Мәслихат

Сыртқы жарнаманың түсімі артты

Кеше «Zооm» сервисінің платформасында онлайн форматта Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, тағы басқа мәселелер қаралған сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.

Мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаевтың Парламент Сенатына сайлануына байланысты өкілеттігі тоқтатылды. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен таныстырған қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Редкокашин депутаттың өкілеттігі еліміздің Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңымен реттелетінін айтып өтті.
Одан кейін сөз алған депутат Ерлан Сыдықов Сенатқа сайланған әріптесіне ақ жол тіледі.
Жақында елорда аумағында сыртқы көрнекі жарнаманы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарының бөлінген бел­деуінде немесе белдеуінен тыс жерде орналастыру қағидалары әзірленді. Осы құжатпен және қала әкімдігінің жер комиссиясының өзгерген құрамымен қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев таныстырды.
Сессия алдында өткен қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутат Қарақат Абден осы сыртқы көрнекі жарнамадан бюджетке түсетін салық мөлшерін сұрады.
– Биыл сыртқы көрнекі жарнаманы орналастырудан бюджетке түсетін салық мөлшері өсті. Бұрын бұл 326 миллион теңгені құраса, қазір 600-800 миллион теңгеге дейін өсті. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, Алматы қаласында сыртқы көрнекі жарнамадан 3 миллиард теңгеден астам қаржы түседі. Яғни бізге бұл бағытта әлі де еңбектену керек деп ойлаймын, – деп жауап берді бұл сауалға Н.Ұранхаев.
Ал әкімдіктің жер комиссия­сының құрамы 13 адамнан 9 адамға қысқарды. Оның себебін қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов түсіндірді.
Былтыр қалалық мәслихат депутаттары кәсіпкерлерге салықтық ставка мөлшерін төмендетті. Атап айтқанда, боулингке 72 айлық есептік көрсеткіштен 30 АЕК-ке төмендетіліп, айырбастау пункттеріне 70 АЕК белгіленді. Бірақ содан кейін Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес ставка мөлшеріне қайта өзгеріс енгізілді. Бұл туралы айтқан қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы ­Ерлан Бекмұрзаев депутаттарды аталмыш өзгерістермен таныстырды.
Иммуннотапшылығы бар және онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға тоқсан сайын 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек қарастырылған. Осы жөнінде баяндама жасаған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина бұл жәрдем көлемін ай сайын 25 АЕК-ке дейін көтеруді ұсынды. Сондай-ақ қалаға «көгілдір отынның» келуіне байланысты әлеуметтік осал топтарға газ құбырын тарту қарастырылғанын жеткізді.
Сессияда айтылған ұсыныс­тар мен таныстырылған құжаттарды мәслихат депутаттары бірауыздан бекітті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button