Жаңалықтар

Үздік ұстаздар әулеті

Мұғалімдер күні қарсаңында №75 мектеп-гимназиясында үздік педагогикалық әулеттерді марапаттаған байқау өтті. Іс-шараны қалалық Білім басқармасы мен «Әділет» кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.

Бұл байқау осымен алтыншы мәрте өтіп отыр. Жыл санап тағылымды шараның маңызы артып келеді. Биылғы байқауда 31 қатысушы үш аталым бойынша бақ сынасты.
Осы жылғы «Үздік педагогикалық династия» аталымына 11 ұстаздар әулеті қатысты. Соның ішінде білім саласындағы еңбек өтілі 730 жылды құраған әулеттің өкілі, №77 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айман Сүбебаеваны сөзге тарттық.
– Біздің әулеттегі ұстаздық жолымыз атамыз Нұрсадықтан басталады. Ол кісі Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Катонқарағай ауданы Өрел ауылында мектеп ашып, балаларды білім нұрына шомылдырған. Одан кейін атамның жалғыз ұлы, яки менің әкем Дәулетхан да педагогтық мамандықты таңдайды. Әкем 43 жыл мектеп директоры болып қызмет істеді. Әкемнің туған апасы да бастауыш сынып мұғалімі болды. Ол кісінің балалары да анасының жолын қуды. Әкеміздің жолын біз жалғадық. Отбасымызда жеті ұстаз бармыз. Өзім 28 жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. Қазір әкемнің немере-шөбересін қосқанда білім саласында 24 адам жүрміз, – деді Айман Дәулетханқызы.
Бұл аталымда Сүбебаевтармен бірге еңбек өтілі ұзақ Мұхамедиев, Жаркенов, Айтмұхаметовтар әулетінің бағы жанды.
«Үздік тәлімгер» аталымында жас мамандарға қамқорлық танытып, үлгі бола білген ұстаздар: Жұмаш Сәрсембаева, Гүлайман Аққошқарова және Айна Үзбен лайық деп танылды. «Жас үздік педагог» аталымында білім саласындағы жаңашыл ізденісімен көзге түскен бір топ жас маман марапатталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button