Таным

ЖАҢА ЗАМАННЫҢ «ЖАС ТҰЛПАРЛАРЫ»

жас-тулпар1Ел тәуелсіздігі күні қарсаңында «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұрпақтар сабақтастығын сақтау мақсатында «Нұр Отан» партиясы «Жас тұлпар» сыйлығын тағайындады.
Кеше жаңа қазақстандық патриотизмнің негізін құрайтын құндылықтарға өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өнегесімен көпке үлгі ететін, ел дамуына ерекше үлес қосқан бір топ жас өрен «Жас тұлпар» сыйлығымен марапатталды.

Олардың қатарында танымал актер, «Елбасы жолы» киноэпопеясының басты кейіпкерін сомдаған Нұрлан Әлімжан, «Шахмат ханшасы» атанған Азия чемпионы, екі мәрте Әлем чемпионы, өткен жылғы мау­сымда қыздар арасында ең жас гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік, Алматыда өткен Әлем чемпионатында 69 кг дейінгі салмақта топ жарған Данияр Елеусінов бар. Лондон олимпиадасы кезінде хитқа айналып, сындарлы сәтте патриоттық рух беріп, сенім отын жалындатқан «Көк тудың желбірегені» атты әнімен елді сүйсіндірген Ибрагим Ескендір де «Жас тұлпар» сыйлығының иегері атанды. «Жас тұлпарлардың» бүгінгі өкілінің сипаты да сан қырлы. Артур Сүлейменовтың (лақап аты – Emir France) бейнеклиптері ғаламторда кең таралыпты. Оның «Қазақстан» атты туындысы 230 384 рет, ал «Киелі мекен» атты клипі 78 359 мәрте қаралған екен.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұрат Әуезов, Мәулен Әшімбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Бекболат Тілеухан, Саясат Нұрбек «Жас тұлпар» сыйлығын табыс етіп тұрып, қарапайым өмірде ерлігімен ел аузында жүрген жастарға алғысын білдірді. Олардың бірі – Тұрар Артықбаев полиция капитаны Шымкент қаласында учаскелік инспектор болып істейді. Ол – «Ерлігі үшін» медалінің иегері. Өзінің қызметтік міндетін орындау үстінде қылмыскердің жолын бөгеп, атылған оққа кеудесін тосқан ержүрек өрен.

Еркін Бейсекенов Ақтөбеде өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінде жұмыс істейді. «Ерлігі үшін» және ІІІ дәрежелі «ІІМ адал қызметі үшін» медалдарымен марапатталған. Үстіміздегі жылдың шілдесінде түн ішінде тұрғын үйлердің бірінде болған өрт кезінде төрт бірдей баланы ажал құрсауынан құтқарып қалған батыр азамат.

– Біз ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, мәдени және рухани құндылықтарымызды нығайтып, молайтуды мақсат етеміз. Сыйлықтың «Жас тұлпар» деп аталуының терең мәні бар, ол – 60-шы жылдардағы жастардың тәуелсіздікке, жаңа қоғам құруға деген ұмтылысының айғағы, – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Жылына бір рет тағайындалатын «Жас тұлпар» сыйлығы елімізде, сондай-ақ шет елде кәсіптік жоғары жетістікке жеткен қазақстандықтарға табысталады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button