Руханият

Жампоздан қалған жәдігер

Астанадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің «Ыбырай Алтынсарин – ұлы педагог, ағартушы» атты көшпелі көрмесі өтуде.

Бұл көрме елорданың 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған. Бір кезде көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков: «Халқымыздың рухани өмір аспанында мәңгілік жарқырап тұрған үш жарық жұлдыз бар. Олар: Шоқан, Ыбырай, Абай» деп жазған еді. Осы үш айтулы тұлғаның ішінде Ыбырай атамыздың өмірі соншалықты көп зерттелмеді. Әлі де оның еңбектеріне ғалымдар азат елдің көзқарасымен баға беріп үлгерген жоқ. Біз сөз етіп отырған іс-шара осы бір олқылықтың орнын толтыруға жасалған игі қадам деп те айтуға болады.

Көрмеге Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музей қорынан біраз құнды мұралар әкелінген. Мәселен, ұстаздың 1884 жылы Қазан қаласында араб қарпінде басылған «Шариғатул-Ислам» атты кітабының түпнұсқасын көрдік. Бұл жинақты мұражайға 2008 жылы Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы болған марқұм Ертай қажы Исламұлы тапсырған. Сондай-ақ, көрмеге атамыздың отбасы қолданған төсекқаб, ағартушының шығармалары, этнографиялық очерктері, қайраткердің өмірі мен қызметі туралы құжаттар, отбасы және Қостанай екі сыныптық училищесінде білім алып жатқан балалармен түскен фотосуреттер, Балғожа бидің немересіне жазған хаты, 1864 жылы Орынбор генерал-губернаторына подполковник Я.П.Яковлевтың Ы.Алтынсаринді хорунжий шенімен марапаттау туралы мәлімдемесі, 1884 жылы Қостанайда алғашқы ұстаз іргетасын қалаған мектептің кірпіші секілді дүниелер қойылған. Музей қорындағы жәдігерлер арасынан бізді Шақшақ Жәнібек батырдың немересі, Торғай өңірінің білгір биі Шеген Мұсалының шапаны қызықтырды. Мұны мұражайға бидің ұрпақтарының бірі Сағи Әбілхасенұлы деген кісі өткізген. Шапан сұр түсті, жолақты кенеп матадан тігіліп, киімнің сыртынан желбегей жамылуға арналған. Ыбырай атамыз Шеген бидің үлкен қызы Айғаныстан туады, яғни туған жиені. Ұлы ағартушының алғаш Торғайдан мектеп ашуына қолдау көрсеткен – осы кісі. Бұл жайында Алтынсарин өз еңбектерінде айтады. Айтулы тұлғаның тағы бір нағашы атасы Шегенұлы Бектеміс байдың келі-келсабы да өткен тарихтан сыр шертіп тұр.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button