Қоғам

СӘЙГҮЛІКТІ ТІЗГІНДЕГЕН САҚШЫЛАР

erm_3978

Қадірлі оқырман, араларыңызда ауылда туып, ат жалын тартып мінетін жасқа жеткенде қыста – жабағы, жазда тай мініп өскен, жалпы жылқы малына бейжай қарамайтын адамдар аз емес деп топшылаймыз. Олай болса, Астанадағы Нұрғиса Тілен­диев даңғылының бойы­мен жүргенде, бала кезінен өздеріңізге таныс тәтті иіс мұрыныңызға келген болар. Егер оны сезсеңіздер, қателескен жоқсыздар.

700-ДЕН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ ӘШКЕРЕЛЕДІ
Темір «тұлпарды» тізгіндеген тәртіп сақшыларын күнде көшеден көріп жүрміз. Ал кәдімгі ауызымен құс тістеген сәйгүліктерді мінген полиция қызметкерлері кездесе бермейді. Бақсақ, Астана қаласының Ішкі істер депар­таментінің жол-патрульдік полиция полкінің құрамындағы кавалериялық взвод 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жоғарыда көрсетілген мекен­жайға барып, взвод басшылығымен, тура мағынасында айтқанда, ат үстінде қоғамдық тыныштықты сақтауға атсалысатын жігіттердің өзімен тілдестік.

– Астанада бастапқыда атты полиция ротасы жұмысын бастады. Кейіннен взводқа айналды. Қазір кавалериялық взвод штатына 50 қызметкер кіреді. 80 жылқымыз бар. Әр қызметкерге екі аттан келеді. Аттарды бізге әкелгенде, оларды өзіміз үйретіп, қызметке дайын­даймыз. Жылқыларымыз 3-4 жасар, яғни құнан, дөнен кезінен әкелінеді. Әр жылқыны 15-20 жыл көлемінде ұстаймыз. Осы мерзім өткенде, адамды зейнетке жібергендей, босатамыз. Жігіттеріміз атпен қаланың шетінде, саяжайлар мен саябақтардың маңында қызмет атқарады. Атты полиция взводының негізгі мақсаты – көлік өте алмайтын жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтау. Сондай-ақ, Елбасы кортежі күре жол бойына шыққанда, оның құрамында болу да біздің міндетімізге жатады, – дейді кавалериялық взвод командирі, полиция капитаны Ерғали Қайыржанов.

Оның айтуынша, атты полиция кө­бінесе саяжайлар маңындағы ұрлықты, әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін ашады. Солардың ішінде рұқсат етіл­меген жерлерде ішімдік ішу мен қоқыс тастау сияқты ұсақ қылмыстар көп кездесіп жатады. Жыл басынан бері де кавалерия 700-ден астам құқық бұзу­шылықты әшкереледі.

erm_4171

ҚҰЛАГЕР ҚОҒАМДЫҚ ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ
Атты полиция взводы тек жылдың жылы мезгілдерінде ғана, мамыр мен қазан айларының аралығында, қызмет атқаратынын айта кетейік. Ал қыс түс­кенде, жылқы арнайы қыстауда бағылады. Қазір атқорада ахалтекеден бас­тап буденный, ағылшын, орлов жорғасы, қазақтың жабы тұқымдас жылқылары, қазақ пен ағылшын жыл­қыларының буданы сияқты аттар­дың түр-түрі бар.

«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сынды батырлық эпос­тардан баршамызға Тайбурыл, Бай­шұбар, Қарақасқа, Тарлан сияқты батыр­лардың қанаты болған аттар таныс. «Атты полиция взводында осындай ат қойылған жылқылар бар ма?» деген сұрағымызға Ерғали Қайыржанов «Аттар бізге паспортпен әкелінеді. Ол құжатта аттары көрсетіледі. Сондықтан біз өзгерте алмаймыз. Алайда Құлагер дейтін атымыз бар» деп жауап берді.

Атты полицияда қызмет ететін жігіттердің жұмыс кестесіне келсек, олар таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін қоғамдық тәртіпті сақтайды. Күнделікті «жорыққа» 12 қызметкер шығады. Белгіленген бағдарда екі-екіден жүреді.

ЖЫЛҚЫНЫ ЖАНЫНДАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЖІГІТ
Әрине, қалада өскен жігіттерге қа­рағанда ауылда өскендердің атты по­лиция взводына жұмысқа қабыл­дануы жеңілірек. Себебі, мұнда бас­ты талап – атқа міне білу. Бейнелеп айт­қанда, әр жігіт аттың құлағында ойнай білуі керек. Бірақ қалада өскен­дерде ниет болса, жеткілікті. Шебер жылқы маманы взвод аумағында арнайы сабақтарды өткізіп, оған үйретеді. Ал взвод командирінің айтуынша, осы қызметке Астананың өзінен, басқа қалалардан да келіп жат­қандар аз емес. Жалақы да басқа поли­ция қызметкерлеріне қарағанда жоға­рырақ. Оның себебі, әр жігітке өзіне бекітілген жылқыға қарағаны үшін белгілі бір пайыздар қосылады.

Осы қызметке келген жігіттердің бірі, Астанамен іргелес Қарағанды облысының Нұра ауданының тумасы Мақсат Мыңжасаровтың атты полиция взводында жұмыс істегеніне 8 жылдың жүзі болыпты.
– Шахтер ауылында туып-өстім. Бала кезде ауылда жабағы, тай мініп, шаңдатып жүрдік қой. Әскерде де жануарлармен жұмыс істедім. Шекарада қызмет атқарып, бекітілген аумақты атқа мініп аралап шығатынбыз. Жылқы малы жаныма жақын. Астанаға келгенде де атты полиция взводында жұмыс істегенді қаладым. Содан 2008 жылдың көктемінде осы қызметке орналастым. Маған Памир атты ахалтеке тұқымына жататын ат берілді. Сегіз жыл көлемінде осы атпен жұмыс істеп келемін. Бұл жылқы қазір маған дос, сенімді серігім болып алды. Мінезін де әбден зерттеп алдым. Тағы Банкет дейтін атым да бар. Осы екеуімен белгіленген бағдарға шығып тұрамын, – дейді Мақсат.

erm_4041

Оның айтуынша, кейбіреулер ой­ла­ғандай, бұл – оңай жұмыс емес. «Қылмыскерлерді қуып, кедір-бұдыр жерлерде атымыз шалынып кеткенде үстінен құлап, қол-аяғымыз сынған кездер де болды» дейді ол.

Болашақта Астанадағы атты полиция взводының техникалық базасын нығайту жоспарлануда. Қазіргі таңда жылқыны асырау үшін де барлық жағдайлар жасалған. Бір мезгілде 7 жылқы сыятын аттарды тасымалдай­тын арнайы көлік бар. Жылқының денсаулығын бақылайтын мал дәрігері де жұмыс істейді. Жем-шөп те жет­кілікті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button