Sport

Қазақ боксшылары бет қаратпады

Астанада VІ Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін өткен халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде 15 елдің мықты боксшылары сынға түсті. Төрт салмақта қыздар қолғап түйістірсе, ер жігіттер 10 салмақта жекпе-жекке шықты.

Жыл сайын ұйымдастырылатын жарыстың деңгейі едәуір көтерілгені байқалды. Біріншіден, жарысқа қатысушылар арасында Олимпиада ойындарының, әлем чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері көп болды. Екіншіден, турнирдің жүлде қоры басқа елдерде өтетін осындай халықаралық жарыстардан әлдеқайда қомақты болды. Атап айтқанда, бағалы сыйлықтармен қатар жеңімпаздар 2000 (АҚШ) доллар, күміс жүлдегерлер – 1500 доллар, ал үшінші орынға ілінгендер 500 доллар көлемінде сыйақы алды.
Ал жарыстың өзіне келер болсақ, негізінен, қазақ боксшылары басымдық танытты деуге болады. Қыздар бәсекесінде астаналық Сәния Сұлтанқызы (57 келі) өте жақсы өнер көрсетті. Жақында ғана Қазақстан чемпионы атанған Сәния бұл жарыста да барлық жекпе-жектерінде қайсарлық танытты. 60 келі салмақта Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Маржықбаевтың шәкірті Римма Волосенко айқын басымдылықпен топ жарды. Оның өз салмағында күшті екеніне күмән болмады.
Қыздар боксында ең жеңіл салмақта Жапония аруы Намики Цукуми жеңімпаз атанды. Күншығыстың қызы жартылай финалда біздің екі дүркін әлем чемпионымыз Назым Қызайбайды тоқтатқан еді. Ал ауыр салмақта Рио олимпиадасында қола медаль алған Дариға Шакимова күмісті қанағат тұтуға мәжбүр болды. Швецияның бұрымды боксшысы Лав Холгерсон қазақ қызының жолын бөгеді.
Ал ерлер сайысында «жан алып, жан беріскен» жекпе-жектер көп болды. 48 келіде Қазақстан құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшылары алтын үшін айқасқа шықты. Теміртас Жүсіпов Жомарт Ержаннан айласын асыра білді. 52 келіде алматылық Әнуар Мұзапаров филипиндік Ладон Рогенді жеңді. 56 келі салмақта әлем чемпионы Қайрат Ералиев чемпион атанды. Ол жартылай финалда Олимпиада ойындарының чемпионы өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировты жеңген болатын. Ал финалда осыған дейін астаналық халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ілияс Сүлейменовтен басым түскен АҚШ боксшысы Дюк Рейгенді тізе бүктірді. Қайрат пен Дюк былтыр әлем чемпионатының финалында да кездескен болатын. 64 келіде қазақстандық Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Асланбек Шынбергенов топ жарды. 75 келі салмақта екі мықты боксшымыз қолғап түйістірді. Әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл мен белгілі боксшы Ерік Әлжанов арасында өткен өте тартысты айқаста жас әлем чемпионы басымдық танытты. 81 келіде Өзбекстан мықтысы Бектемір Мелкузиев пен біздің жас боксшы Бек Нұрмағанбет шайқасты. Бұл жекпе-жекте өзбек боксшысы жеңімпаз атанды. Бірақ қалың жанкүйер Бектің өнеріне тәнті болғаны соншалық, орындарынан тұрып қошемет білдірді. 91 келіде қазақтың тағы бір жас жігіті керемет төбелес көрсетті. Атап айтқанда, Абзал Құттыбеков осыған дейін біздің Василий Левитті жеңген Ресей боксшысы Садам Магомедовты тізерлетті. Ал ең ауыр салмақта Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Максим Бабанинді тер шығармай-ақ ұтты.
Сонымен, бір апта бойы қалың жанкүйерді арбаған Президент кубогы үшін өткен халықаралық турнир де мәресіне жетті. Енді осы жарыста жүлдегер атанған қазақ боксшыларынан ұлттық құрама жасақталып, алдағы тамыз айында Индонезияда өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғайтын болады.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button