Sport

«ҚАЙРАТ» ХАЛЫҚ КОМАНДАСЫ МА?!

wHjH5-r1zrE

Кеше футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында кезекті турдың ойындары өтті. Турдың басты матчы «Астана Арена» стадионында өтті. Жанкүйер қауым қазақстандық дербиді көрді. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойында жеті (!) доп соғылды.

Ойын  4:3 есебімен аяқталды. Жеңімпаз – «Астана»! Бірінші таймда төрт гол соғылды. Есепті Георгий Жуков ашты. Ол қонақтардың айып алаңының ортасынан шірене тепті. Ала доп қақпа торына тулап түсті. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ котдивуарлық Гоу есепті теңестіріп кетті. Бірінші тайм аяқталар тұста «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан мергендігімен көзге түсіп, Вайсс командасы алға шыққан. Бірақ, арада бір минут өтпей сербиялық Неменья Максимович «Қайрат» қақпасына керемет гол соқты. Оның баспен ұрған соққысына қақпашы тосқауыл бола алмады. Сөйтіп, командалар үзіліске 2:2 есебімен тарқасты.  Екінші таймда да тартысты бәсеке жалғасты. Сол Жерар Гоу командасын алға шығарды. Бауыржан Жолшиев қарымта қайтарды. Есеп 3:3. Осы тұста алаң жиегіндегі бапкерлердің де, трибунадағы клуб басшыларының да, футболшылардың да қатты қобалжығаны байқалды. Жанкүйерлер болса дауыс жеткенше айғайға басып жатыр. Екінші таймның ортасынан аса ойынға қосылған, біраздан бері жарақатынан айыға алмай жүрген Танат Нөсербаев дәл осы ойында нағыз капитандығын танытты. Ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Нөсербаев «Қайрат» қақпасына өте әдемі гол салды. Есеп 4:3 болды. Қонақтар қанша тырысқанымен осы көрсеткіш өзгермеді. Сөйтіп, жанкүйер қауымды аса қызықтырған ойында астаналықтар жеңіске жетті.

   Биылғы чемпионатты «Қайрат» – халық командасы» деп ұрандатып бастаған алматылықтардың екпіні шынымен де күшті. Жақсы ойыншылармен жасақталған «халық командасы» былтырғы біріншіліктің соңында сүрініп, көздеген алтын жүлдені уысынан шығарып  алған еді. Сол өкініштің орнын биыл толтыруды мақсат тұтқандары байқалады. Футболшылары да, жанкүйерлері де осындай оймен жүргендері және аңғарылады. Алайда, басқа командалар да қарап қалмасы анық, өйткені, әр аймақтың жанкүйері өз командасын «халық командасы» санайтыны белгілі. Демек, «халық командасы» болу үшін чемпион болу керек-ақ. Содан барып Еуропаның клубтық турнирлерінде ел намысын қорғауы тиіс. Қорғағанда абыройлы ойын көрсете білсе…  Осындай мақсатқа ұмтылған команданы, ұлт намысын көтере білген команданы, әрине, бәріміз де «халық командасы» деуге бармыз. Олай болса, ондай команданы  күзге дейін күтуге тура келеді.

   Турдың басқа ойындарында мынандай көрсеткіштер тіркелді:

«Ақтөбе» – «Жетісу» 2:0, «Атырау» – «Оқжетпес» 2:1, «Тараз» – «Тобыл» 1:0, «Ордабасы» – «Қайсар» 0:0, «Шахтер»-«Ертіс»  2:2.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button