Саясат

Сайлау тарихын сараласақ

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі Қазақстан Республикасының Президентін сайлау тарихына көз жүгіртсек, ең алғаш рет 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президентін сайлау рәсімі өткізілді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен (98,76%) жеңіске жетті.

1999 жылғы өткізілген Қазақстан Респуб­ликасының Президентін сайлау қорытындысы бойынша Н.Назарбаев жоғары пайызды дауыс­пен Президенттік қызметіне қайта сайланды.

Келесі сайлау 2005 жылы өтті. Парламент Сенаты мен ел президенттігіне сайлаулар республикамыздағы бірқатар билік күштері мүдделерінің тоғысуына алып келді. Елбасы Н.Назарбаев өзінің жаңа президенттік мерзімге сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Қазақстан халқына арналған «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси даму жолында» атты Жолдауында елдің жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік прогреске жету мақсаттары айтылды. Бұл сайлау науқанында алғаш рет электронды сайлау жүйесі бекітілді. Халықаралық ұйым өкілдерінен сайлау үдерісін бақылау мақсатында  187 бақылаушыға аккредитациялық куәлік берілді.

2005 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы республикада Елбасын сайлаудың қорытындыларын ресми түрде жария етті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына сайлаушылардың 91,1 пайызы дауыс  берді.

2011 жылдың басты оқиғасы – бұл, әрине, сәуір айының басында өткен кезектен тыс Президент сайлауы болды. Сайлаудың кезектен тыс өтуіне ҚР Парламентінің референдум ұйымдастырып, сол арқылы Президент өкілеттігі мерзімін  одан әрі ұзарту туралы ұсынысы себеп болды. Президент Н.Назарбаев бұл ұсыныстан бас тартып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабыл­дады. Орталық сайлау комитетінің мәліметі бо­йынша, сайлаушылардың 99,5 пайызы бұл жолы да өз дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

Ағымдағы жылда Қазақстан халқы ассам­блеясының мерзімінен бұрын Мемлекет басшысы сайлауын өткізу туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ұсынысы басты саяси жаңалыққа айналды.

Осы орайда кезектен тыс өткізілетін сайлаудың тиімді тұстары бар екенін атап өткім келеді.

Біріншіден, 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан алған тәжірибеге қарағанда, қазіргі экономикалық проблемалар біртіндеп ұлғая түсетін сыңайлы. Дағдарыс келесі жылы да үдейтін сияқты. Сондықтан экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін, елдегі тұрақтылықты сақтау және дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін кезектен тыс президент сайлауын өткізу керек деп айтуға болады.

Екіншісі, саяси тұрғыдан қарау. Бүгінде Қазақстан айналасындағы геосаяси кеңістікте тұрақсыздық факторы байқалып отыр. Бұл ретте Украинадағы жағдайды, Ресей мен Батыстың санкциялық тіресін айтуға болады. Оның үстіне ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін кепілдік қажет. Демек, қазіргі қиын жағдайда саяси тұрақтылық қажет.

Үшіншісі – қарапайым дәйек. «Өтпелі кезеңде Президент сайлауын өткізу көптеген мәселелердің түйінін шешеді, елдегі саяси жүйе мен мемлекеттік биліктің тұрақтылығын нығайтады» деген  уәждермен келісуге болады деп ойлаймын.

Жақсыбек ТӨКЕЕВ,
Астана қаласы Әділет департаменті
басшысының орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button