Денсаулық

Қолөнерші дәрігер

Астана қаласындағы №5 емхананың эндокринолог дәрігері Гүлбайра Қасымова жұмыстан қалт еткенде құрақ көрпе тігіп, тоқыма тоқығанды, қолөнермен шұғылданғанды жақсы көреді.

25 жылдық тәжірибесі бар дәрігер 2009 жылдан бері елордада тұрады. Оның міндеті – күн сайын қант диабеті, қалқанша безі, жалпы эндокриндік жүйенің бұзылуына байланысты ауруларды емдеу. Таңертеңнен кешке дейін емханаға алдын ала жазылып келген 35-40 адамды қарап, тексеріп, емін тағайындайды, диспансерлік есепте тұратын науқастардың еміне түзетулер енгізеді, аурулардың алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүргізу қажеттігін түсіндіреді. Одан бөлек, тіркеуде тұрған барлық жүкті әйелдерді эндокринологиялық тексеруден өткізеді. Осы жұмыстарынан бөлек, демалыста үйде қолы босағанда тігін машинасын қолына алып, сүйікті ісімен айналысуға уақыт табады. Бұл хоббиін табыс үшін емес, тек өзінің жан тыныштығы үшін жақсы көреді. Сонда да болса оған таныс­тары тапсырыс берсе, әдемілеп көрпе, жас­тықтар, шымылдықтар, той шашуға арналған жастықшалар тігіп береді. Оның қолынан шыққан сондай дүние­лер Стамбулға, елімізде Павлодар, Кентауға да кеткен.

– Құрақ құрау – қанмен, анамның сүтімен берілген өнер. Анам мені осы өнерге бала кезден баулыды. Жалпы өнер нағашыларымнан да дарыған болар. Нағашы атам қайыстан, теріден аяқ киімдер тігетін болған. Мектепте жүргенде өзіме түрлі көйлектер тігіп киіп алатынмын. Демалыс күндері қазақша әндерді қосып қойып, тігін тіксем тынығып қаламын. Одан басқа анам тоқыма тоқуды да үйретті. Ауылда жер үй болғасын текемет, алаша, түкті кілем тоқитын едік. Қазір «хит» болып жатқан, тойларда шашу ретінде берілетін оюлы жастықшаларға тапсырыс көп болады. Қолөнеріме байланысты бөлек кәсібім жоқ, тек үй жағдайында бөлмемнің бір бұрышында отырып тіге беремін, – дейді өнерлі дәрігер.

Гүлбайра Әсетқызы – бес баланың анасы, үлкен ұлы мен қызы шаңырақ көтерген, солардан немере сүйіп отыр­ған әже. Балаларының алды жоғары оқу орнын тәмамдап, еліне қызмет етіп жүр. Келін алып, қолы ұзарған ана осы өнерін өзінің ұрпақтарына да үйретіп, ұлттық қолөнеріміздің өзіне тән ерекшеліктерін солардың бойына сіңіріп кетуді қалайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button