Мәдениет

«Қазақстан аруы» анықталды

«Қазақстан аруы – 2021» байқауының тарихында алғаш рет үш жеңімпаз анықталды. Олардың әрқайсысы Қазақстанды ірі халықаралық байқауларда таныстырады.

[smartslider3 slider=946]

Байқаудың бір жеңімпазы «Астана аруы – 2021» байқауының жеңімпазы Айдана Ахатаева болды. Ол енді «Әлем аруы» байқауында Қазақстан атынан шығады. 21 жастағы бойжеткен Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, қазір елордада музыкалық студиялардың бірінде фортепианодан сабақ береді. Бос уақытында классикалық музыка тыңдап, шет тілдерін үйренгенді ұнатады.

«Әлем аруы» байқауына қатысатын үміткердің бірі ақтөбелік 23 жастағы Назерке Карманова
болды. Ол Ақтөбедегі Қазақ-Ресей  Халықаралық  университетін бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Қазір Алматыдағы банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Бай­қаудың үшінші жеңімпазы – 20 жастағы қарағандылық Анна Глубоковская. Ол Қазақстанды «Жер аруы» байқауында таныстырады. Анна Алматыда дыбыс жабдығымен айналысатын компанияда жұмыс істейді.

«Қазақстан аруы – 2021» мерейтойлық 25-ші ұлттық байқауының финалы бірнеше жылдан кейін алғаш рет Алматыдағы «Қазақфильм» студиясында өтті. Финалдағы шоу кезінде Қазақстанның ең әдемі қыздары ARUNAZ отандық сән үйінің киімдері мен Sherri Hill Голливуд брендінің көйлектерін киіп шықты. Дәстүрлі костюмдерді киіп шыққан көрсетілімнен басқа, залдағы және тікелей эфирдегі көрермендер финалистердің ерекше өнерін тамашалай алды.

Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қазылар алқасы үздік 15 қыздың арасынан өздері туралы айтатын гранд-финалға бес қызды таңдады. Гранд-финалдың 5 жеңімпазын қазақстандықтар тікелей эфир кезінде басталған сайттағы дауыс беру арқылы таңдады. Еске салайық, 2020 жылы «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының дирекциясы пандемияға байланысты дәстүрлі шоуды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button