Мәдениет

Қазақ білімпаздарының қазығы

Елордадағы «Астана» университетінде қазақ білімпаздары съезінің 95 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.


Осыдан бір ғасырға жуық бұрын Орынборда өткен съезде ұлт зиялылары қазақ фольклорын жинау, зерттеу, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамыту, латын қарпіне көшу секілді маңызды мәселелерді талқылады. Міне, осы мәселе қаншама уақыт өтсе де, әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ал осы съезде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиі тақырыбында сөз қозғады. Бүгінде ұлт ұстазының мол мұрасы ұлт ғылымы мен білімінің қайнар көзіне айналып отыр. Бірақ туған халқы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтың өмірі де азапқа толы болды. Мәселен, белгілі ғалым, академик Мәмбет Қойгелдиев өз баяндамасында Ахаңның абақтыдағы жағдайынан мысал келтірді.
– Ахаң қандай қиындықты бастан кешсе де, өз биігін сақтаған. 1929 жылы ол Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жөнелтілді. Онда ұлт ұстазын Павлов деген тергеуші тергейді. 1928-30 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс болса, 1930 жылы Орта Азияда 172 көтеріліс болған. Анығын айтқанда, кеңес билігі өз халқымен соғыс жағдайында тұрды. Сонда тергеуші Ахаңа: «Қазақстандағы көтерілісті ұйымдастырған сіздер ме?» дейді. Ахаң: «жоқ» деп жауап береді. Тергеуші айтады: «Ал сонда көтеріліске шықтыңыздар, не бітіресіздер, қолдарыңызда қисық ауыз мылтықтарыңыз жоқ» дейді. Сонда Ахаң: «Мәселе бітіруде емес, қарсылық көрсетуде, ерік-жігерді көтеруде. Ол бұл халық әлі де күресе алады дегенді көрсетеді» дейді. Ахаңның тергеу материалдары бір-екі беттен аспайды, қысқа келеді. Онда ешкімнің сыртынан сөз айтпаған. Біз кейде бір нәрсеге мән бермейміз. Алаш қозғалысы, алаш қайраткерлері дейміз, бірақ оның екінші мағынасы – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы деген сөз. Шын мәнінде, кеңес өкіметі қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен күресті, солармен есеп айырысты, – деді тарихшы.
Сондай-ақ, философия ғы­лымдарының докторы Жұматай Әлиев «Алаш идеясы және ұлттық демография мәселелері», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Ахмет Байтұрсынұлы және оның тарихи көзқарастары», академик Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі және қазіргі тіл мәселесі», Сұлтанхан Аққұлұлы «Әлихан Бөкейхан және қазақ мемлекеттігінің тарихи негізі», Құрманғали Дәркенов «Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік және ағартушылық қалыптасу кезеңі» атты және тағы басқа да ғалымдар конференция тақырыбымен өзектес баяндамалар жасап, қазақ білімпаздарының қазығы – тәуелсіздік идеясы болғандығын сөз етті. Жиынды филология ғылымдарының докторы, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы аяққа құйған астай жинақы жүргізіп отыр­ды. Шара барысында «Астана» университеті ішінен ұлт ұстазы атындағы орталық ашылып, өз жұмысын ­бас­тады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button