Басты ақпаратМәдениет

Жаңа ғимарат. Жаңа қойылым. Жаңару

Тәуелсіздіктің төл құрдасы – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық музыкалық драма театры үшін осы жыл зор қуанышпен аяқталып жатыр. Елбасы тапсырмасымен елорданың көрнекті жерінен өнер ордасының сәулеті келіскен жаңа ғимараты бой көтерді. Бұл ұжымның талай жылғы арманы еді. Өткен аптада ғана Қазақстанның Тұңғыш Президенті театрға барып, әртістердің қуанышымен бөлісті. Жаңа ғимаратты ашық деп жариялап, ақ тілегін арнады. Осы орайда театр өнерінің өрістеуіне мол мүмкіндік ашылып отыр. Жаңа ғимаратта жаңа жоспарлар құрылып, жаңа қойылымдар көрермендерге жол тартады. Жалпы қаллекиліктер алдында үлкен жұмыс тұр. Бұл жұмыстар бүгіндері басталып та кетті. Осы туралы біз таяуда театрдың көркемдік жетекшісі болып тағайындалған белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевпен әңгімелестік.

ЖАҢАРҒАН «АБАЙ», «ҚҰНАНБАЙ» МЕН «БОПАЙ ХАНЫМДЫ» КӨРЕСІЗДЕР

– Қуандық аға, театр­дың жаңа ғимараты да, қызметіңіз де құтты болсын! Жұмысты неден бастап жатырсыз­дар? Меніңше, қазіргі ең маңызды жұмыстың бірі – жаңа репертуарды қалыптастыру.
– Алдымызда театрдың салтанатты ашылуын жасасақ деген мақсат тұр. Қолымызға өнер ордасының негізгі құжаты – паспортын алуымыз керек. Оған мәртебелі қонақтар келе ме деп отырмыз. Елбасы өзі де айналып соғамын деді. Бұл кісі келсе, құба-құп болар еді. Шамамен алғанда 23-24 желтоқсан күндері болатын маусымашар қо­йылым ретінде қазір Мұхтар
Әуезовтің «Абай» трагедиясын дайындап жатырмыз. Оған арнайы қаржы бөлініп, киімдер тігілді, декорация жасалды. Бұл спектакльді режиссеріміз Әлімбек Оразбеков бұрын да қойған. Соны жаңартып, ескі көзқараспен жазылған қайшылықтарды алып тастап жатырмыз. Бұған қоса, Болат Ұзақов Таласбек Әсемқұлов ағамыз­дың «Құнанбайын» сахнаға лайықтап, дайындап жатыр.
– Бұл спектакль баяғы киносценарий желісімен қойыла ма?
– Иә, сол киносценарий желісімен сахнаға жол тартады. Бірақ трактовкасы басқа болады. Бұл спектакльді келесі жылдың алғашқы айларында, ақпан-наурыз­дарда көре аласыздар деп ойлаймын. Содан кейін Роза Мұқанованың «Бопай ханым» пьесасын өзіміз Алматыдан арнайы алдырып отырған режиссер Жұлдызбек Жұманбай дайындауға кірісті. Осы үш жұмыс қазір қатар жүріп жатыр. Бұл қойылымдар – қазақтың төл авторларының туындылары.
– Байқап отырсам, қазір тарихи тұлғаларға, қазақ тарихына бет бұрып жатырсыздар…
– Иә, алдағы алғашқы қо­йылымдарымыз осы бағытта болып жатыр. Бұл тақырыптар театрдың бұрынғы жоспарларынан туындады. «Бопай ханымды» былтыр жетекші актрисамыз Лейло Бекназар-Ханинганың алпыс жылдық мерейтойына орай Роза Мұқановаға арнайы тапсырыс беріп, жаздырдық. Тақырыпты актрисаның өзі таңдады. Болашақта басқа да жоспарларымыз бар. Бірақ олар әзірге құпия бола тұрсын.

РЕПЕРТУАРҒА СҰРЫПТАУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

– Түсінгенім, репертуарды бірден жаңа қо­йылымдармен толтырып жатқан сияқтысыздар. Бұрынғы кейбір ­спектакльдер не болады? Алынып тастала ма?
– Әрине, сұрыптау міндетті түрде жүргізіледі. Бұрынғы сахнаны білесіздер, ұзындығы 9х11 – өте кішкентай еді. Соның кейбір декорациясы жаңа ғимаратқа сай келмейді. Оның үстіне көбісінің тозығы жеткен. Жаңа театрға кірген соң, жаңа қадам басайық деп шештік. Ескі театрдан Әзірбайжан Мәмбетовтің көзі ретінде жүріп келе жатқан «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін алып тастамаймыз. Сосын соңғы қойылған, осы театрдың сахнасына келеді деген қойылымдар қалады. Таяуда театрдың көркемдік кеңесін жинап, осы мәселені реттейміз. Кейбір спектакльдердің өз көрермендері бар. Мұны да ескеруіміз керек.
– Жалпы қазір репертуарларыңызда қанша спектакль бар?
– Бізде 37 қойылым бар. Оның төртеуі – балаларға арналған спектакльдер. Енді жаңа ғимаратқа кіргеннен кейін ойланып жатырмыз. Қалада Балалар және жасөспірімдер театры ашылды. Қуыршақтар ­театры бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Олар да балаларға арналған қойылымдарды қамти жатар. Ал біздегі жеткіншектерге бағытталған спектакльдер өзіміздің қоржынымызда қала береді. Бірақ жаңа ғимаратта ертегі ойнау келмейтін сияқты. Бұл мәселені көркемдік кеңеспен әлі ақылдасамыз. Жалпы өзім репертуардағы спектакльдің он бесі қысқаратын шығар деп шамалап отырмын.
Бізде қазір кіші зал да бар ғой. Үлкен залға келмейтін кейбір спектакльдерді сонда қоя береміз. Былтыр театр құрамындағы Айнұр Бермұхамбетова, Олжас Жақыпбек секілді әртістер жеке концерттерін өткізді. Болашақта оркестрмен концерттерді, романстар мен ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған кештерді өткізу де жоспарымызда бар. Қазіргі заман талабына сай бүкіл бағытты қамтысақ деп отыр­мыз. Оның үстіне драмалық қана емес, музыкалық театр деген атымыз бар. Болашақта мюзиклдерді де қоямыз ба деп ойластырып қойдық. Мәселен, «Бір кем дүние» деген жақсы спектаклімізге музыка жазып, жаңартуды көздеп отырмыз.АКТЕРЛЕР САНЫ ЖҮЗГЕ ЖЕТЕДІ

– Театрдың негізін қалаған Жақып Омаровтың кезінде де өнер ошағының құрамында ансамбльдер болып, түрлі концерттер өткізілгенін білеміз. Бұл дәстүрді жаңғыртайын деп отырсыздар ма?
– Иә, бұрын театрда екі ансамбль болды. Эстрада ансамблі бөлек еді. Соның құрамында өнер көрсететін марқұм болып кеткен Мұса деген ағамыз, оның жары Ұлмекен апамыз есімізде. «Ақ орда» деген ұлт аспаптар ансамбліміздің атауы қазір «Сарыарқа» болып өзгеріп кетті. Сонымен спектакльдерге шығатынбыз. Бүгіндері оркестріміз бар. Оның құрамында 40 адам жұмыс істейді. Соны 80 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы штат кеңейеді. Актерлердің саны да көбейеді. Бізде қазір 61 актер жұмыс істейді. Оларды жүзге жеткізу ойы­мызда бар.
– Қаллеки театрының ұжымы қалыптасқанын білеміз. Бірақ сонда да театр имиджін көтеру үшін елге танымал актерлерді тартып, ұжымды күшейтіп жатқан жоқсыздар ма?
– Ондай ой бар. Бірақ танымал әртістерді белгілі бір спектакльдерге арнайы алдыруды ғана ойлап отырмыз. Ондай тәжірибемізде болды. Кезінде, Елбасы жайлы «Терең тамырлар» спектаклін қоятын кезде Құман Тастанбеков, Балтабай Сейіт­мамытов ағаларымыз­ды шақырған едік. Бірақ белгілі бір себептермен, уақыттың тығыздығынан ба екен, ағаларымыз бұл спектакльде ойнамады да, кейіпкерлерді өзіміз сомдадық. Ал қазіргі құрамымыздағы әртістердің бәрі өздерінің орындарында. Аға буын да, орта буын да, жастар да сақадай сай тұр. Болашақта жаңа леп болсын деп жастарды көптеп алсақ па деп отырмыз.
– «Астана Опера» театры ашылғанда, әртіс­терді сұрыптау жүргізілгені есімізде. Сіздерде ешкім қысқармай, орындарында қалады ма?
– Ешкім қысқармайды, бәрі орындарында қалады. Ешкімді ренжіткіміз келмейді. Өйткені бұл театр – бәрінің арманы. Кемінде 5-10 жыл істеп келе жатқан адамдар бар, алды 30 жылын арнап, театрымызбен бірге жасап келеді. Үлкендерді сыйлауымыз керек. Ертең олардың орнын біз басамыз. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді. Әрине, талап өзгереді. Жаңа театр­ға көштік, енді әртістер өнеріне кішкене қаталдау қарайтын шығармыз.

ҰЛТТЫҚ МӘРТЕБЕ БЕРІЛЕ МЕ?

– Былтыр жаңа маусым ашылғанда театр мәртебесін «мемлекеттіктен» «ұлттыққа» ауыс­тыру туралы айтылды. Бұл жағы қалай болып жатыр?
– Иә, ондай әңгіме әлі жүріп жатыр. Қазір хабарын күтіп жүрміз. Паспортын бергенде алып қалуымыз да мүмкін. Оның да өзіндік талаптары бар болуы керек. Үмітімізді үзбейміз. Бұрынғы көркемдік жетекшіміз Талғат Теменов те осы мәселемен айналысты.
Ұлттық театр атансақ, әртістердің де әлеуметтік жағдайы оңалар еді. Қазір жалақылары өте төмен. Жұмысты талап ету үшін оларға алдымен жағдай жасау керек. Кейбірі жатақханада тұрады. Тіпті, қала әкімдігінен Мәдениет және спорт министрлігіне өтіп жатқандығымыздан жатақханадан да шығарып жатыр. Баспана жағы қазір ең жанды жеріміз болып отыр. Үш-төрт баламен он жылдан аса уақыт сын көтермейтін жағдайда тұрып жатқандар бар. Әрине, баспана алуға жетелейтін бірнеше мемлекеттік бағдарлама басталды. Бірақ әртістеріміздің кейбірі тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Мәселен, жасы отызға дейін болуы керек дейді. Ал олар осы жасқа толып кеткен. Жалақы да несие алуға жетпей жатады. Театрымызға бірде-бір пәтер берілмегеніне бес жыл болып қалды. Оның алдында бір жылда 17 пәтер берілгені бар.КҮЛӘШ ТҮСТІ, ҚАЛЛЕКИ ҚАЛА МА?

– Көпшілікті толғандыратын тағы бір мәселе бар. Қалибек Қуанышбаевтың аты алынады деген әңгімені естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Ондай да әңгіме болды. Бірақ біз қарсы болып, құзырлы органдардың бәріне хат жаздық. Көркемдік жетекшіден бастап бәріміз қол қойдық. «Астана Опера» театры ашылғанда, Күләш Байсейітованың аты түсіп қалғанын білесіздер. Осындай жағдай қайталанбас үшін Қаллекидің атын қалдыруды сұрап отырмыз. Бұл атаудан айырылғымыз келмейді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Әзірге бізге ешқандай хабар жеткен жоқ. Қаллеки театры деген атау брендімізге айналып кеткен. Бұл – тарих. Тарихты ешкім жаңадан жазбайды.

ЖАНДЫ ЖЕРІ – ЖАЛАҚЫ МЕН БАСПАНА

– Мәдениет және спорт министрлігіне өтіп жатырмыз деп айттыңыз. Әлі түбегейлі өтіп болған жоқсыздар ма?
– Министрлікке әлі толығымен өтпедік. Бұл процесс енді-енді жүріп жатыр.
– Жалақыға келгенде, категория да болады ғой. Министрлікке қарасты өнер ұжымдары қызметкерлерінің жалақысы көптеу болады деп естідік. Сонда жалақыларыңыз әлі көтерілген жоқ па?
– Көтерілген жоқ. Сол бұрынғы жалақыны алып жатырмыз. Актерлердің арасында 90-100 мың теңге алатындар бар. Жалақысы 90 мыңға жетпейтіндер де жүр арамызда. 35 мыңнан 70 мыңға дейін алатын қызметкерлер де кездеседі. Бұл – еден жуушылар, вахтада отыратындар, тағы басқа осындай жұмыскерлер.
– Театр тек қана актерлерден тұрмайды ғой. Өнер ошақтарында техникалық мамандар жетіспейді деген сынды да естіп жүрміз. Сіздерде қалай?
– Театрымыз ашыларда директорымыз Ернар Жұматаев «Астана Опера» театрынан мамандарды шақырды. Олар бізге келіп, қызметкерлерімізге шеберлік сабақтарын өткізді. Қазір де техникалық мамандарымыз «Астана Опера», «Астана Балет» театрларына барып, тиісті құралдармен жұмыс істеуді үйреніп жүр. Жаңа ғимаратымыздағы жарық пен дыбыс беру цехтарына кірсеңіздер, үлкен пультті көресіздер. Мамандарымызға соны игеру керек. Бізде де жақсы, білікті мамандар жоқ емес. Бірден үйреніп, алып кетіп жатыр. Бұл жағынан да штатты кеңейту қажет.
Әңгімеңізге рақмет! Жаңа ғимаратта тың тыныспен, жаңа шабытпен жұмыс істеулеріңізге тілектеспін!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button