Қоғам

Қайырымдылық эстафетасы

Елорданың «Aspan» спорт кешенінде Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, Қазақстан белбеу және ұлттық күрес түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен «SOS балалар ауылы» тәрбиеленушілері арасында жеңіл атлетикадан қайырымдылық эстафета жарысы өтті.

Жарысқа Қазақстан белбеу және ұлттық күрес түрлері қауымдастығының президенті, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов және белгілі рекордшы Сергей Цырульников қатысып, балаларға жарыс жолында сәттілік тіледі.

Қайырымдылық шараға Алматы аудандық полиция басқармасы, қалалық «Бұқаралық спорт іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу» дирекциясы, «Astana Art Group» ЖШС демеушілік көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

«Бұл қайырымдылық эстафета жарысы тек бастамасы деп білейік. Балалар жылы аясында өтіп жатқан шарамыз алдағы жылда да өз жалғасын табады деп сенеміз» деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Е.Корбозов.

Қайырымдылық эстафетаға 30-ға жуық «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілері қатысты. Олар эстафета таяқ­шалары арқылы бірнеше кедергіні еңсерді.

Шара барысында Астана қаласының каратэ шеберлері киокушинкай кан каратэнің қойылымын көрсетті.

Сондай-ақ жарыс алдында балалар елімізге танымал қара күш иесі – Сергей Цырульниковтің да өнерін тамашалады. Ол алдымен өзінің 27 келілік қылышын жігіттерге бір қолымен тік көтертті. Ал нәзік жандыларға шар ұстатып, өзі резеңке жылытқышты үрлеп жарысты. Бұл тапсырманы рекордшының өзі бірінші орындап, көпшілікті таңғалдырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «SOS Қазақстан балалар ауылдарының» бірі Астана қаласында болса, қалған екеуі Алматы мен Теміртау қаласында орналасқан. Балалар қарапайым қалалық мектептерге барып білім алады, үйірмелерге қатысады.

«SOS Астана балалар ауылы» жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық етеді. Яғни қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, балалары бар SOS отбасыларға көмектесетін отбасын қолдау орталығы.

Жарыс соңында эстафетаға қатысқан балаларға медаль, естелік сыйлық және демеу­шілер атынан сертификат табысталды.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button