Әлеумет

Ұрпақтар сабақтастығы көрінді

Астана қаласының Алматы аудандық Ардагерлер кеңесі ұжымы наурыз айын Отанымыздың болашақ үміті балғын балапандар және  жастарға білім нәрін құйып жатқан мектеп ұжымдарымен бірлесіп өткізілген тәрбиелік мәні зор ауқымды іс-шаралармен бастады.

Алдымен Интернациональный тұрғын алабындағы Р.Қошқарбаев атындағы №44 мектеп ұжымы мен «Қайсар» бастауыш ардагерлер ұйымы бірлесіп «Жақсы келін – ырысың» атты келіндер сайысын өткізді. Сайысқа №42, №43, №44 мектептер мен «Дәурен», «Арай» балабақшаларынан ұстаздар мен тәрбиешілер қатысты. Қатысушылар бес сатылық талап бойынша өз өнерлерін ортаға салып, сайысты ұтымды өлең шумақтарымен, шебер де, әдемі театрланған қойылымдарымен акт залында тола отырған көрермендер назарын өздеріне баурап алды. Әсіресе қазақ халқының қонақ күту дәстүрін ерекше бағалаған келіндер, ұлттық тағамның түр-түрін жайнатты. Тәрбиелік мәні зор, танымдылық сипатқа бай бұл іс-шараға арнайы қатынасқан Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин мен «Аманат» партиясының Алматы ауданы бойынша атқарушы дирекоры Б.Әлиярова өздерінің жүрек жарды тілектерін ортаға салып, «Ұрпақтар сабақтастығына» негіз болар мұндай іс-шаралардың қажеттілігін атап өтті.

Ал №32 мектеп-гимназияның мұғалімдері мен оқушылары «Аман-есен» шағын ардагерлер орталығы мүшелеріне мерекелік концерт ұсынып, ардагерлердің ақ батасын алды.

Наурызнама күнтізбесінің екінші күні Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің бір топ мүшесі А.Байтұрсынов атындағы №48 мектепте «Қыз көркем-өмір мектебі» деп аталған бұл сынып сағатына қатысты. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту бағытында өткізілген іс-шараның тағылымдық-тәрбиелік маңызы зор болды.

Ал наурыздың 18 күні «Замандас» атты аула клубының жетекшісі Ләззат Алшынбаева «Тұран» бастауыш ұжымының ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, ұлттық киімдер күніне арналған іс-шара өткізді.

Аудан ардагерлері өздері шақырылған мерекелік іс-шараларда оқушылар мен ұстаздарға ұлттық мерекеміз Наурыздың, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтаудың маңыздылығын айтып, ойымызбен бөлістік. Ең бастысы, осындай іс-шаралар арқылы ұрпақтар сабақтастығын жүзеге асырғандай болдық. Аудан аумағында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараларға ардагер қауымды арнайы шақырып, құрмет көрсеткен барлық мекемелер мен ұйымдарға алғысымыз шексіз.

Манап ӘДІРЕШЕВ,

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиа

тобының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button