ӘлеуметБасты ақпаратДенсаулық

ҚАНДАЙ СУ ІШІП ЖҮРМІЗ?

Жұртшылық үйдегі краннан ағып тұрған судың сапасына сенбей, дүкеннен су сатып алып немесе сүз­гіш қойып, әуреге түсіп жатады. Шынымен де елордалықтардың тұ­тынып жүрген ауызсудың сапасы қандай? Жалпы Астана тұрғындары тіршілік нәрі – судың қадірін біле ме? Қандай да бір құбыр жарыла қалса, күннің ыстық-суығына қарамай, күні-түні жұмыс істейтін мамандардың қажырлы еңбегін бағалап жүрміз бе? Міне, тұрғындар тіршілігінің негізгі тетігі – судың төңірегінде осындай сан-салалы мәселелер бар. Жақында «Астана су арнасы» мем­лекеттік коммуналдық кәсіпорны ұйымдастырған пресс-тур барысында көкейде жүрген бірталай сауалдарға жауап тапқандай болдық.

erm_9635

ЕЛОРДАЛЫҚТАР СУДЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

Қала халқы тұтынып отырған ауызсу мен техникалық судың түгелге жуығы елордадан 50 шақырым алыста жатқан Астана су қоймасынан (Вячеславка) алынады. Тек шамамен 1 пайызы ғана жерасты су көздеріне тиесілі. Астана су қоймасынан келіп жеткен су алдымен сорғы-сүзгі стансасына келіп құйылады. Ол жерден техникалық қоймаға жөнелтіледі. Сосын №1 және №2 блоктарға жіберіледі. Одан соң химиялық тазартудан өтіп, кварц құмы мен керамзитті тұндырғыш арқылы сүзгілерге жіберіледі. Ол жердегі су то­лықтай залалсыздандырылып, сәулелендіріліп, арнайы ыдысқа құйылады. Тек осыдан кейін тұтынушыларға жеткізіледі. «Өкініштісі, ауыр еңбекпен келген жұмысымызды тү­сінетіндер аз. Біздің қоғам судың маңызын әлі де түсін­бей отыр. Қала тұрғын­дары үнемдеуді білмейді. Елор­далықтар суды бейбере­кет төгіп, босқа ысырап етіп жатыр» дейді «Астана Су арнасы» мекемесінің бас директоры Уәлихан Досаев.
Досаевтың айтуынша, әсіресе, қаладағы көлік жуатын нысандар қатты зиян келтіріп отыр. Заң талаптары бойынша мұндай нысандардың базасында суды тазартып қайта пайдаланатын қондырғы болуы тиіс екен. «Бірақ оны ешкім жасап отырған жоқ. Қаладағы көлік жуатын жерлер ауызсуын пайдаланып отыр. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде тонналап су төгетін мұндай мекемелер 50 теңгесін әзер төлейді. Пресс-турымыздың басты мақсаты да осы – қала тұрғындарының суға деген көзқарасын өзгертіп, үнемшілдікке шақыру» дейді мекеме басшысы.

СУ ХЛОРСЫЗ ТАЗАРТЫЛАДЫ

Пресс-тур барысында елор­далықтар тұтынып отырған су сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Мекеме басшысының айтуынша, астаналықтар сапасы өте жоғары су тұтынады. «Астананың суы өте сапалы. Арнайы зертханада мамандар күніне судан 200 рет сараптама алады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар бұл мәселені үнемі бақылауда ұстайды. Сондықтан үйдегі кранда ағып тұрған су ішуге жарамды. Жұрттың көбі судан кермек дәм шығады деп шағым айтады. Алайда бұл хлордың дәмі емес. Осы жылдың маусым айынан бері хлор пайдаланбайтын болғанбыз. Оның орнына натрий гипохлориді қосылады. Бүгінде қаламызда «Таза», «Кристал», «Халал» деп белгі соғып, литрін 10-15 теңгеден саудалап отыр­ғандардың барлығы біздің су. Ешқайсысы да ұңғымалар мен бастау көздерінен алып отырған жоқ. Олар тиісті құрал- жабдықтар арқылы суды өңдеп, бағасын көтеріп қайта сатады» дейді У.Досаев мырза.
Бұрын тіршілік нәрін тазарту үшін сұйық хлор пайдаланылған. Бұл өз кезегінде адам денсау­лығына белгілі мөлшерде зиянын тигізіп келген-ді. Сонымен қатар, сұйық хлор тасымалдау кезінде қауіпсіздік шаралары сақталмаса жарылып кету қаупі болған-ды. Ал қазір натрий гипохлоридін қолданады. Яғни, табиғи су жоғары сапалы ас тұзы арқылы тазартылады. Мамандардың айтуынша, бұл қоспа өзімізде дайындалады екен. «Аздаған мөлшері Беларусиядан әкелінеді. Тек ескі құбырлар ғана бәрін бұзады» дейді мамандар.
Бүгінде «Астана су арнасы» мекемесінің су құбырлары желілерінің жалпы ұзындығы 300 шақырымды құрайды. Жыл сайын ескі құбырлар ауыстырылып заманауи жабдықтармен жабдықталып жатады. Мәселен, 2013 жылға қаладағы су құбыр­ларының 45 пайызы көне болса, 2014 жылы осы көрсеткіш 43 пайызды, 2015 жылы 42 пайыз­ды құраған. Инвестициялық бағдарлама аясында оларды жөндеуге арналған шаралар қабылданып, нәтижесінде 2010-2014 жылдар аралығында 11,4 шақырым су құбыры қайта қалпына келтірілген. Өткен жылы 15 шақырым жөнделсе, биыл шамамен 13 шақырымдай құбыр ауыстырылған. Қалған құбыр 2020 жылға дейін то­лықтай ауыстырылып бітеді.

ҮНЕМШІЛДІККЕ БАСТАЙТЫН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ

Заманауи техника демекші, аталмыш мекеменің жұмысы толықтай автоматтан­ды­рылған. Барлық жұмыс компьютер арқылы басқарылады. Онлайн мониторингтің арқасында шаһардағы су құбыр­­­ларының жай-күйі мен ондағы судың сапасын мамандар тұрақты түрде бақылап отырады. Бұл технология «smart су», яғни, «ақылды су» деп аталады. Мысалы, сол жағалаудың бір ауданындағы су қысымы төмендеп кетті делік. Ол жерде орнатылған есептегіш тетік жаңағы ақпаратты дереу сорғылы-сүзгілі бекетке жөнелтеді. Таңертеңгі және кешкі уақыт­тарда суға сұраныс күрт артады. Сол кезде қалаға суды үлкен қысыммен жібереміз. Басқа уақыттарда су қысымы шамалы бәсеңдейді. Бұл про­цесті үнемі бақылауда ұстап отырмаса, тағы қауіпті. Су қысымына шыдамай құбырлар жарылып кетеді. Сигнал келе салысымен, сол қақпақшалар өздігінше ашылып-жабылып, су қысымын дұрыстайды. Қазір жаңа технологияның арқасында құбыр апаты азайыпты. Өткен жылы 630 оқиға болса, биыл екі есеге азайып отыр. «Мұндай қондырғылар судың сапасы, құрамы, температурасы мен қысымына дейін көрсетіп тұрады. Мұндай озық технология ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ. Керек болса, Еуропа елдерінде де жоқ. Мұның барлығы мекеменің білікті мамандары мен жұ­мысшылардың біліктілігінің арқасы» деп атап өтті мекеме басшысы.

СУ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ

Осы жылдың 9 айында 837 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл қаржыға есептеуіш аспаптары бар автоматтандырылған бекеттер мен қосымша жылу трассалары секілді заманауи жабдықтар алынған. Осының арқасында су шығыны да біршама азайған. Бұрындары жалпы су шығыны 16,5 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайызға дейін төмендеген. Осының арқасында тазарту стансасы қалаға тәулігіне еш қиындықсыз 300 мың куб суды жіберетін жағдайға жеткен. Сонымен қатар, мекеме басшылығы заманауи үнемдегіш технологиялардың арқасында су бағасын көтермей тұрақты ұстап келеді.
«2015 жылы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Сол бағдарламада 5 жылға тариф белгіленді. Жүргізілген жұмыстың нәти­жесінде су шығыны 18 пайыздан 16,5 пайызға төмендеді. Ал тозығы жеткен құрал-жабдықтар жаңаға ауыстырылып, кәріз жүйесіндегі апаттар саны азайды. Осы­ның нәтижесінде биыл инвес­тициялық бағдарлама бойынша бөлінген 205 млн теңгені игерудің қажеттілігі болмады. Мекеме осы қаржыны ха­лыққа қайтару үшін суды бұру тарифінің текше метрін 83,96 теңгеге, ал сумен жабдықтау тарифін 93,71 теңгеге дейін арзандатты. 2017 жылдың мамырында тариф бұрынғы қалпына келеді» дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің басшысы Болат Тәңірбергенов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button