Президент пәрмені

Сейiтқасым Байбеков, Қазақ технология және бизнес университетiнiң президент-ректоры, техника ғылымының докторы, профессор: Бәсекелестiк биiктi бағындыртады

Дүйiм елдi дара шығаратын да, сара шығаратын да – бiлiмi, бiлiктiлiгi, бәсекеге қабiлеттiлiгi. Азуын айға бiлеген алпауыт мемлекеттердiң қай-қайсысы да осы саласының жетiлуiмен, өркендеуiмен өзгеден биiк болды, озды. Бiлiмiн жетiлдiрген елде мәдениет те кенже қалмайтынын, адамдары да азып-тозбайтынын, абырой-беделi де алысқа шырқайтынын уақыт көрсеттi, дәлелдедi. Сонымен көсегемiз көгерiп, керегемiздiң кеңейетiнiн бiз де ұқтық. Ұқтық та, iске бек кiрiстiк!

Егемендiгiмiзге жиырма жыл! Етек-жеңiмiздi жинап, еңсемiздi тiк ұстадық! Тәубе, әрине! Алайда, бағаналы елдiң бас қайғысына айналған проблемалар да жетерлiк. Олардың шешiлу тетiгi тек бiлiмде екенi анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған дәстүрлi Жолдауларында бұл саланың қарышты дамуына баянды бағыт сiлтеп, ауқымды мiндеттер жүктеп келедi ел азаматтарына. Ел болашағын жарқын қалауға, кемелдендiруге бiз де қал-қадiрiмiзше қол ұшын созып, үлес қосып келемiз. Бұл сөзiме елордадағы iргелi оқу орындарының бiрi Қазақ технология және бизнес университетiнен жыл сайын түлеп ұшып жатқан жүздеген, мыңдаған студенттер куә. Ол әр салада қарымды еңбек етiп, өркендеуiмiз бен өрлеуiмiзге күш салуда.
Тұңғыш көшбасшымыз биылғы бас құжатта келешегiмiздi кемелдендiру үшiн он бағытын ұсынды. Олардың әрқайсысының астарында үлкен салмақ, мән, мазмұн және маңызды мiндет жатыр. Бас құжатта айтылғандардың барлығы дерлiк қазақстандықтарды қуантты, ертеңге сендiрдi және серпiн бердi. Сонда Елбасы былай дейдi: «…оқыту үдерiсiнiң тәрбиелiк құрамдасын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келiсiм мен толеранттылық, тәннiң де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншiктiң қандай түрiне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сiңiрiлуге тиiс». Мiне, Президенттiң әрбiр сөзi – бiз үшiн заң! Сарабдал саясаттары құптарлық, қосыларлық!
Бiзде 1600-ден астам студент болса, алдыңғы жылы 27 грант бөлiндi. Бұл көрсеткiш былтырғы оқу жылында 32-ге өстi. Сонымен қатар, биыл ар-найы конкурсқа қатысып, 7 мамандық бойынша грантпен оқуға рұқсат алдық. Бүгiнде университетте 96 бiлiм алушы грантпен оқуда. Негiзiнен, техникалық мамандықтарға баса көңiл бөлемiз. Бiздiң ерекшелiгiмiз де – сол. Себебi, елiмiзде техникалық мамандардың қат екенiн бiлемiз. Ел қазынасынан бұл бағытқа миллиардтап қаржы қаралып жатыр. Бiз де осыған үлес қоссақ деген ниеттемiз.
Күндiзгi бөлiмдi бiтiрген студенттерiмiздi жұмысқа орналастыру iсiне де назар аударамыз. Бұрынырақта тек мемлекеттiк жоғары оқу орындарының студенттерi ғана «Болашақ» бағдарламасымен шетелдiк оқу орындарында бiлiм ала алатын. Ендi, бұдан былай елiмiздегi жекеменшiктегi жоғары оқу орындарының бiлiм алушылары да бұл бағдарламалармен өзге мемлекеттерде оқуға мүмкiндiк алды. Президентiмiздiң бұл бастамасы бәрiмiзге қуаныш әкелдi, сүйiншiлi хабар!
Мақала басында сөз болғанындай, бiлiмсiз елдiң болашағы бұлыңғыр. Ал Қазақстан бiлiм беруде кеңге құлаш ұрып, биiкке сермеуде. Бiлiм берем дегенге, бiлiм алам дегенге қолдау да, көмек те бар. Сол қолдаудың, көмектiң арқасында бiз де мүмкiндiктi құр жiбермеудемiз. Әсем Астана бой көтерiп келе жатқан Есiлдiң сол жағалауынан бес гектарға жуық жер алып, оқу орнымыздың су жаңа iргетасын қаладық. Онда студенттерiмiздiң алаңсыз бiлiм алуына барлық жағдай жасалмақ. Өндiрiстiк зертханалармен қамтылады.
…Елбасы Жолдауы – елдiктiң бастауы! Осы қарқынымыз сақталса, әлi-ақ алар асуымыз арта түсерi нақ!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button