2022 - Балалар жылы

Үздік оқушы

[smartslider3 slider=2715]

Ай-ару Бауыржанқызы –№77 мектеп-­гимназияның 3-сынып оқушысы. Су добы спорты бойынша командалық жүзуге қатысады. Бірнеше рет осы спорт түрінен жарыс­тардың жеңімпазы.

Өз қалауы және әке-шешесінің қолдауымен 6 жасынан бастап су дойбысына қатысып келеді.

[smartslider3 slider=2785]

– Негізі өзім жүзуді жақсы көремін. Ал су добымен айналысу үшін міндетті түрде жүзу білу керек. Сол үшін де бұл спортты жақсы көріп кеттім. Жалпы су добы ойынын XIX ғасырда Ұлыбританияда Уильям Уилсон ойлап тапты. Бұл – көне олимпиадалық спорт түрі. Алғаш рет 1900 жылы Олимпиада ойындарына енгізілді. Су добы – судағы доппен ойналатын командалық ойын. Қарсыластардың қақпасына көп доп соғу – ойынның шарты. Жарыстардың көпшілігі бассейндерде өтеді. Әр командада 7 адамнан ойнайды. Командамен жарысқа қатысқан басқаша. Жетістігімізге әрбіріміздің үлесіміз бар екенін сезінеміз.

Ай-Арудың арманы – Олимпиада чемпионы болу. Қазіргі таңда қалалық жарыстарға қатысып тұрады.

[smartslider3 slider=2786]

 

– Спортпен қатар басқа да үйірмелерге қатысамын. Себебі өзімді жан-жақты дамытуды қалаймын. Атап айтсам, сурет салу, домбыра, ағылшын тілі мен шахмат үйірмелеріне барып жүрмін. Осыған дейін би үйірмесіне қатыстым. Жалпы сымбатты болуға, денсаулығың мықты болу үшін бидің де пайдасы мол.

Кішкентай болса да кітапқа қызығушылығы жоғары Ай- Ару оқыған шығармаларын талдағанды ұнатады екен.

– Жақында «Абай жолы» романын оқып бітірдім. Түсінбегендерімді ата-анам­нан сұраймын. Болашақта тағы оқу керек шығар деп ойлаймын. Қорытатын және алатын дүние көп. Мектепте көркем еңбек, ағылшын тілі, әдебиет және математика пәндерін сүйіп оқимын.

Ай-Арудың тіл үйренуге құштарлығы керемет. Болашақта әр елге саяхаттаған кезде тіл білу маңызды деп санайды.

– Бос уақытымда сурет саламын және әртүрлі тіл үйренемін. Қазір ағылшын, түрік тілін үйренудемін. Айналамдағы әр адамнан жақсылық көрсем, өзімнің бойыма сіңіруге тырысамын. Ал негізі әкем мен анамды үлгі тұтамын.

– Еліміздегі көп мәселе мені алаңдатады. Атап айтсам, адамдардың қоқыстарды жинамайтыны ұнамайды. Әркім еліне өз әрекетімен көмектесуі керек. Болашақта қоқыстарды жинап, олардан пайдалы нәрсе жасауды көп насихаттар едім. Екіншісі – жануарлардың далада қараусыз жүруі. Қазақстанда оларға көп көңіл бөлінбейді. Мейірім деген осындайдан басталады ғой. Үшіншісі – жалқаулық. Көп адам еңбек етуден қашады. Адам еңбек етпегесін, арман да пайда болмайды. Егер елімізде көп тігін фабрикасы болса, біз бай болар едік. Адамдардың бәрі табысты өмір сүрер еді деп ойлаймын. Ал ең үлкен арманым – дизайнер болу. Сенің қолыңнан шыққан киімді киіп жүргенін көру – ең ғажап сезім. Бір жағы бұл мамандық үнемі еңбектенуді қажет етеді.

Анасы Маржанның айтуынша, Ай-Арудың жүрегі нәзік.

– Ай-Арудың достары өте көп. Бәрімен емен-жарқын араласады. Демалыста үй шаруа­сына көмектеседі. Жалпы осы спорт түріне қатыстыру менің идеям болды. Әкесі қолдап, 2019 жылы жеке тренермен жаттығып бастадық. Қазір командалық жүзуге көшті. Бірнеше жарыс­тарға қатысып та үлгерді. Болашағынан күтеріміз мол. Маған қызым болашақта қайырымдылықпен айналысатын сияқты көрінеді. Себебі өте мейірімді. «Неге адамдардың үйі жоқ?», «Жетім балалар неге көп?» деп жиі сұрайды. Үнемі ойланып жүреді.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button