Жаңалықтар

Қауіпсіздік тексеріледі

 Астанада сауда және ойын-сауық орталықтары мен адамдар көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоспардан тыс қосымша тексерістер жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімдігінде брифинг өткізген Астана әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мәлімдеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Астанада 60-тан астам денсаулық сақтау орындары, 300 мектепке дейінгі білім беру орталығы, 100 мектеп және 10 арнайы білім беру мекемесі, 50 жоғары оқу орындары мен колледждер бар. Сонымен қатар, 117 сауда нысаны жұмыс істейді, соның ішінде 83-і – сауда үйі, 9-ы – ірі сауда-ойын-сауық орталығы, 25-і – базар және 200-ден астам қонақ үй, 60 хостел және 600-ден астам адамдар тамақтанатын қоғамдық орындар бар.
«Астана қаласы бойынша өрттің, төтенше жағдайдың алдын алу әрдайым жауапты мекемелердің бақылауында. Жыл сайын жоспарлы түрде тексеру шаралары жүргізіліп отырады. Оның ішінде білім беру, денсау­лық сақтау саласына тиесілі нысандарда өрт қауіпсіздігін сақтау ерекше бақылауда» деді Эльвира Жүргенбаева.
Наурыз айынан бастап Астана қаласындағы 70 білім беру мекемесінің өрт қауіпсіздігі тексерілген. Ағымдағы жылдың мамыр айына дейін барлық білім беру мекемелері тексеріледі. Тексеру комиссия­сының құрамында ТЖД-нің, Білім басқармасының өкілдерімен қатар ата-аналар да бар.
«Қазіргі күні қаламыздағы 9 сауда және ойын-сауық орталығының 6-уы тексерілді. Үш орталықтан 32 ереже бұзушылық анықталған. Үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Екі орталыққа аудит жүргізілді, ал бір нысанға (Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалады. Биыл ерекше тәртіппен Астанадағы 50 сауда нысанына тексеру жүргізіледі. Тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, дабылды ескерту, эвакуация сызбасы мен апаттық шығу жолдарына баса мән беріледі» деді Эльвира Жүргенбаева.
Тексеру барысында сыртқа шығу жолдарының жағдайы, жарық беруші электр желілері мен қуат көздерінің жай-күйі­нің тиісті деңгейде болуы, өрт жайында дабыл беретін автоматты жүйенің дұрыстығы, ішкі және сыртқы өртке қарсы су жабдығы мен өрт сөндіру құралдарының сақадай сай тұруына баса мән беріледі.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button