Әлеумет

Қазақ руханиятының қаранары едi

Күнi кеше қазақ ғылымының қабырғалы қайраткерi, ұлт рухының жаршысы, аяулы азамат, ұлы ұстазым, академик Рахманқұл Бердiбай 85 жасқа қараған шағында өмiрден озды.
Бар саналы ғұмырын ұлт игiлiгiне, ғылым мұратына сарп етiп, соңғы сәтiне дейiн ой көрiгiн өшiрген жоқ. Ғылымдағы алғашқы жолын әдебиет теориясы мен тарихынан бастап, халық ауыз әдебиетiнiң бiлгiр, iрi зерттеушiсiне айналды. Ғасырлар бойғы туған халқының iнжу-маржандарын жаңғыртып, жарқыратып елiнiң игiлiгiне жаратуға күш салды. Ұзын саны 60-тан астам түрлi монографиялық зерттеулерi, руханиятқа үн қосқан кiтаптары халықтың баға жетпес қазыналарының қатарын толықтырды. Ұлт үшiн болған қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүрiп, басын бәйгеге де тiктi. Таяқ та жедi, теперiш те көрдi. Бiрақ, күрескерлiк рухы оны жай жатқызбады. Сол арқылы ұлтының үлкен тұлғасына айналды. Ол кiсiнi өзге замандастарынан айрықша ерекшелейтiн – халқын, тiлiн, дәстүрiн жаны құлай сүйген ұлтшылдығы едi. Ардақты ағаның ұлт дегенде жалыны – арыстан, жаны – намыстан жа-ралғандай көрiнетiн бiзге…
Рахманқұл ағайдың елiне деген шексiз махаббатын ешқандай атақ та, даңқ та айырбастай алмайтын. Соның бiр көрiнiсi тәуелсiздiк алған жылдары Түркiстан қаласында Қ.А.Иссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi ашылды. Осы сәтте жайлы қызметiн, жайлы орнын қиып, үлде мен бүлдеге оранған әсем Алматыны тастап, шалғайдағы ауданға алғашқылардың бiрi боп ат басын тiредi. Кейiнгi ұрпаққа бiлiмiмдi берейiн, бiлгенiмдi үйретейiн, жиған тәжiрибемдi елiмнiң қажетiне жаратайын деп барлық қиындыққа қарамай белдi бекем буды.
Менiң ол кiсiмен байланысым осы кезден басталды. Қасында көп жүрдiм. Шәкiрт болдым. Қазақтан шыққан ұлы жыршылар мен өнер адамдарының өнегелi өмiрлерiн шежiредей тарқататын дария едi. Түйдек-түйдек ойларды, өткiр өлең жолдарын жатқа айтатын. Жанында жүрем деп Алаш арыстары Мұстафа, Әлихан, Ахмет, Мiржақып, мемлекет қайраткерлерi Нәзiр Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рұсқұлов, Жұмабек Тәшенов, Дiнмұхаммед Қонаев және қазақтан шыққан тұңғыш кәсiби тарихшы Ермұқан Бекмаханов секiлдi ұлылардың ұлтшыл қасиеттерiмен қаныға таныстым. Сол үшiн өзiмдi шексiз бақытты сезiнетiн едiм. Мұндай әңгiмелердi Рахаң бас салып айта бермейтiн. Екеумiз Түркiстанның iшiндегi ескi вокзалдардың орындарын, сыртындағы Шорнақ, Қарнақ, Отырар секiлдi ескi тарихи орындарға жиi баратынбыз. Мен сол кезде «Бұл кiсi iшi пыса ма екен, неге келе бередi?» деп, ойлайтынмын. Менiң осы ойымды сезе ме қайдам, ол кiсi: «Адам жасы келгенде балалық шағы өткен, жас күнiнде жүрген жерлерiн аңсайтын, сағынатын болады. Сен мұның сырын әзiр түсiне бермеуiң мүмкiн. Кезi келгенде менiң осы сөзiмдi еске аларсың» деушi едi жарықтық. Жоғарыдағы жайлардың бәрiн сондай сапарларда майын тамыза әңгiмелейтiн.
Ұлы ұстаз, талантты ғалым, академик Рахманқұл Бердiбаев туралы да әлi талай естелiктер айтылар, аңыздар тарайтын болар, оған күмәнiм жоқ. Бiрақ, мен қанатының астында өскен шәкiрттерiнiң бiрi ретiнде өзiм көрген, естiген жайларымды естелiк ретiнде баяндауды өзiме парыз санадым.
Қайран асыл абызым-ай, жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа болғай. Алдың пейiш, артың кенiш болсын. Артыңызда қалған асыл iз, ардақты iсiңiз, елеулi еңбектерiңiз халқыңызға аманат.

Асқар Дүйсенбi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button