Қоғам

Ұлтқа берері мол бағдарлама керек

Демалыс күндері үйде болғаннан кейін біруақ теледидарға үңіліп, алдымен отандық арналарды шоласыз. Әйтеуір, сенбі-жексенбіде біздегі телеарналар концерттер мен түрлі әзіл-шоулардан босамайды. Бұларды көре-көре мезі болған соң ба, тіпті, қарағыңыз келмейді. Сосын амалсыз басқа жұрттың арнасына көшесіз.

Өз басым, Ресейдің «Культура» арнасындағы кезінде сол мемлекеттің Мәдениет министрі болған, қайраткер Михаил Швыдкой жүргізетін «Агора» атты ток шоуын қызығып көремін. Неге дейсіз ғой? Бұл бағдарламада орыстың зиялылары жиналып, ұлт мәселесінен бастап, тарих, әдебиет, театр, кино, музей, қысқасы, осы саладағы проблемалардың сан қырын қозғап, кем-кетігін талдап, өрелі ойлар айтып жатады.
Біздің зиялыларды да бұл мәселе алаңдатады. Бірақ оларды телеэкранның төріне шақырып, пікірін айтқызып отырған ешкімді көрмейсіз. Төрт құбыламыз түгел ел секілдіміз. Қазір біз үшін «шоу» бағдарламалардың дәурені жүріп тұр. Алайда бүгінгі мәдениетіміз, әдебиетіміз қандай деңгейде, театрымыздың жағдайы қалай, жастар неге кітап оқымайды деген сан-сауал өз ұлтының келешегін ойлайтын кез келген қазақты ойландыратыны анық.
Өткен жолы «Әдебиет» порталында жас театр сыншысы Айзат Қадыралиева­ның қазіргі қазақ театрының дамуына күйініп, батыл пікірлер айтқан сұхбаты жарық көрді. Осы мәселені телеарнадағы арнайы бағдарламада сала мамандарын шақырып, талқыласа болар еді. Бірақ біздің арналарда театр туралы бір бағдарлама жоқ.
Жалпы, ұлт зиялыларының ойлары мен пікірлері газет-журналға берген сұхбаттары мен мақалаларында ғана айтылады. Бір кездері көрнекті сыншы, қайраткер Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» бағдарламасының жария­лылық тұсында ұлтты оятуға ықпалы күшті болды. Ғасыр басында ұлттық арнада журналист, марқұм Рахат Мамырбек жүргізген «Күлтөбе» деген бағдарламада зиялылар ой-пікірімен ұлттық мәселені жан-жақты қозғады. Қазір бізге осындай бағдарламалар ауадай қажет. Мүмкін оның рейтингі төмен шығар, бірақ халыққа берері мол. Осыны отандық телеарналардың тізгінін ұстап отырған азаматтар ескерсе екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button