РуханиятТағзым

Түркі әлемінің тұлғасы

Өтіп бара жатқан 2017 жыл күллі әлемдік құрылысты қақ жарып, дүниені түбегейлі өзгертіп жіберген әйгілі оқиға – тарихқа Ұлы қазан социалистік революциясы деген атпен енген төңкеріске 100 жыл толған жыл болды. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында бұл оқиғаның жай-жапсарын, салдарын жан-жақты терең талдаған жарияланымдар, көрсетілімдер берілді. Бірақ қазақ баспасөзі бұл тақырыпты жете қозғай қойған жоқ. Ал бұл оқиғаның қазақ қоғамына әкелген пайдасы мен зиянын тағы бір сараптан өткізудің, тарихи сананы жаңғыртудың артықшылығы жоқ еді. Осы төңкеріспен сабақтас Алаш қозғалысына, Алаш өкіметіне, Қоқан өкіметіне де 100 жыл толуы айтар әңгіменің аз еместігін көрсетеді.

Еуропада кеңес өкіметімен саяси күресін жалғастырған көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқай 1930 жылы елдегі революциядан кейінгі кезеңнің сабақтарын тұжырымдай отырып, «Автономиядан» азаттыққа!» деген шағын мақаласында бас тақырыпта «автономия» сөзін кекесінмен тырнақшаға ала отырып, өкінішпен былай деп жазады: «Біздің буыны қатпаған жас ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында уақыты келген сайын еске алатын қаншама тарихи күндері баршылық. Міне, сондай тарихи күндердің бірі 1917 жылдың 10 желтоқсаны болып табылады. Бұл күні Қоқан қаласында жиналған Түркістанның 4-ші жалпы өлкелік құрылтайы Түркістан автономиясын жариялады. Біз бұған Түркістанның бүгінгі ұлт-азаттық қозғалысы жолында салынған алғашқы негіз, бірақ бұл жолда өжет атталмаған қадам ретінде қараймыз…
Он үш жыл бұрын біз ұлт-азаттық қозғалысымыздың бағдарламасын жасағанда автономиямен ғана шектелуді дұрыс санадық. Сонда, орыс отаршылдығында болған Польша, Финляндиядан басқа ұлыстар, орыс төңкерісі және орыс демократиясына сенген-ді. Поляктар мен финдерден басқа ешбір халық ұлт-азаттығын тез жүзеге асыруды ойлай алмаған еді…
Орыс төңкерісі және орыс демократиясына сенушілік түркістандықтар арасында да бар еді. Бұл ықпал астында біз ұлттық мақсат-мүддемізді іске асыру үшін автономиямен шектелген едік… Біздің орыс төңкерісіне деген сеніміміз және үмітіміз дұрыс шықпады.
Орыс төңкерісінің демократиясы жалғыз бұл төңкерісті жоғалтумен қалған жоқ. Ол бізге өз ұлттық мәселемізді онымен достық және ынсап қағидаттары төңірегінде жұмыс-талас арқылы жолға салу жөніндегі қанағатшылдығымыздың қателік екенін ашық көрсетіп берді…
Заман басқа. Уақыт та өзгерді. Біздің халықтың саяси санасы өсті. Халқымыз балиғатқа жеткен жерде. Халқымыз енді ұлттық мақсат-мұратымызға тек өз тағдырымызды өз қолымызға алғанда ғана шешілетінін түсінді. Ұлттық азаттық бізді бүкіл әлемнен айырып, опырып тастаудың бір Қытай дуалы болмайды. Ұлт азаттығы – халқымыздың ең заңды мәселесі. Ұлт азаттығы залымдардың зұлымдығынан, өз мүддесін ойлайтындардың таласынан жұртты және халықты сақтайтын қорған». Мұстафа Қоқан автономиясын құрудың сабақтарын өкінішпен осылай саралап, келелі ой қорытады.
Революцияның алғашқы жылдары Қазақ даласы, Түркістан ғана емес, Ресей шет аймақтарының барлығы большевиктердің өкімет билігін өз қолдарына алғанға дейін мәлімдеген: «Ресейдің құрамына кірген барлық ұлттың емін-еркін бөлінуге және дербес мемлекет құруға деген құқы танылуға тиіс. Мұндай құқты жоққа шығару және оны іс жүзінде жүзеге асыруға кепілдік беретін шаралар қолданбау – басып алу немесе жаулап алу саясатына барабар» деген ұстанымына сеніп, дербес ұлттық мемлекеттер немесе Ресей құрамында автономия құруға ұмтылды. Большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне Үндеу жолдап, уәделерін еселей түсті: «Уақытты өткізіп алмаңыздар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер! Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Тұрмыс-тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалау-ықтиярларыңызға орай құруға тиіссіздер!». Бостандық арманына қол созым қалды деген осы емес пе.
Большевиктердің осынау уәдесін пайдаланып, Ресейдегі қазан төңкерісінен кейін бір ай шамасында 10 желтоқсанда іле-шала құрылған Қоқан автономиясы Қазақ мемлекеттілігіне тікелей қатысы бар үлкен тарихи оқиға еді. Бұл мемлекет кеңестік тарихта мәні кемітіліп, бір қаланың аясындағы ғана құрылым сияқты көрсетіліп, «Қоқан автономиясы» деп аталды. Ол кезде Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент большевиктер қолында еді. Олардың қолында күш, әскер болды. Сөйтіп, Түркістанда қос өкімет – Ташкентте кеңестік, Қоқанда ұлттық автономия (мұхтарият) жарияланды. Қоқан автономиясының алғашқы Премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаев, көп ұзамай Мұстафа Шоқай болды. Білікті адамдар аз, әскер жоқ, қаржылық мүмкіндік шектеулі, айнала анталаған дұшпандық жағдайында мемлекет құру, көрші елдермен келіссөздер жүргізе отырып, ынтымақтаса өмір сүру қарекетіне М. Шоқай беріле кіріседі.
Бұл мемлекетті Қазақстанға қатысы жоқ сияқты етіп көрсетіп тұрған «Қоқан автономиясы» деген атауы ғана. Сол кезде бүкіл Жетісу, Оңтүстік, Сыр бойы әкімшілік-аумақтық тұрғыдан Түркістан өлкесіне қарайтын, сондықтан Түркістан республикасы дегеніміз (ұлттық болсын, кеңестік болсын) кезінде патша өкімет бөліп тастаған жарты Қазақстан. Талай зиялымыздың өмір тарихы, қызметі Ташкентпен байланысты болатыны содан.
1924 жылы қыркүйекте Ресей Федерациясы құрамындағы Түркістан автономиялық кеңестік республикасында жергілікті қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, тәжік және түркімен халықтары тұратын аумақтарды ұлттық межелеу нәтижесінде Түркістанға қарап келген байырғы қазақ жерлері Жетісу, Оңтүстік және Сыр бойы Қазақстанға қайта қосылды. Патша өкіметі біртұтас қазақ елін өзіне қаратып болған соң 1867 жылы әкімшілік тұрғыдан үш аймаққа бөліп тастаудың салдарынан үшке бөлініп қалған халқымыз, жеріміз қайтадан біртұтас болып бірікті.
Қоқан автономиясы екі жарым айдай ғана уақыт өмір сүрді. Түркістан кеңестік үкіметі оған тұтқиылдан шабуыл жасап, озбырлықпен құлатты. Қоқан қаласының 200 мың тұрғынының төрттен бірі ғана аман қалды. Ресейдің келісімінсіз ендігі жерде Түркістанда ешкім де, ешқашан да автономия құруды ойламауы үшін осындай қорқыту шарасы қолданылған-ды, – деп атап көрсетті жазушы Ә. Әлімжанов. Адал тілекшілерінің арқасында сытылып кеткен М. Шоқайды ұстау үшін большевиктер оның басына 1 мың рубль тікті. Елім деген ерді ешкім ұстап бермеді. Ал Ферғана тауына тығылғандар 1928 жылға дейін он жыл қарсылық қозғалыс жүргізіп бақты, кеңестік тарихта олар бүлдіргі «басмашылар» деп аталды.
Большевиктердің ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына кепілдік беру уәдесі бос сөз болып шықты. Қоқан автономиясын құлатып қана қойған жоқ, өздері 1917 жылғы 16 қарашада құрған Түркістан кеңестік өкіметінің құрамына бірде-бір жергілікті халық өкілі – түркістандықты тартпаған еді. Қазіргі кезде мұсылмандарды жоғары өлкелік, төңкерісшіл өкімет органдарына енгізуге мүлде болмайды деп, жергілікті халықтар өкілдерін билік маңына жуытпай қойған-ды. Шет аймақтардың Ресейден бөлінуін талап ету социалистік төңкеріске қарсылық деп бағаланды. Көп ұзамай қызылдар қазақ даласында Алашорда өкіметін де құлатты.
Елін азаттыққа жеткізу, іргелі мемлекет құруға ұмтылыс күллі қазақ зиялыларының ортақ мақсаты еді. М. Шоқай күллі түркі халықтарының басын біріктірген тұтас Түркістан автономиясын құруды ұсынды, орыстың отаршылдығынан құтылу үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек деп түсінді. «М. Шоқай өзінің туған елі қазақ халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері тұрып келе жатқан туыстас өзбек, қырғыз, түркімен және басқа халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қараған емес. М. Шоқай үшін Түркістан халықтарының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі – бірінсіз бірі жоқ егіз ұғымдар» дейді тарихшы ғалым М. Қойгелді. Ол Түркістандағы бауырлас халықтар бір болғанда ғана ірі боларын, ірі болғанда ғана тірі қаларын ойлаған еді. 1936 жылы Берлин қаласында Еуропада оқуда жүрген Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде былай дейді:
«Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір… Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат… Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек.». Мұстафаның түркі халықтары ауызбірлікті болыңдар деген бұл жалынды ұраны әлі де өміршең екенін тарих көрсетіп отыр.
Алаш алыптары шоғырына жататын арыстарымыздың әрқайсысының орны айрықша. Оларды бірінен бірін ажыратып қарау да, еңбектерін таразылау да жөн болмайды. Солардың ішінде Мұстафа Шоқай – сан қырлы ерекше тұлға, мемлекет басқарған қабырғалы қайраткер. Ол Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған ер. Саяси көзқарас кеңістігі тұрғыластарынан әлдеқайда кең болмаса кем болмаған М.Шоқай қазақтың тәуелсіздігін Түркістанның тәуелсіздігінен бөліп қарамаған.
Шоқайдың тағы бір қыры, ол – қазақтың, тіпті, Түркістанның тарихында алғаш саяси эмиграцияға кеткен және басшылық еткен ірі тұлға. Оған дейін біздің тарихымызда шет елдерге шыққан адамдар болғанымен, саналы түрде, күрес жүргізу үшін эмиграцияға кеткен тұлғалар болған емес.
Сонымен қатар, шет елдерде большевизмге қарсы блоктың белсенді басшыларының біріне айналған Шоқай қазақ тарихында Батысқа танымал алғашқы саясаткер. Ол Грузия, Түркия, Германия, Франция, Британия, Италия, Польша, Чехия сияқты елдерді аралап жүріп, түрлі халықаралық беделді ұйымдармен байланыса отырып, Кеңес Одағындағы қанды қырғын мен солақай саясат туралы мақалалар жазып, Батыс әлеміне таратты. Сол тұста алашордашылар тұтқында отырғандықтан немесе атылып кеткендіктен, біз анық ақиқатты Шоқайдың шет елдерде жүріп жазған еңбектерінен табамыз. Кеңес өкіметі өз билігінің бас кезінде-ақ отызыншы жылдары қазақтың ұлттық мүддедегі қайраткерлерін түгелдей дерлік жойып, халықты басегесіз қалдырған жағдайда, М. Шоқай шетелге сытылып шығып кетуінің арқасында кеңестерге қарсы саяси күресін өршелене тоқтатпаған, большевизмнің бітіспес жауына айналған бірден-бір аса ірі қайраткер еді.
Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда (қазіргі күнтізбемен 1891 жылы 7 қаңтарда) қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Наршоқы деген жердегі қыстауда дүниеге келген. Шын туған жылы – 1886 жыл. 1890 жылы Нұртаза деген інісі туылған. Құжаттарында туылған жылы 1890 жыл болып жазылып кетуінің себебі – Ташкентке гимназияға кеш барғандықтан, жасын кішірейтіп жазуға тура келген сияқты. Мұстафаның туған жылын анықтайтын дерек – ОГПУ органдарының 1926 жылы М. Шоқайға толтырған деректеме қағазы. Мұнда «ұлтшылдық ұйымның мүшесі» М. Шоқайдың туған жылы 1886 деп көрсетілген.
Қоқан өкіметін құлатты екен деп мұқалған Мұстафа болмайды. 1918 жылы тамыздың аяғы және қыркүйектің басында әуелі Орынборда, одан кейін Самарада Түркістаннан М. Шоқай мен Ұбайдолла Қожа, Алаш көсемдерінен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышпаев және Башқұрт үкіметінің басшысы З. Уәлиди, басқа да қайраткерлер қатысқан бірқатар маңызды саяси жиналыс өтеді. Міне, осы жиналыстарда олар Алаш, Башқұрт және Түркістан үш өкіметінің «Оңтүстік-Шығыс автономиялық мұсылман өлкелері одағы» федерациясын құру, қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы саяси шешім қабылдайды. Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан идеясы осылай күні кеше әртүрлі пікірде болған ұлт қайраткерлерінің басын түйістіреді. Қазақ зиялыларының көсемі Әлихан Бөкейханов бастан өткен Алаш және Түркістан мемлекеттерін құру тәжірибелерін сабақтай келе, бұған дейін ұстанып келген «Автономия құру – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтаң отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халықтарының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық» деп, бірігуді қажет таппаған қағидатты ойынан айныған.
Олар осы шешіммен тоқтап қалмайды, большевиктерге қарсы Ресейдің саяси қозғалыстары Уфада жиналған мемлекеттік кеңес конгресіне қатысады. Конгрестің мақсаты демократиялық жалпы Ресей өкіметін құру еді. Жиналыс Екатеринбургте жалғасады. Конгресс өзінің атқарушы Комитетін құрады. М. Шоқай осы Комитет төрағасының орынбасарлығына сайланады. Осы жиналыста қабылданған тағы бір шешім бойынша М. Шоқай, тағы үш адам АҚШ-қа барып, президент Вильсоннан қолдау көмек сұрауға тиіс болады. Бұл күллі Ресей саяси қозғалыстары серкелерінің арасында Мұстафасының аса танымал, беделді қайраткер болғандығын көрсетеді.
Сапарға дайындалып жатқан кезде өзін Ресейдің жоғарғы билеушісімін деп жариялаған адмирал Колчак өзіне бәсеке орган мүшелерін қамауға алады. Көзден тасалау жерге алып барып бәрін атып тастау үшін поезға мінгізіп әкетіп бара жатқанда тұтқындар Челябі вокзалында көтеріліс ұйымдастырып, қашып кетудің сәті түседі. Алла сәтін салып, қайран ер осылай Қоқаннан кейін екінші рет төніп тұрған өлімнен аман қалады. Осылайша бір жағы орыс демократиясын пайдаланып, екінші жағы күллі мұсылман зиялылары тізе қосып, Швейцария үлгісіндегі «Оңтүстік-Шығыс автономиялық мұсылман өлкелері одағы» федерациясын – Ұлы Түркістанды құру мүмкіндігі тағы да уыстан шығып кеткен еді. Тарих басқаша қалыптасты.
1919 жылғы ақпанда Мұстафа Шоқай Маңғыстауда Форт-Шевченко қаласында кемеге отырып Әзірбайжанға өтті. Бұл оның туған жерден біржолата кетуі екен. Еуропа халықтарының да тілін білген Мұстафаны шетелге кетіп, күресті идеологиялық тұрғыдан жүргізуіне кеңес берген ұстазы Әлихан Бөкейханов. Азаттық қозғалысының бұрын жабық болған құжаттарымен танысқан тарихшылар қазір осылай дейді. Әлекеңнің көрегендігі де сонда, елде қалғандар кеңес өкіметін мойындағандарымен, бұрынғы қарсыластарын кеңес өкіметі тірі қойған жоқ, тірі қалғандарының күресерге дәрмені қалған жоқ. Күресті жалғастырған қазақтан жалғыз саяси елауған Мұстафа Шоқай еді.
Аласапыран заман оны барған сайын елінен алыстата берді. 1919 жылы Грузияға өтіп, Тбилисиде екі жыл тұрды. Жары Мария артынан жетіп, екеуі қайта табысады. Бұл да Марияның ерлігіне балар іс еді. Шет елдерде қаржы тапшылығынан көрген тұрмыс қиыншылығы көп болыпты, бірақ барлық уақытта мойымай амалын тауып отырған. Мұстафаның ұлтшылдық ұстанымына ешуақытта қарсы келмей, қолдап отырған. Мұстафа да мәселе бұқара орыс халқында емес, мәселе Түркістанды отарлау саясатын жүргізіп жатқан басшылықта деп, күрес мәнісінің аражігін ашып көрсеткен.
1921 жылы ақпанда қызылдар Грузияны басып алып, жағдай өзгерген соң олар Батумиде кемеге мініп, Түркияға кетеді. Туыс ел болғанымен, онда да көп тұрақтай алмай 1921 жылы көктемде Парижге келеді. Париж түбіндегі шағын Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрақтайды. Мұсекең қай елге барғанда да бас сауғалап, тек жан бағып жүрмеді, саяси күрестің мүмкін жолдарын іздестіреді, мақалалар жазып баспасөзге белсене араласады, газет, журналдар шығарады. Еуропадағы 20 жылда түрік-мұсылман халықтарының ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстар оның төңірегіне топтасты.
1924 жылы Түркістан ұлттық бірлігі ұйымы құрылып, оған мүше болады, кейін оны өзі басқарады. Ұйымның «Йени Түркістан» («Жаңа Түркістан»), «Яш Түркістан» («Жас Түркістан») журналдарын ұйымдастырды. Орыс елауғандарының «Дни», «Последние новости» газеттеріне, француз, ағылшын, поляк басылымдарына жүздеген мақала жазады, үш кітап шығарады. «Яш Түркістан» журналының 1931-1936 жылдарғы барлық нөмірінің түпнұсқасын Қазақстан сатып алды, ал «Йени Түркістан» журналының 1927-1931 жылдарғы сандарының көшірмелерін Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара бауырымыз Отанына сыйға тартты.
М.Шоқайдың халық­аралық байланыстары тек түркі халықтарының өкілдерімен шектеліп қалған жоқ. Ол Украина мен Кавказ халықтарының Еуропадағы өкілдері құраған Прометей одағына кірді. Бұдан басқа, Парижде Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достық комитетін құрып, оның басшысының орынбасары болып сайланды. Ағылшын парламенті, жапон үкіметі мүшелерімен байланыс орнатты. Елдегі ахуалға құлақ түріп, кеңестік баспасөзді, кітаптарды талдап отырды, соларда айтылған фактілер негізінде кеңес өкіметі халық басына түсірген нәубетті, ашаршылық, қуғын-сүргін қырғын туралы Еуропа елдеріне жария етті, большевиктердің қылмысын әшкереледі.
М. Шоқайдың осындай белсенді қызметі елдегі қарсыластарының бәрінің көзін құртып үлгерген кеңес басшылығын, Сталинді қатты алаңдатты. Сондықтан оның туған-туыстары есепке алынып, қуғынға түсті, атылды. Оның өзін өлтірудің де амалдары ойластырылды.
М. Шоқайдың шетелдегі саяси қызметінің ең таласты кезеңі гитлерлік Германиямен байланысы. Немістер оны 1941 жылдың жазында Франциядан Берлинге алып келіп, өз мақсаттарына пайдалануды ұйғарған. Мұстафаны тұтқын түркістандықтардың тізімін жасауға, білімін, мамандығын анықтауға жұмсаған. Осы орайда айта кететін мәселе – орыс емес тұтқындардың санын анықтау, олардың көңіл ауанын барлау мақсатында немістер тек М. Шоқайды тартпаған, кеңестік шығыс халықтарының 600-ге жуық адамы – саяси мұғажырды тартып, 25 комиссия құрған екен. Тұтқын кеңес жауынгерлерінен құрылған жасақ жалғыз Түркістан легионы болмаған және ол легион М. Шоқай қайтыс болған соң, 1942 жылы жазда құрылған.
Баспасөзде М. Шоқай қызметі туралы мақалалар жариялануда. Республика жұртшылығына Мұстафа Шоқай қызметі туралы кеңінен насихаттау қажет, өйткені оның саяси қызметі туралы кеңес заманында сіңірілген жаптым жала, жақтым күйе теріс ұғым талайдың санасынан әлі де өше қоймаған. 2014 жылы Астанада бір орта мектепке Мұстафа Шоқай есімін беру туралы ұсыныс қалалық мәслихат қарауына шығарылғанда қала депутаттарының біразының Мұсекең туралы жаңсақ пікірде болуы, ұсынысты өткізбеуі – осының дәлелі.
Бүгінде Түркістан халықтары тәуелсіз мемлекеттер құрып отыр. Қазақстан тәуелсіздігін жарияласымен іле-шала бірнеше сағат ішінде ең алдымен таныған Түркия болды. Қазір Түркі мемлекеттері басшыларының, парламенттерінің ынтымақтастығы, мәдени байланыстар сияқты жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар Мұстафа Шоқай арманының орындалғандығының айғағы.
Еуропада мұғажырлықта жүріп, сол бір болашағы бұлыңғыр жылдарда халықтарының келешегі үшін бастарын қатерге тіккен, саяси күресте иықтас болып, бір-бірінің қадірін білген замандасы Украина халық республикасының сыртқы істер министрі, профессор А. Шульгин былай деп жазған екен: «Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін».
Иә, қайран Ер Мұстафа халқының жүрегінде. Оның ерлік істеріне разы тәуелсіз Отаны, күллі Түркістан жұрты Астана, Ташкент, Бішкек, Ашғабад, Анкара, Уфа, Қазан төрінде үлкен ескерткіштер қоятын болар әлі. Әзірге Мұстафа ескерткіші туған елінде Қызылорда қаласында, Шиелі ауданының орталығында және туған ауылы Сұлутөбеде ғана. Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында Мұстафа тұрған үйдің жанына оның ескерткіші орнатылды.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Қазақстанның мәдениет қайраткері

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button