Елорда тынысы

Қар шығару жұмысы жалғасуда

Елордада екі күннен бері жауған қар толастар емес. Осыған орай, коммуналдық шаруашылық саласының мамандары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кешеден бері бас қалада барлығы 5 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Түні бойы толассыз жауған ақ ұлпа қала тұрғындарын едәуір әбігерге салып қойды. Көлік қозғалысына да кедергі келтірмес үшін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері дамыл таппады. Қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Өткен түнде көше бойындағы қарды шығару үшін 370 жүк көлігі жұмылдырылып, полигонға 5769 рейс жасалды. Мамандардың мәлімдеуінше, жалпы қыс басталғалы бері елордадан 62 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

Кеше таңертең елордада қар мен мұзды тазалауға екі мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңға жуық арнайы техника шығып, бірінші кезекте орталық көшелерді, одан соң жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалардың маңын тазалады.

Қар жауғалы бері қаланың коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшыларына тыным жоқ. Өздеріне жүктелген істі дер кезінде атқару үшін олар күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.

Есіл ауданының коммуналдық қызметтеріне де соңғы күндері тыным жоқ. Өздеріне жүктелген жұмысты уақытында атқару үшін олар барын салуда. Өйткені жауған қар жата берсе, тапталып, кейін оны жинау да оңайға соқпасы анық.

Аталмыш аудан бойынша көшелерді қардан тазарту жұмысына барлығы 227 арнайы техника, 732 жұмысшы жұмылдырылған. 18 техника құм-тұз қоспасын төгумен айналысса, екі күн аралығында 88 рейс қар тасылып, 1280 текше метр аумақтан қар шығарылды.

Толасыз жауған қар тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық тудырмас үшін қала тазалығына жауапты коммуналдық шаруашылық қызметтері тынымсыз еңбек етуде. Елордалық Дәметкен Байтемірова оларға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

– Мен Василий Бартольд көшесінде тұрамын. Таң атқалы бері тоқтамай жауған қар қалыңдап, қала орталығына жетуім мұң болатын болды-ау деп алаңдап келе жатыр едім. Қателесіппін, қаладан сыртқарырақ болғанымен, біздің көшелер де тазаланып, аялдама маңындағы қарды автобус келгенше коммуналдық сала мамандары жеделдетіп жинап жатыр. Жаяу жүргіншілердің ғана емес, қоғамдық көліктердің де жүріп-тұруына еш кедергі жоқ. Қала көшелерін қардан тазалап, уақытпен санаспай, күннің аязы мен боранына қарамай тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшыларға алғысым шексіз, – деді Д.Байтемірова.

Қала жолдарының жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделуде, ол қар жауа бастағаннан себіледі. Бұл ретте бірінші кезекте көлік қозғалысы үшін ең қауіпті магистралдар мен көшелердің учаскелері өңделуде.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button