Басты ақпарат

Жастарымызды жат жер жарылқай ма?

Жыл сайын еліміздегі мектептерді 100 мыңнан астам (мысалы, соңғы үш жылда 394197 түлек бітірген) оқушы бітірсе, соның 20-30 пайызы шетелдің жоғары оқу орындарына түседі. Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегі бойынша бүгінгі таңда 91 мыңнан астам Қазақстан азаматы шетелдерде оқып жүр. Соның ішінде Қазақстанның солтүстік өңіріндегі облыстардың мектеп түлектерінің әрбір бесіншісі Ресей университеттерінің студенті атанатыны рас. Бір алаңдатарлығы, сол қыз-жігіттердің дені елімізге оралмайды. Тіптен бұл мәселеге қатысты шынайы статистика да жоқ. Білім қуған жастардың елімізден көптеп кетіп жатқанына мынадай дерек дәлел болады: мәселен, 2018 жылы 4158 қазақстандық түлек шетелге аттанса, 2019 жылдың 9 айында 7658 түлек өзге елдердің жоғары оқу орындарын таңдаған.Зерделі жастар шетелде қалып қояды

Соңғы жылдары шетелдік университеттер (ішінде беделдісі де, танымал емесі де бар) қазақстандық түлектерді таласа-тармаса оқуға шақырып, тегін грант беретін үрдіс қалыптасты. Мысалы, Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Алина Молдағалиева әлемдегі 11 жоғары оқу орнының білім беру грантын иеленді. Соның ішінде 9 грантты АҚШ-тың, 2-еуін Гонконгтың университеттері берген. Биыл тестілеуден 1600 сұрақтың 1580-іне дұрыс жауап берген шымкенттік Сымбат Көшероваға (ол да Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі) 20 университет (Швейцария, Корея, Франция, АҚШ және ­т. б. елдердің оқу орындары) ша­қыру жіберген. Білім деңгейі жоғары жастарымыздың әлемдегі беделді оқу ордаларында оқығаны жақсы-ақ шығар. Алайда түлектеріміздің жаппай сыртқа кетуінен еліміздегі жастардың саны күрт азаюда. Екіншіден, батыстың салтын, мәдениетін өн бойына сіңірген жастар сол оқыған жерлерінде қалып қоюда. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті, түйткілді мәселесінің бірі. Біз қазақ жастарының қай елдерге, не себептен кетіп жатқанына талдау жасадық.

Түлектеріміздің дені Ресейге кетіп жатыр

Шындығын айтсақ, біздің түлектерімізді магнитше тартатын бірінші ел – Ресей. Қазір шетелде оқып жүрген 91 мыңнан астам қазақстандық студенттің 70 мыңы солтүстіктегі көршіміздің университеттерінде білім алуда. Жақында Омбыда өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин 70 мыңнан астам қазақстандық студенттің Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитынын мәлім етті. Түлектеріміз көбінесе Сібір, Жайық және Еділ бойындағы университеттерді таңдайды екен. Айтпақшы, мәңгілік достыққа серттескен көршіміз 2024 жылы шетелдік студенттерге бөлінетін квотаның көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Ал Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны соңғы 10 жылда 167-ден 132-ге (кейбір деректе 122 делінеді) дейін қысқарды. Яғни алдағы уақытта түлектердің Ресейге ағылуын тоқтата алмайтынымыз анық.
Енді түлектердің санына келейік. Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге 59,3 мың адам оқуға барғанын мәлімдеді. «Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекаралық бөлімінің мәліметтері бо­йынша биыл жыл басынан бері Ресейге оқуға 181,5 мың адам барған. Соның ішінде төрттен бірі – Қазақстаннан (59,3 мың), салыстыратын болсақ, Қытайдан – 21,2 мың, Өзбекстаннан – 14 мың, Украинадан 13,2 мың студент бар» деді депутат биыл 18 қыркүйекте Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында. Сәл кейінірек, Үкімет басшысы депутаттың сауалына жауап беріп, мынадай мәліметтерді келтірді: «Соңғы үш жылда республика бойынша мектеп бітірген түлектердің саны 394197 адамды құрады, соның ішінде 298113 адам Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсті, шетелдерге оқуға кеткен түлектердің саны – 13081». Сонда қай мәліметке сенеміз?
Ал «Ресейлік білім беру қыз­меттерінің экспорты» атты статистикалық жинақта келтірілген деректер мүлдем басқа. Мәселен, 2016/2017 оқу жылында Ресейде Қазақстаннан барған 71,8 мың студент, соның ішінде 39,7 мыңы – күндізгі бөлімде, 32 мыңы сырттай бөлімде оқыған. Осы кезеңде 6,2 мың қазақстандық боз­бала-бойжеткен орта кәсіби білім алған. Енді салыстырып көрсек: 2010/2011 оқу жылында Ресейде 30 мың студент оқыса, 7 жылда олардың саны 2 есеге артқан. Мұның себебе неде? Ресей оқу орындарының тартымды болатыны, біріншіден, тегін оқиды, қомақты шәкіртақы алады, университет есебінен жатақханада тұрады, бітірген соң жұмысқа орналасады. Осындай жеңілдіктер берілетін ресейлік мамандар әр жылдың басынан бастап Қазақстанның солтүстігіндегі өңірлерді аралап, мектеп бітірушілерге үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізеді. Екіншіден, оқудың ақысы арзан әрі сапалы. Екі елдің оқу орнындағы ақылы бөлімдердің құнын салыстырайық. Мысалы, Новосібір мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бо­йынша оқитын студент жылына 1,9 мың АҚШ долларын төлейді. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы мамандыққа бір жылда 3,2 мың АҚШ долларын төлейді. Ақпараттық технологиялар мамандығына оқу үшін ресейлік университетте – 2 мың АҚШ долларын, қазақстандық университетте 2,7 мың АҚШ долларын төлейсің. Бұл аз десек, Қазақстанда Ресей университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Омбыдағы кездесуде В.Путиннің өзі ашық айтты.

Оқу арқылы көшуді көздейді

Жасыратыны жоқ, қазір еліміздегі ең үздік, ең білімді жастар шетелдерге кетіп жатыр. Бұл «ағынның» себептері көп. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша биыл ресейлік университеттерге оқуға түсуге 3 мыңнан астам қазақстандық өтініш берген. Ресей үкіметі қазақстандық абитуриентерге 455 білім беру грантын бөлді. Бұдан бөлек, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, АҚШ-тың, Германияның, Чехияның, Поль­шаның, Канаданың уни­верситеттері де біздің тү­лектерімізді қызықтыратыны сөзсіз. Бұл елдердің көпшілігінде тіл үйрену курс­тары, жатақхана ақылы, ал оқу мүлдем тегін.
Қазақстандық студенттер көбінесе Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ-тағы рейтингі жоғары оқу орындарын таңдайтыны мәлім. «Логос» білім беру орталығының директоры ­Алтынбек ­Бегалиевтің айтуынша, студенттер көбінесе ағылшын тілінде оқуды қалайды. «Бұл елдердегі орташа оқу құны – жылына 20-30 мың АҚШ доллары. Сондай-ақ бір жыл өмір сүруге тағы 10 мың АҚШ доллары қажет. Алайда бұдан арзанырақ елдер де бар. Мысалы, Польша, Венгрия, Чехия, Кипр, Түркияда жылына 2-5 мың еуро төлеп оқуға мүмкіндік бар. Азық-түлік пен жатын орнына 4-5 мың еуро жұмсалады» дейді ол.

Турасын айтсақ, көптеген студенттер шетелдерге оқуға түсіп, сол жаққа көшіп кетуді армандайды. Мұндай елдердің қатарына Австралия, Канада, Жаңа Зеландияны жатқызуға болады. ­Алтынбек Бегалиев: «Бұл елдерде оқу тек ақылы. Орташа құны 10-20 мың АҚШ долларын құрайды, бір жыл өмір сүруге 8-10 мың АҚШ доллары қажет» деп түсіндірді. Айтпақшы, Францияның, Чехияның, Австрияның, Германияның, Қытайдың және Оңтүстік Кореяның университеттерінде тегін білім алуға болады. Қазір Францияда Қазақстаннан 500-ге жуық студент оқиды.

2004 жылы АҚШ-қа барғанымда Вашингтонда оқып жүрген қазақстандық студенттермен кездестік. Сонда үш университетте білім алатын 10 жерлесіміздің 8-і елге оралғысы келмейтінін, оқуын бітірген соң АҚШ-та қалатынын ашық айтқан еді. «Бұл жақта алған керемет білімімізбен Қазақстанда қалай жұмыс істейміз? Өйт­кені елімізде алатын жалақы өте мардымсыз» деген Айбек есімді қазақ жігітінің жауабын естіп не дерімді білмей қалғанмын. Жастарымыздың шетелге оқуға барып, сол елдің азаматтығын алып, қалып қоятыны үйреншікті жайтқа айналып барады. Осы жазда Түркия­ның Аланья қаласында демалдық. Сонда шай сататын дүкенде жұмыс істейтін үш қазақстандықты кездес­тірдім. Шымкенттік Айша деген қыз Түркиядағы оқуын тәмамдап, өз кәсібін ашып алыпты. «Донер әзірлеудің қыр-сырын түріктерден үйрендім. Бұл – өзі бөлек өнер. Екі жыл оқып, үйреніп, содан кейін өз кәсібімді аштым. Бір қуанарлығы, бұл жақта ұлтыңа, дініңе, жынысыңа қарап ешкім алаламайды. Тапқан табысым да жаман емес. Бұйыртса, Аланьядан өзіме баспана сатып алуды жоспарлап отырмын» деп ағынан жарылды Айша. Астаналық Марина қазақ-түрік лицейінде оқып, Түркияда университет бітірген. Ол да елге оралғысы келмейтінін айтты. Өйткені ол бір аптада Қазақстандағы екі айда алатын жалақысын табады екен.
ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының қызметкері Камила Ковякина қазақ жастарының шетелге оқуға кетуінің көптеген себептерін айтады. «Біріншіден, халықаралық білім беру жеделдігі деген ұғым пайда болды. ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сүйенсек, кез келген елден жастардың өзге елдерге кететінін көреміз. Қазір шекара ашық, оқуға мүмкіндік зор. Сондай-ақ бір елдің дипломын екіншісі мойындайды. Екіншіден, шетелде білім алудың артықшылықтары бар. Өйткені Қазақстанда да, шетелде де жұмысқа орналаса алады. Бәсекелестік артықшылық деген тек бізге ғана тән нәрсе емес. HSBC жүргізген сауалнама көрсеткендей, 15 мемлекеттегі ата-аналардың 41 пайызы өз балаларының шетелде білім алғанын қалайтынын жасыр­май айтқан. Бұл, әсіресе, Таяу Шығыс пен Азия елдеріне тән құбылыс» дейді сарапшы.
Камила Ковякина білім қуған жастардың шетелдерге кетуінен зор қауіп көретінін ашық айтады. «Мәселен, Ресейде адам ресурстары жеткіліксіз. Бұған қоса, солтүстіктегі көршіміз аса ірі халықаралық көші-қон дәлізі болып табылады. Осы елден ең білікті мамандар дамыған елдерге аттанады. Алайда Ресейді Оңтүстік Корея және Қытаймен салыс­тыруға келмейді. Өйткені соңғы екі елде өте сирек кездесетін мамандықтың кәсіби тұрғыдан шебері болса ғана жұмыс табады. Бұл елдер әлемдегі ең мықты деген мамандарды ғана шақырады» дейді К.Ковякина.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button