Таным

Ұлттық тарих шынайы зерттеуді қажет етеді

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті. Жиында «Халық тарих толқынында» бағдарламасының әзірленуі, сонымен қатар, жұмыс тобының өткен отырыстарында қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметі талқыланды.

Әмбебап тарихшы болмайды

Алдымен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин еліміздегі ұлттық тарих саласындағы зерттеулерді кеңейту мен тереңдету жөніндегі шаралардың ауқымды кешенімен таныстырды. Жұмыс тобы ғылыми-тарихи қоғамдастықпен бірлесіп біршама жобаларды жүзеге асырған. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 20-ға жуық ғылыми іс-сапарлар ұйым­дастырылған. Қазақстандық ғалымдар Иран, Үндістан, Қытай, Египет, Түркия, Монғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан және Ресей елдерінің мұрағаттарынан ел тарихына қатысты құнды құжаттар алып келген. Мәселен, экспедицияға қатысушылар Түркі қағанатының қалыптасуы мен дамуы жөніндегі түркі жазулары мен қолжазба дерек көздерін, Шыңғысхан дәуірі кезеңіне дейінгі түркі тайпаларының тарихи сабақтастығы мен этнографиялық байланыстары жөнінде мәліметтер тапқан. Ал, Қытайға сапар кезінде қазақ тарихына қатысы бар 283 томнан тұратын Цин империясы мұрағаттық құжаттарының көшір­мелері әкелінді. Мәдениет және ақ­парат министрі Мұхтар Құл-Мұхам­медтің мәлімдеуінше, ғалымдар алып келген мұндай сенсациялық материал-дарды қазан айында Абылай ханның 300 жылдығын мерекелеуге арналған халықаралық конференцияда таныс­тыру жоспарлануда. Министр сонымен қатар бүгінгі тарихшылар туралы да сын айтты. «Тарихқа жол­дан қосылған тарихшылар бүгін сақ тарихына, ертең ғұн тарихына, бүрсігүні түрік тарихына, одан арғы күні қазақ тарихына әмбебап шығармаларды топырлатып жаза береді. Олардың барлығы ғылыми айналымға түспейді және ол ғылыми тараптан үлкен баға да алмайды. Сондықтан, тарихшылар бүкіл өмірін бір тақырыпты зерттеу­ге арнау керек. Шетелдік мұ­рағат­тардағы қазақ тарихына қа­тысты құжаттарды алдырмайынша, оларды зерттеп, жүйелемейінше нақты нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз. Осыған байланысты, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Халық тарих толқынында» деген жалпы айдар бойынша Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарын осы тақырыпқа жұмылдырды. Соның нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс-пен жұмыс істейтін және мемлекет меншігіндегі басылымдардан басқа, жеке меншік жетекші телеарна, радио, газет, интернет қауымдастығындағы ақпарат құралдарында қысқа мерзімде, 5 маусымнан бүгінгі дейін 2170 материал жарық көрді» деді М.Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ, министр елі­мізде қалпына келтірілген мәдени ескерткіштер туралы мәлімдеді. Бү­гінде «Қазреставрация» 89 тарихи-мәдени ескерткішті жаңартып, қал­пына келтірген. Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейде тиісті жұмыстар жалғасын таппақ.
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмысты жаңғырту мәселелері жөніндегі тап­сырмалардың іске асырылу барысын баяндады. Оның айтуынша, 2013-2014 жаңа оқу жылының басында барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары ашылған. Тарих мамандығы бойынша жоғары білімді, жоғары оқу орнынан кейінгі білімді, сондай-ақ, РһD докторларын дайындауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылды. Ғалымдар тобы ежелгі дәуірден тәуел­сіздік алғанға дейінгі ұлттық тарих бойынша базалық оқулықтар дайындау жұмыстарын бастап кеткен.
Ал, Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану институтының бөлім мең­герушісі Меруерт Әбусейітова қазақ­стандық ғалымдардың шетелдік мұрағат орталықтарындағы жұмы­сының нәтижелерімен ой бөлісті. Интерактивті тақта арқылы құнды құжаттармен жеке-жеке таныстырып, тарихи маңыздылығы жөнінде молынан ақпарат берді. Жалпы, жұ­мыс нәтижесі бойынша мұрағат ма­­териалдарының 3 мыңнан астам кө­шірмесіне қол жеткізілген.

Ғылыми-зерттеу орталықтары

Отырыс барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов елімізде құрылған ғылыми-зерттеу құрылымдары туралы хабардар етті.
Алматыда Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталық құрылған. Мақ­саты – Қазақстан мен Орталық Азия­ның дәстүрлі өркениеттерінің ғы­лыми проблемаларын жаңа әдісте­мелік ұстанымдардың негізінде пысықтау.
Ғылым комитетінің Жалпы генетика және цитология институты жанынан құрылған Популяциялық генетика зертханасында ірі зерттеулер жүргізілмек. Вице-министр бұған қоса Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында құрылған Дүние жүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми орталық пен археологиялық даталау жөніндегі халықаралық зертхананың мақсат-міндеттерін көпшілікке баяндады.

Мақсаты айқын – «Mangi el»

Жиында халықаралық «Mangi el» ғылыми-көпшілік журналының ал­ғашқы нөмірі таныстырылды. Таяу және алыс шетелдердегі түркітілдес мемлекеттерге тарайтын журнал әзірге 3 мың данамен шығыпты. Басылымның бас редакторы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Жиында сөз алған ректор аталмыш журнал қазақтардың және басқа да түр­кі­тілдес халықтардың тарихы мен мәдениетін терең зерттейтінін, оқыр­манның ғылыми дүниетанымын қалыптастыратынын және ұлттық тарихи жетістіктерімізді насихаттайтынын айтты. Редакциялық алқа құрамына танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мен тарихшы ғалымдар кірген. Журнал «Тарих толқынында», «Көшпенділердің ұлы мұрасы», «Ұлт жетістігі», «Отандастар. Шекара», «Жусан», «Қорамсақ», «Болу үшін», «Сөз арасында» секілді онға жуық айдардан тұрады. Жиында осы журналдың таралымын арттыру мәселесімен қатар ғалымдардың бір кісідей атсалысуы жөнінде кеңінен айтылды.

«Қазақстан тарихы» таныстырылды

Ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелеріне отырыс барысында Қазақстанның көне дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихына арналған, жаңа анықтамалық ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» веб порталы көрсетілді. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация-лар орталығының директоры Ержан Бабақұмаров «e-history.kz» порталы туралы кеңінен хабардар етті.
Портал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оның тұтас бірқатары әр кезеңдегі ұлттық тарихты көрсетуге арналған айдарларға берілген. Бір ресурстың өзінен әртүрлі форматтағы – қарапайым мәтін, PDF, инфографика, интерактивті ойындар, фото, бейне және аудио форматындағы барлық түрін алу мүмкіндігі бар, оған қоса интерактивті талқылауға қатысуға болады.

Зерделеу жұмыстары жалғасады

Жиын соңында Мемлекеттік хат­шы Марат Тәжин Елбасының ғылыми-тарихи қоғамдастықтың алдына ұлттық тарихи жадымызды қайта жандандыру, терең зерделеу жөнінде ауқымды міндет қойып отырғанын атап өтті. Отандық ғалымдардың міндеті – тарихымызды әлемдік тарихи үдерістің ажырамас бір бөлігі ретінде тануға мүмкіндік беретін терең және шынайы ғылыми зерттеу-лер мен байыпты талдаулар жүргізу. Мемлекеттік хатшы атқарылған жұмыстарға лайықты бағасын беріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша ұлт­тық тарихты зерделеу мәселелері бо­йынша жұмыстарды одан әрі жал­ғастыру тапсырылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button