Саясат

Трамп пен Ким неге Нобель сыйлығын ала алмады?

Соңғы жылдары халықаралық Нобель сыйлығынан мән кетті. Мұны оның тек әдебиет саласы ғана емес, сонымен қатар саясат әлеміне қатысты тағайындаған сыйлығын да атаққа мүлдем лайық емес тұлғалардың алып кете беруі анық байқатып жүр. Бұл жолы тіпті «тумаған ту сиырдың уызы» үшін сыйлық беріліп кете жаздады. Абырой болғанда, ақырғы айналымда норвег комитеті сабырдың сабасына, ақылдың аясына түсіп, дүрліккен дүрмекке ілесе кетуден аман қалды.

Бұл әңгіме биылғы тамыз айынан дүр етіп туып, дүркірей көтеріле бастады. Оның нобайында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ким Чен Ынға әлемде бейбітшілікті сақтау жолында сіңірген еңбектері Нобель сыйлығын беру көзделген болатын. Ал бұл екеудің халықаралық жағдайды жақсарту үшін атқарған айтулы қызметтері Корей түбегін ядро қаруынан азат еткендері екен. Бастапқыда бұлар аталмыш сыйлықты алып кететіндей-ақ болып көрінген. Алайда соңынан комитет мүшелері мұның үлкен әбестік болатынын ойлап, тізгінді тік тарта қойды. Сөйтіп, оны «зорлық-зомбылықты соғыс пен қарулы қақтығыстардың қаруы ретіндегі пайдалануды тоқтатуға күш салғандары үшін» Конго хирургі мен Иракта тұратын құқық қорғаушы әйелге беріп жіберді.
Дегенмен шешім шығардың алдында ғана букмекерлік кеңселер мен бірқатар сарапшылар сыйлықтың Корея түбегін ядролық қарудан құтқару үдерісінің басталып кетуіне басты мұрындық болған Трамп пен Кимге берілетініне ешқандай күмән келтіре қоймаған еді. Ал шын мәніне келгенде, айтылып отыр­ған аумақтың ядролық қарудан азат бола қойғаны шамалы-тын. Бұл тұрғыдағы барлық шарапатты шара биылғы 12 маусым күні Сингапурде екі ел лидерінің өзара кездесуімен тынған болатын. Бұл саммиттегі басты тақырып КХДР-дың ядролық қарудан бас тартуы жөніндегі келісімнің бірінші раундын өткізумен шектелді. Соның алдында, мамыр айының аяғында Солтүстік Корея көсемінің Пхунгеридегі ядролық полигонды жұрт алдында жапқаны жайлы хабар тараған. Бірақ оның қаншалықты шындыққа жанасатыны сол күйі белгісіз болып қалды.
Қазір сарапшылар да Пхеньян тарапынан жасалып жүрген қоқан-лоқы салдарынан Кореяда болуы ықтимал соғыс өртінің Вашингтонның 2017 жылдың басынан белсене араласуы арқасында шұғыл сөндірілгені туралы ақпардың тым шамадан тыс өршітіліп көрсетіліп, әсіре мақталып кеткенін айтып отыр. Бұл тарапта алдымен КХДР лидері мен Корея президенті Мун Чжэ Ин кездесіп, екі аралықта ұзақ жылдардан бері сіресіп қатқан тоңды аздап жібіткендей болды. Содан кейін Ким Чен Ын мен Дональд Трамп арасында біраз ырғасқан сырттай келіссөздер жүріп жатты. Ал өзара жақындасу үдерісі тым ұзаққа созылып, қиын жағдайда жалғасты.


Бірақ КХДР-дың ядролық қарудан ада-күде бас тартып, одан біржола арылуы үшін әлі біраз уақыт керек сияқты. Бұл мәселе екі жақтың да әлі талай жүйкесін жұқартатын түрі бар. Осы орайда Вашингтонның ең алдымен Солтүстік Корея басшысы мұндай батыл қадамға бару үшін біраз нәрсеге толық сенімді болуы керектігін ұмытпағаны жөн. Соның біріншісі Америка әскерлерінің Оңтүстік Корея аумағынан түгел әкетілуі болса керек. Міне, Нобель комитеті де сол жағдайда ғана «бейбітшілік жолындағы қозғалыс» басталып кеткеніне илана алады. Сол кезде бұл сапта жоғарыда аталған екеуден бөлек, Мун да тұруға тиіс. Тіпті сыйлық тек екі корей мемлекетінің лидерлеріне ғана тағайындалса да жетер еді. Себебі олар шын мәнінде өздерінің үш рет өткен ұшырасулары кезінде көптеген шиеленісті мәселені оңтайлы шешіп, сеңнің орнынан қозғалуына айтарлықтай мол еңбек сіңірді. Мұның үстіне екі корей мемлекеті арасында 46 жылдан бері жалғасып келе жатқан (арасында 20 жылдық үзіліс те орын алды) келіссөзді жүргізушілердің бірде-бірі бұған дейін осы үшін Нобель сыйлығын алып көрмеген-тін. Ал Нобель комитеті осы жолы бұл тақырыпқа алабөтен назар аударып, атап өткенінде бұл кезге дейін есіл еңбектің бір өтеуін өтегендей болып көрінер еді.


Басында Корея үшін сыйлықты тек Трамптың өзіне ғана беру жөнінде ұсыныс айтылған. Бірақ мұның өтпейтіні бірден белгілі болған. Өйткені, Дональд 2009 жылы тек жылтыраған сөздері үшін ғана Нобель сыйлығын ала салған Барак Обама емес еді. Керісінше Батыс баспасөзі Трампты «бейбітшілікке төнген қатерге» санайды. Ақырында сыйлық қосақталған үш тұлғаға де, тіпті екі лидерге де берілмей қалды. Сөйтіп, әлемнің басым бөлігінің Трампты ұнатпаушылығы норвегтердің таңдау жасаулары кезінде бәрін шешіп кетті.
Комитет бұлардың орнына конголық хирург Денис Муквеге мен ирактық құқық қорғау­шы Надя Мурадты осы атаққа лайықты көрді. Олардың еңбектері бейбітшілік жолында күресуге талпынғандардан артық болып шықты. Айталық, 63 жастағы гинеколог, госпиталь директоры Муквеге бұрынғы Заир жерінде ондаған жылдар бойы жүрген соғыс кезінде топтық зорлыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсеткені үшін құрмет қошеметіне бөленіпті. Ол өзінің 18 сағатқа созылған жұмыс күнінде 10-нан аса операция жасап, мыңдаған әйелге көмек көрсеткен. Бірақ сарапшылар оған бұл атақты қазір емес, өзінің есімі бүкіл әлемге танылған 2009 жылы берілу керек еді дегенді айтады. Ол әлемдегі гинекологиялық жарақаттарды емдеу саласындағы аса ірі маман болып саналады. Сол сияқты 25 жастағы Мурадтың да еңбегі «Ислам мемлекетінде сексуалды құлдықта болған кезіндегі» өшін құқық қорғаушы ретінде қайтарып жүргені негізінде еленген. Бұдан екі жыл бұрын Time журналы оны әлемнің 2016 жылғы ең ықпалды 100 адамды қатарына қосты.
Бірақ сарапшылар арасында жағдайды бұлайша сарапталуына наразы болғандар да баршылық. Олардың бірқатары сұрақты бұл тұрғыда «Нобель комитеті үшін әскери қақтығыстар кезінде әйелдерге көрсетілетін зомбылықпен күрес жаһанның жүзін алып кетуі ықтимал алапаттың алдын алудан да маңызды болғаны ма?» деген мазмұнда қойып отыр. Олардың ойларынша, Трамп, Ким және Мун еңбектерінің жоғары сыйлықпен аталып өтулеріне толық негіз бар еді. Қалай дегенде де, Дональд Трамп бұған дейін аталмыш сыйлықты алған АҚШ-тың бес президенті қатарына қосыла алмай қалды. Ал Корея мемлекеттері өздерінің тарихтарында тұңғыш рет қол жеткізгелі тұрған сыйлықтан қағылды.
…Ал дүниедегі буыр­қаныс қазір керісінше күшеймесе, төмендей қойған жоқ. Қайта оның алдағы уақыттарда бұдан да шиеленісе түсетін түрі бар…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button