Мәдениет

Төлен шығармасымен топ жарды

Ұлттық академиялық кітапхана «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жариялаған «Бізді біріктіретін кітап» байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл байқауда Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірінші орынды иеленді.

Байқау шарты бойынша қатысушылар көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы алтын медаль мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіктің шығармалары бойынша шағын бейнеролик немесе слайд жасау керек болды. Қаламгер өлең де жазады. Елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оның поэзиясынан бейнежазба дайындап, байқауға ұсынды. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджановтың музыкасымен көркемделген сол бейнежазбада: «Адам сезімін ұштастыратын, әлемнен іздегеніңді тапқандай күйге түсіретін ғажайып сәттер бар. Сол сәттерді толғайтын шығармалар да бар. Адамды адамға дос қылатын, білімге көзіңді ашатын бұл – кітап» делініп, Төлен Әбдіктің «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы», «Ақиқат» және «Қайырсыз жұма» кітаптарын оқу ұсынылды.

Аталмыш бейнежазбаға Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары Әділет Еркінбеков пен Назерке Кененбаева қатысты. Сондықтан бұл жеңіске олардың қосқан үлесін де атап өту керек. Ал екінші орынды Қызылорда облысы Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бейнеролигі, үшінші орынды Айтолқын Мүсілімованың бейнежазбасы, ынталандыру сыйлығын Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бектөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Асланби Сарбашев иеленді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button