Денсаулық

Жанарыңды жастайыңнан күт

Көру – керемет сезім. Біз айналамызды ең алдымен көру арқылы танимыз. Алайда күнделікті күй­біңде көру мүшемізге қан­ша­лықты күтім жасай­мыз? Бұл жөнінде «Апаттар медицинасының те­міржол госпитальдары» АҚ – «Орталық жол ауруханасы» филиалы директорының емдеу сапасын бақылау бойынша орынбасары, аталмыш ауру­ха­наның көз микро­хирургия­сы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, көз дәрігері Қуат Манабаев айтып береді.

kbb_8652

АРМАНЫ АДАСТЫРМАҒАН АЗАМАТ

– Қуат Уәлиханұлы, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Осы салаға қалай келдіңіз?
– Дәрігер болуды бала ке­зім­нен армандадым. Туып-өскен жерім – Жамбыл об­лысының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Қордай ауданы Алматыдан 200 шақырым қашықтықта, ал Бішкектен 20-ақ шақырым қашықтықта орналасқандықтан, Бішкек қаласындағы меди­ци­налық академиясында оқы­дым. Бакалаврды аяқтаған соң екі жыл интернатурада, үш жыл аспирантурада, қысқасы, 10 жылдай Бішкекте оқып, еңбек жолымды да сол қалада бастадым. Ал 2006 жылы Астанаға көшіп келіп, осы ауруханаға жұмысқа орналастым.

– Орталық жол ауруханасында көз микрохирургиясы бөлімшесі қашан ашылды?
– 2010 жылы ашылды. Бө­лімшеде 25 төсектік орын бар. Бірақ келіп түсетіндер саны көп болғандықтан, мұнда 35-40 науқасқа дейін жат­қызылады. 5 дәрігер, 12 медбике, 13 санитар жұмыс істейді. Жалпы 215 орынды, хирургия, нейрохирургия, урология, терапия, пульманология, неврология және травматология сынды бөлімшелері бар ауруханада 400-ден астам маман еңбек етеді.

КӨЗ АУРУЫНА ШАЛДЫҚПАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

– Қуат Уәлиханұлы, қазіргі заманда көзінің көруі нашар­лаған адамдар қатары артып келе жатқаны алаңдатады. Офтальмология саласында жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейтін тәжірибелі маман ретінде көз жанарын күтудің жолдары мен оның сырқатын алдын алу жөнінде айтып берсеңіз?
– Қазіргі таңда көпшілік қауым компьютер мен телефон экранына, теледидарға бала кезден телміре көп қарайды. Олардың көбісі дәрігерге тек кәмелеттік жасқа толғаннан соң ғана қаралып жатады. Соның салдарынан көздерін бұрынғы қалпына келтіру қиынға соғады. Жалпы, көз ауруынан сақтану үшін жастайыңнан жанарды күту керек. Ата-аналар балаларына компьютер мен телефонды мөлшерленген уақыттан тыс пайдалануға шектеу қоюлары қажет. Мысалы, бұл құралдарды күніне 40 минуттан артық пайдалануға болмайды. Егер балалар тым көп пайдаланған жағдайда, тіпті, олардың көру қабілеттері дамымай қалуы да ықтимал. Жалпы, барлық жас­тағы адамдар үнемі көз дәрігерлеріне қаралып, тексерістен өтіп тұрғандары жөн. Көбінесе ересек адам­дардың көз аурулары 40 жастан асқаннан соң басталады. Күні бойы компьютермен жұмыс істейтін адамдар міндетті түрде жарты сағат немесе 40 минут сайын үзіліс жасап, көз ауруына шалдықпас үшін бір сәт көзді тынықтырып алу қажет.

ЛЕБІЗ

Михайл НИКИТИН, Астана тұрғыны:
– Менің жасым – 64-те. Көзді күтпегеннің кесірі ме, оң жақ көзім екі жыл бұрын көрмей қалған болатын. Биыл қыркүйектің басында сол жақ көзімнің де көруі тіптен нашарлап қалды. Содан алдыңғы күні емхананың жолдамасымен осы Орталық жол ауруханасының көз микрохирургиясы бөлімшесіне келіп түстім. Шынымды айт­сам, көзім көре ме, жоқ па деген қорқыныш жүрегімде тұрды. Бірақ шегінерге жол жоқ, операцияға келісімімді бердім. Күні кеше көзіме ота жасалды. Ертеңінде көзімдегі таңғышты қорқа-қорқа шештім. Көзімді ашуға да қорықтым… Ақырын, ашсам… айналам жарқырап қоя берді. Мұндай қуанбаспын.
Бұрын біреудің сүйеуінсіз бір адым да жүре алмайтынмын. Ал отадан кейін дәлізде өз бетімше жүруге мүмкіндік алдым. Тіпті сене алар емеспін. Жарық дүниені көру – өмірдегі ең керемет сезім екенін мен сияқтылар ғана білер. Сондықтан көз жанарларыңызды күтіп,
аялап жүріңіздер дегім келеді.

КӨЗ МИКРОХИРУРГИЯСЫ ХИРУРГИЯНЫҢ КҮРДЕЛІ САЛАСЫ

– Көз – нәзік мүше. Көз жанарына жасалатын операциялар да күрделі саналатыны сондықтан. Ал қазір осы салаға жаңадан енгізілген заманауи технологиялардың арқасында оталардың көбі лазерлік әдістерге көшкен деп естідік…
– Жалпы біздің көз микрохирургиясы бөлімшесіне науқастар әртүрлі жарақатпен түсіп жатады. Мысалы, соққы алып келетіндер де болады, сол сияқты көзін шел басқан аурулар да көп ұшырасады. Емдеу уақыты бұрын 10-15 күнге созылса, бүгінгі таңда небары 2-3 күн ғана. Себебі, қазіргі кезде оталар соңғы үлгідегі әрі сирек кездесетін, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жасалады. Күніне 15-20 ота жасасақ, жылына 1500-2000 ота жоспарланады. Соның ішінде жүйке тіні – көздің ішкі тор қабығы өте сезімтал болғандықтан әрі мимен тікелей байланысып тұратындықтан, бұған ота жасау өте қиынға соғады. Қазақстанда көздің ішкі тор қабығына отаны санаулы ауруханаларда ғана жасайды. Сол санаулылар ішінде біздің ауруханада да бар. Әрине, бұған тек заманауи құрылғылардың арқасында ғана қол жеткіздік. Заманауи құрал-жабдықсыз ота жасау мүмкін емес. Осындай оталардың арқасында көздің көру қабілетін қалыпқа келтіреміз. Көздің микрохирургиясы, өзіңіз айтқандай, хирургиялардың ішіндегі күрделісі. Өйткені біздер отаны микроскоптармен жасаймыз. Мәселен, көздің лазерлік кемшілігін түзету отасын 5-10 минут, көзді шел басқан болса, онда ол отаны 15 минут уақытта жасаймыз. Ал кейбір ауыр оталарға 2-3 сағатқа дейін уақыт жұмсалады.

img-20161010-wa0015

ОТА ОҢЫНАН БОЛСА, ҚҰЛШЫНЫС ТА АРТАДЫ
– Ота жасау сәтіндегі көңіл-күйіңіз туралы да айта кетсеңіз?
– Дәрігер әрдайым өзінің еңбек нәтижесімен қуануы керек. Көз дәрігері үшін отадан кейін науқастың жанарының көріп кетуі өте маңызды. Егер жарық дүниені мүлде көрмей қалған адам отадан кейін көріп кетсе, әрі қарай жұмыс істеуге деген құлшынысымызды еселеп жібереді. Мысалы, кеше 10 адамға ота жасадым. Соның бірі екі сағатқа созылған ауыр ота болды. Михайл Никитин есімді науқастың көзі көрмей қалыпты. Алайда ауыр отадан кейін бүгін оның жанарының көре бас­тағанын естігенде, кешегі шаршап-шалдыққанымыз, уайымдағанымыз бәрі ұмыт қалды. Біреуге қуаныш сыйлау – үлкен бақыт. Әсіресе, жаны қиналып ауырып жүрген адамдардың қуанышын көргенде «бекерге жүрген жоқ екенбіз» деп, өзіміздің мамандығымызға деген құр­метіміз артатынын несін жасырайын?!
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button