Қала тіршілігі

Сәулең болса…

Ұстаз – ұлы мамандық.
«Бір әріп үйреткенге қырық күн қызмет ет».
Кемел мұғалім – келешек кепілі…
Мұндай игі жолдарды тізбектей берсе жарасады да, таусылмайды да. Сәуле туралы­ айтарымыз­ да осыған саяды.Орта бойлы, сары өңді оқытушыны университет­ дәлізінен көре қалған студенттердің елжірей қалмайтыны кемде-кем­.­ елу минөттік сабағын тапжылмай тыңдап, санасына тоқуға асыққан талайы.­ Сол Сәуле Тапанова алпыстың асқарына шығып, тағы бір асуды артқа тастады.

Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жур­на­лис­тика және саясаттану факуль­теті Баспасөз және баспа ісі кафе­дра­сы­ның профессоры Сәуле Есем­бек­қызы, расы керек, бүгінге дейін талай әріп­те­сімізді қанат­тан­дыр­ды. Сонысымен бізге жұғымды, елге сыйлы. Өзі айтпақшы, қандай күн туғанда да мамандығына адалдық танытты, бәз-баяғы нық жауапкершілігін жоғалтпады, кемшіліктерге жол бермеді. Қарағанды өңіріндегі Жаңарқа ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте оқыды. Бала кезінен-ақ әдебиетке бейім болыпты. «Шағын әңгіме, күнделік жазатыным бар еді,-дейді. – Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімізде мектепке Еркін Егемберлин деген жас мұғалім жігіт келді. Біздің өнерге, әдебиетке, шығармашылық жұмыстарға қызығушылығымызды оятып, бау­лыған кісі сол. Бүгінге дейін Еркін ұста­­зы­ма алғыс айтамын. Сыныптағы бар­лы­­ғы­­мыз­дың бағдаршамымыз еді ол». Оқыту­шы­ның сол кездегі ұстазы: «Сәуле, сенің журналистикаға бейімің бар екен. Тілің­дегі сөз кестесі, адаммен қарым-қаты­насың, мәдениетің сені осы саланың мықты маманы ететініне күмәнім жоқ» деген екен. Алғыр бала соны мықтап түйіп алыпты ғой кеудесіне. Содан кейін, аттестатын алған күні арманын арқалап, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарын тапсырады. Ол уақытта журналистика тек Алматыдағы ҚазМУ-да ғана бар. «Шетіне іліксем, түбі бейімделермін журналистикаға…» деп ойлады.

Мақсаттың үдесінен шықты, 1974 жылы жоғары оқу орнын абыроймен тәмамдады. Еңбек жолын сол кездегі Жезқазған облы­сын­дағы «Жез­қаз­ған туы» газетінде әдеби­ қыз­мет­кер­ліктен бастады. Араға жыл­ салып Жезқазған педагогикалық инс­ти­туты ашылды. Обкомның жолдамасы­мен­ білім ошағына жас маман болып қабыл­дан­ды. «Міне, содан басталған еңбек жолым қырық жылға ұласып барады. Тек жоғары оқу орындарында мамандар даярлаумен келемін. Алғашқы жылдары жаңа институттың шаруасы да шаш етектен еді, тек сабақ берумен ғана шектелген жоқпыз, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластық» дейді Сәуле Есембекқызы. Жас маман болса да, жігерлілігімен, білік­ті­лі­гімен, сауаттылығымен басшылықтың көзіне түскен ол аудандарға барып дәріс оқыды, мектеп мұғалімдерінің жиында­рын­да баян­да­ма­лар жасады. Сондай жұмыс­­тар­ жас ұстазды мамандығына шың­дай түсті, шынықтыра берді. Сол кез­дегі қатал тәртіп екен ғой, Сәуленің тол­қынын адалдыққа, жауапкершілікке, адам­гер­ші­лік­ке тәрбиелеген.

Әңгіме арасында профессор «Қазақ басы­лым­дарындағы әйелдер бейнесі» атты студенттер үшін таптырмайтын еңбегін ұсынды. Бұл тақырыпты жазуына көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы Рымғали Нұрғали себепкер болған көрінеді. «Жезқазған педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафе­дра­сының меңгерушісі қызметін атқар­ған­ едім. Сонда жүргенімде ғылыммен де­ айналыстым. Ғылыми жетекшім – Рымғали Нұрғали. «Қайта оралған есім­дер­дің» шығармаларымен енді таны­сып­ жатқанымызда маған Міржақып Дула­тов­тың «Бақытсыз Жамалынан» бастап, бір үлкен ғылыми еңбекпен айна­лы­су керектігін айтты ғалым. Іле-шала келі­сі­мім­мен «Алғашқы қазақ роман­да­рын­дағы әйелдер образының жасалу эволюциясы» тақырыбын кандидаттық тақырып етіп бекітіп берді…

Кез келген саладан жаза беруге болады­ ғой.­ Бірақ, жаныңа жақын, жүрегің қала­ған,­ таңдап алған тақырыбыңның аясында­ жұмыс істеу – өте ләззаты һәм рахат емес пе? Кейін «Қазақ романдарындағы ғашық­тық сарыны» деген докторлық дисер­­та­ция қорғадым. Мұның бәрі де әйел­дер, қыз-келіншектер төңірегінде бола­тын» деп кейінге бір көз салды Сәуле Есембекқызы.

Еңбек жолын журналистикадан бас­тап,­ ұзақ жылдар әдебиет пәнінен сабақ беріп, соңғы төрт жылда журналисткаға қайта оралған оның кеудесінде бәрібір маман­дығына деген шексіз махаббат бар. Жез­қаз­ған­дағы оқу орнында өзі бас болып, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп аштырған Әдебиет және журналистика кафедрасы соңғы сөзіміздің айқын дәлелі.

Ол қазір Еуразия ұлттық универ­си­те­­тін­де қазақ әдебиеті тарихынынан, шешен­­дік өнер және журналистикадан, БАҚ-тың тілі мен стилінен, журналистика­ пәндерін оқыту әдістемесінен, баспалар­ды әдеби редакциялаудан да лекция оқиды, сабақ береді. Барлығы да – болашақ әріп­­тес­­терімізге өте қажет деген пәндер. Сон­­дықтан болар, ең бастысы журналист­ сауат­ты болу керек, үлкен әдеби «багажы» болуы тиіс деп отырады. «Бұрын­ғы­лар, біздің кезіміздегі жастар көп­ оқитын, көп­ ізденетін. Ал, қазіргілер дайын нәр­се­ге ұмтылады. Соның нәтижесі ғой, бүгін­гі­лердің аналитикалық талдауда, өзіндік ой-пікірлерін түйіндеуде қина­ла­ты­ны. Көп іздену керек жастарға. Оларда оқу бар, тоқу жоқ» дейді ұзақ жыл ұстаз болған Сәуле Есембекқызы.

Иә, алпыс – аз ғұмыр емес. Алпысқа келіп, ақылың кемеліне келмесе, сол сын! Сәуле Есенбекқызының айтқандарынан асыл ағаның, байыпты, білімді апаның сөзін көреміз. Және бәрін жаза беріп те тауыса алмасымыз анық.

Соңғы шілде айында Англияға, Ұлы­бри­та­нияға конференцияға барып келді. Ол жақтан да түйгені, білгені мол. Енді осы оқу жылында шамасы келгенше студенттеріне үйретпек, майын тамызып әңгімелемек.

Сәуле Тапанованың осы уақытқа дейін жазған оқу құралдары, монографиялары, жинақтары жетерлік: «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар», «Реалистік образ жасау­да­ғы ізде­ніс­тер», «Психологиялық роман­­дар­­дағы махаббат тақырыбы», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Мектеп оқушы­ла­ры­на­ шешендік өнер сабағын оқыту», «Шәкә­рім­­ шы­ғар­ма­ларын оқыту», «Кіші­тау келбеті», «Туған жер тұнған шежіре»… Бәрі де керек, бәрі де таптыр­май­ды, бәрі де та­ғы­лымды. Осындай еңбек­те­рінің ба­ға­­­лан­­­ға­нынан ғой, білім беру ісінің үздігі, құрметті қызметкері, Қазақ­стан­ның Педа­­гогика ғылымдары акаде­мия­сының кор­­рес­­пон­­дент-мүшесі болғаны.
Шәкірттеріне білім нәрін егіп, айнала­сы­­на шуағын шашып жүретін Сәулені неге сәулелі Сәуле демеске?.. Ол – Сәулелі Сәуле. Абайдың өзі «Сәулең болса кеудеңде…» демеп пе еді?!

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button