Қоғам

ТАЗАЛЫҚ ТӘРБИЕДЕН БАСТАЛАДЫ

Әнеугүні аялдамада тұрғанмын. Кенет тұсымызға тоқтаған алпысыншы автобустың кондукторы есік ашыла сала бір уыс жұмарланған қағазды жерге лақтырды. Алайда сол маңда тұрған топтың ішінен әлгі әйелге ескерту жасап, «Оныңыз не?» деген ешкім табылмады. Әрине, арасында мен де бармын. Бата алмадық па, әлде елемегенсіп үндемедік пе, өзім де білмеймін…

ERM_3536

Осындайда кейде бізге елор­далық мәдениет жетіспейтіндей көрінеді. Бұзақылықты байқа­сақ та, көз жұма қарай­мыз. Шаһардың ортақ үйіміз екені есімізге кіріп те шықпайды. Дәл осы мәселе төңіре­гінде бұрнағы күні Астана қала­сы­ның ауданаралық мамандан­дырылған әкімшілік соты судьясы Айгүл Қайдаровамен әңгімелескен едік.

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексіндегі 434-бапта ұсақ бұзақылық туралы жазылған. Оған қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, саябақтарды, скверлердi лас­тау, белгiленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастау секілді әрекеттер жатады. Тәртіп бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе он тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады. Егер адам бір жыл ішінде тағы да осындай тәртіп бұзушылықпен ұсталса, сәйкесінше 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілікке тартылады немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге қамалады, – деді ол.

Судьяның мәлімдеуінше, жыл басынан бері елордада аталмыш бап бойынша 2274 дерек тіркелген. Оның 1546-сы айыппұл төлеумен, 255-і қамауға алумен аяқталыпты. Ал 166 іс тоқтатылған. Бұлар құқық бұзушылық мерзімінің өтіп кетуімен немесе соны жасаған кісінің басқа жаққа қоныс аударуымен байланысты.

– Көпшілігі темекі тұқылын арнайы урнаға тастамайды. Сот барысында олардан «Неге бұлай жасадыңыз? Осы әрекетіңізді түсіндіріп беріңізші» деп сұрасам, берген жауаптары мынадай үш типке бөлінеді. Біріншісі – «Мен мұндай заң бар екенін білмедім». Екіншісі – «Қоқыс жәшігіне баруға уақытым болмады». Үшіншісі – «Урна таппадым». Проблеманы шешу үшін бұл факторлардың түбіне үңілуіміз керек қой. Алғашқы екеуі әр азаматтың мәдениетіне, көргенділігіне келіп тіреледі. Жарайды, сіз қоғамдық орынды ластауға болмайтын заң барын білмедіңіз делік. Бірақ қаланы өзіңіздің үйіңіз ретінде елестетіңізші. Үйде, тіпті, кішкентай балаға дейін кәмпиттің қағазын қоқыс шелегіне тастау қажеттігін біледі. Неге енді шаһарды сол үйімізбен салыстырмаймыз?! – деп қынжылды маман.

Бұдан соң әкімшілік сот судьясы жоғарыдағыдай құ­былыстардың санын азайтуға әсер ететін бірнеше ұсыныстар айтты.

– Біріншіден, қаладағы қоқыс жәшіктерін қызылды-жасылды етіп, түрлі жануарлардың бейнесінде жасауға болады. Бұл бүлдіршіндердің назарын бірден аударады. Солайша оларды жастайынан тазалыққа үйретеміз. Екіншіден, Астанада биоәжетханалар тым аз. Жасыратыны жоқ, сырттан келген кісілер дәретхана таппай, сауда үйлерін іздеп жүреді. Сондықтан кісі жиналатын орындарға биоәжетханалар орнатқан жөн. Үшіншіден, әр ата-ана баласының ес білген шағынан-ақ көше тазалығын тәптіштеп ұғындырғаны абзал. Тазалық тәрбиеден басталады. Кішкентайынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратып өскен балдырғаннан болашақта саналы да мәдениетті азамат шығады, – деді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button