Жаңалықтар

Жағымпаздың жазбалары: ТҮС

Сол баяғы менiң бастығым, жаңа қылық ашты бiр. Таң атпастан бiрiмiздi қалдырмай жиналысқа шақырды да:
– Ал, құрметтi менiң қызметкерлерiм, бүгiн мына басшыларың қандай түс көрдi табыңдаршы! – дедi. Айтпақшы ойлануға он минөт уақыт бөлiнгенiн айта кетейiншi ұмытпай. Сонымен жан берiсiп, жан алысқан он минөт те өттi-ау. Бұл әркiм өз басын күйттеген ауыр минөттер едi. Алдымен бастық орынбасарына сөз бердi. Ол сонау совет заманынан iлiнiп-салынып келе жатқан байғұс едi, әңгiменi әдетiнше төтесiнен бастады:
– Сiз, қызықсыз, басеке, алдымызда бiтпей қанша жұмыс тұрғанда… деп екiлене бергенi сол едi:
– Боссыз! Кабинеттен шығыңыз! – деген өктем үн естiлдi. Маңдайы тырыс-тырыс боп, белi еңкiш тартқан қара шал шыр-пыры шығып, естiлер-естiлмес мiңгiрлеп, тез-тез басып, есiктен ата жөнелдi. Сәлден соң кiбiртiктеп кеп, көзiлдiрiгiн ұмытқанын айтты… Алды… Артына жалтақ-жалтақ қарап, кастөмiнiң қалтасын сипағыштап шығып кеттi…
Кабинетте өлi тыныштық. Басекемнiң көзiнде кек ойнайды. «Оңбай қала-сыңдар, қайсың болсаң да!» деп айғайлап тұр көздерi. Жиналғандар түсiндi. Жаза басуға болмайды ендi. Содан бiреулер бастықтың түсiнде алтыннан киiм кигенiн айтты, ал ендi бiреу ақшаның астында жүргенiн айтты. Бiреу арыстанмен алысып, жеңгенiн айтты. Ендi бiрi бүкiл халықтың басекемнiң соңынан ергенiн айтты. Кезек маған да келдi. Осы кезде бiр қырсығымның ұстамасы бар ма?
– Басеке! – дедiм. –Тыңдаңыз! – дедiм шегелеп. Түсiңiзде сiз кiшiрейiп, кiшiрейiп құртқа айналдыңыз, ол құртты ауылдағы Әуелбектiң тауығы шұқып жеп қойды, – дедiм. Айтарымды айттым да «Әу, бұл қайдан келген батылдық?» дедiм өзiме. «Құрыған жерiм осы-ау» деп ойладым. Бiрақ, басекем соңғы қызметкердi тыңдамаққа ниет бiлдiрдi. Ол жұмысқа жақында ғана орналасқан бала екен. Бала емес екен, бәле екен ол. Тазша баладай тақылдай жөнелмесi бар ма?
– Әп, басеке-ау, түсiңiздi мен табам! Тапқанда да көп табам! Түсiңiзде сөзi жерде жатпаған, бiр кiсi бетiңiзге тура келуге батпаған арда туған ер екенсiз. Сiздiң ақылыңыздан асар ақыл болмапты. Айтқаныңыз болып, кескенiңiз үзiлiптi! Жұрттан асқан бай болыпсыз! Алатау, Қаратауы бар ма бар тау сiздiң қарамағыңызға өтiптi! Несiн айта берейiн, ай сiз үшiн туатын бопты да, күн сiз үшiн шығатын болыпты! Жұлдызыңыз жанар деп жорыдым, – деп сөзiн әрмен жалғай бергенi сол едi басекем:
– Тапты! Жүзiң жабылып бiр кiшкене бала құрлы болмадыңдар. Мына бала болатын бала екен. Әлгi кеткен көк мылжыңның орнын осыған берейiк, – деп жүзi бал-бұл жайнады.
– Ал, сен, мына балаға рахмет айт! Осы бала көңiлiмдi көтермегенде күлiңдi көктен табар едiң, оңбаған! Дегенмен, жазасыз қалмайсың! – деп ақырды маған қарап. Нәтижесiнде кеңседегi тәп-тәуiр лауазымымнан ай-рылдым. Хат-хабар таситын қолбала боп кеттiм. Дегенмен бастық өсуге мүмкiндiгiмнiң бар екенiн айтқан. Қағазға пысық адамдар да керек деген кеңсеге. Бiрақ, ол үшiн жақсылап жағымпаздануым керек. Содан берi бастығымның алдында майлы табаға түсiп, шыға алмай қалған тышқандай тыпырлайтын болдым! Мiне солай…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button