Руханият

Тұлғалар туралы толғанған

Биыл белгілі публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбайдың журналистика майданында атой салғанына қырық жыл толады. Түрлі баспасөзде қызмет істеп, соңғы ширек ғасыр бойы басшылық қызметтерді атқарып келе жатқан журналист бүгінде «Ана тілі» газетінің бас редакторы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаламгермен кездесу өтті. «Тұлға-тағдыр» атауын алған жүздесуді аталмыш бірлестіктің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.

[smartslider3 slider=2197]

Қали Сәрсенбай еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастап, спорт журналистикасының саңлағы Сейдахмет Бердіқұловтың мектебінен өтіп, шыңдалды. «Өркен – Горизонт», «Жетiсу» газеттерінде қыз­мет істеді. «Егемен Қазақстанда» редакторлардың редакторы Шерхан ­Мұртазаның тәлім-тәрбиесін көрді. «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары, «Жас Алаш» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары болды. Қазіргі қызметіне келгенге дейін «Алматы ақшамы» газетін он бес жылдан астам уақыт басқарды. «Өнер-өмiр», «Сендердi сағынғанда», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Абыз-аңыз», «Шер-шындық» атты кітаптары жарық көрді.

Осы кездесу барысында қаламгердің «Түнгі қойы­лым» және «Дүлдүл» атты қос кітабының тұсауы кесілді. Алғашқы кітапта автордың әдеби шығармалары топтастырылған. Соның ішінде кітап аттас әңгіме де бар. Ал екінші кітап көрнекті композитор, жазушы, өнер зерттеуші, суретші Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына арналған.

Қали Сәрсенбай – белгілі тұлғалар жайлы көп жазған қаламгер. Соның ішінде түрлі саладағы өнер иелері, қаламгерлер, ғалымдар жайында қалам тербеді. Көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков оны жанына жақын тартты. Журналистің бірнеше мақаласы да Өзбекәлі Жәнібекұлының ықпалымен жазылды.

Еуразия университетіндегі кездесуіне атау берген «Тұлға-тағдыр» кітабында қылқалам шебері Әубәкір Ысмайыловтан бастап, заңгер Салық ­Зиманов, әдебиеттанушы ғалым ­Зейнолла ­Қабдолов, жазушылар Әзілхан ­Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, композитор Нұрғиса Тілендиев, академик Төрегелді Шарманов, ақын Қадыр Мырза Әлі, мемлекет қайраткері, жазушы-публицист Камал Смайылов, т.б. көрнекті тұлғалардың галереясы сомдалды.

Екі сағатқа созылған кездесуде Қали Сәрсенбай өзінің журналистикаға қалай келгені, соның ішінде тұлғатануға қалай бет бұрғаны, аты аңызға айналған тұлғалармен қарым-қатынасы туралы кеңінен əңгімелеп, оқырмандар сұрақтарына жауап берді. Оның шығармаларынан үзінділер оқыған студенттерге ризашылы мен университет басшылығына алғысын жеткізді. Арасында ән де шырқалып, ақжарма тілектер де айтылды.

Кездесуге қатысқан белгілі публицист, әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек ­Абдрахманов, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, сатирик Көпен Әмірбек, ақындар Қасымхан Бегманов пен Ғалым Жайлыбай, т.б. университет қонақтары Қали Сәрсенбайдың адами қалпына, тұлғалық қасиетіне, шығармашылық қырларына тоқталды.

Жиынды түйіндеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Қали ­Сәрсенбайға ғылыми кеңестің шешімімен берілген оқу орнының «Күлтегін» медалін тапсыр­ды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button