Жаңалықтар

Тәуелсіздікпен тең түлеген

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының «Елорданың білім белестері – тәуелсіз Қазақстан келешегі» тақырыбындағы форумы өтті.

[smartslider3 slider=1098]

Бас қаланың білім саласы жетістіктеріне тоқталып, болашаққа нақты ұсыныстар қабылдау мақсатында өткен бұл шарада Нұр-Сұлтан қаласында білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттары, жеткен білім саласының белестері талқыланды. Сондай-ақ инновациялық білім беру жобалары, бағдарламалар мен технологиялар таныстырылып, үздік білім беру ұйымдары мен педагогикалық ұжымдар көпшілік назарына ұсынылды.

– Еліміздің астанасы Алматыдан Есілдің жағасына көшіп келген кезде, бұл өңірде 30 шақты ғана мектеп бар болатын. Балабақша да мүлдем жетіспейтін. Жалпы білім беру деңгейі төмен болатын. Ал қазір мүлдем керісінше. Оқу сапамыз өсіп, оқушы саны да көбейді. Елді дамыту үшін білім саласын өркендету керек. Осы тұрғыдан алағанда, бүгінгі форумның маңызы ерекше, – деді форумға қатысқан спикерлердің бірі, Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов.

Халықтың бақытты тұрмыс кешуі халықтың білім деңгейіне тікелей қатысты. Өткен 30 жылда тәуелсіз Қазақстанның білім саласы қарқынды дамып, оқу орындары көбейді. Айталық, бүгінгі бас қаламыз орналасқан аумақта 1991-2001 жыл аралығында мектепке дейінгі 36 ұйымда 13402 бала тәрбиеленсе, 2011 жылы елордадағы балабақша саны 96-ға жетіп, онда 19353 бала қамтылды, 2021 жылы бас қаламыздағы 376 балабақшада 52307 бала тәлім алуда. Мұның 99-ы – мемлекеттік, 278-і – жекеменшік балабақша. Ал орта білім беру жүйесіне келсек, 1991 жылы 35 мектепте 35568 бала білім алса, 2021 жылы 144 мектепте 213790 оқушы оқып жатыр. Қазір елордада қосымша білім беру жүйесінде 11 ұйым жұмыс істейді. Оның алтауы тәуелсіздік алғаннан кейін ашылған. Қосымша білім беру орындарына қарасты филиалдар саны 152-ге дейін артты. Ал арнайы білім беру саласына келсек, 1991 жылы Целиноград қаласында бір ғана арнайы білім ордасы болса, бүгінгі таңда әсем астанадағы арнайы білім ордаларының саны 15-ке жетті. Қазір мұнда 3000-нан астам бала тәрбие алуда. Техникалық және кәсіптік білім беру жағындағы көрсеткіштерге көз жіберсек, бұл өңірде 1991 жылы 10 колледж жұмыс жасаса, қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда 34 кәсіптік, техникалық білім беру мекемесі жұмыс істейді.

Өткен 30 жылда оқушылардың қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауына 1991 жылы 53 оқушы қатысып, 29 бала жеңімпаз атанса, 2021 жылы 381 бала қатысып, одан 204 нұр-сұлтандық оқушы жеңіс туын желбіретіп қайтты. 2012-2021 жылдар аралығында елордалық 93 педагог республикалық үздік конкурс байқауының қалалық кезеңінде топ жарса, олардың арасынан 36 педагог байқаудың республикалық кезеңінде жеңімпаз атанды.

Форумға ҚР Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы орган өкілдері, қалалық білім беру жүйесінің басшылары мен мамандары, өңірдің жетекші жұмыс берушілерінің өкілдері, персоналды оқыту және дамыту саласындағы мамандар, қоғамдық ұйым, білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты. Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәжілісі 5-шақырылымының депутаты Әсима Бимендина, Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ардагер ұстаз Жамал Қасымбек, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Виктор Старунов шарада арнаулы сөз алып, қаланың оқу-ағарту ісін дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button