, лор бойынша шетелдік клиникаларда біліктілік арттыру, нейро-вестибулотомия және т. б. жұмыстар қарастырылған, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар Қазақ­станда лор қызметін жақсарту үшін қосымша ұсыныстар да береді. Ол еліміздегі барлық лор дәрігерлер жыл сайын отоларингологиялық көмек көрсетудің барлық түрлері жолға қо­йылған клиникалар, атап айтқанда, елордадағы №1, 2 көпсалалы қалалық ауруханалар базасында офлайн форматта біліктілік арттыру курстарынан өту керек деп санайды. Соған қоса отоларингология және сурдология бойынша клиникалық шығын топтарының тарифін қайта қарауды ұсынады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button