Мәдениет

Жамбылды жырлады

Бейбітшілік және келісім сарайында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық  ақындар фестивалі өтті. Айтыс ақындары, қазақ жыршылары мен әншілері, Қырғызстан және Өзбекстан өнерпаздары кешті өнер мерекесіне ­айналдырды.

[smartslider3 slider=1203]

 

Жамбыл Жабаев 1943 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына қатысушыларға «Ақындарға арнау» жырын арнаған еді. Фестивальді Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков осы өлеңмен ашты. Жыр алыбы «Менің пірім – Сүйінбай, сөз бастаман сыйынбай» десе, осы кеште оның ұстазы Сүйінбай Аронұлының, ұлы Абайдың, Жамбыл сөз қағыстырған қырғыз ақыны Тоқтағұл ­Сатылғановтың, біртұтас түркі дүниесіне ортақ мұралар да дәріптелді. Жалпы бұл кеште жер жәннаты – Жетісудың ғана емес, Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ даламыздың ұлы өнері насихатталды.

Елорда мектептерінің оқу­шылары театрландырылған көрініс көрсетті. Жыршылар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алмас Алматов пен Ұлжан Байбосынова Сыр сүлейлерінің жырларын төксе, Мәдениет қайраткері Амандық Көмеков Сүгір Бегендікұлының сазымен көрермендердің делебесін қоздырды. Ақын, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов арқаланып, «Манас» жырынан үзінді орындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері ­Рамазан Стамғазиев пен Ерлан ­Рысқали, республикалық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Нартүйе, Бибігүл Сауытова, Елбол Қуанбек, Мақпал Тоқтаған әсем әндерді әуелетті. Дінисламбек Жайлаубай мен Айзат Қарабекова Жамбыл мен ­Айкүмістің айтысынан көрініс көрсетті. Өзбекстаннан келген Әбдіназар Поянов «Алпамыс» жырынан үзіндіні, қырғыз ақыны Ақмадбек Сұлтанұлы арнау айтты.

Айтысқа кезек келгенде Бекарыс Шойбеков Бохтияр Артиковпен (Өзбекстан), Мұхтар Ниязов Асылбек ­Маратұлымен (Қырғызстан) сөз қағыстырды.

– Тәуелсіз ел екенімізді өзіміздің төл өнерімізбен, дәстүрлі өнерімізбен көрсетеміз. Жамбыл атамыз: «Еліңнің осы міне жетілгені, Үй тігіп, ірге қалап бекінгені. Ынтымақ, достығы мен татулығы секілді алтын тіреу көпірдегі» деген өлең жолдарымен бүгінгі күнімізді жырлап кеткен сияқты. «Өзбек – өз ағам» десек, «қырғыз – бір туған» дейміз. Осы кеште дәстүрлі өнер қалықтады, шарықтады, – деп түйіндеді фестивальді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәли.

 Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button