Елорда тынысы

Парламент пен үкіметке тапсырма жүктеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы сайлануына байланысты Үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын айтты. Сондай-ақ Үкіметтің атқарған жұмысына қысқаша тоқталып, шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өскенін, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалғанын  жеткізді.

Президенттің айтуынша, мұның бәріне билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткізілді. Осы ынтымақтастықты нығайтып, Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.

Жиын соңында Президент Премьер-министрдің кандидатурасын Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ мәмілеге келгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Ата заңының 44-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайловтың кандидатурасын ұсынды.

Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.

***

Мәжіліс депутаттары Премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындауға келісім берді. Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді. Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оның кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button