Жаңалықтар

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА КӨШУ ЖОЛЫНДАМЫЗ

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне министрліктің дайындығы жайлы баяндап берді.

30 қыркүйек күні аталмыш ми­нистрлік Азия және Тынық мұхиты елдерінің Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мен Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен «ЭКСПО-2017» бойынша халықаралық конференцияны өткізді. Оның қорытындысында Қазақстан, Белоруссия, Германия, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және Черногория елдері бағдарлама бойынша Хартияға қол қойып, бағдарламаны ресми түрде іске қосты. «Болашақта бұл бағдарламаға басқа елдердің қосылуы үшін жұмыс істейміз» деді министр.
Бағдарламаның негізгі бағыты – озық жасыл технологияларды трансферттеу мен жасыл экономиканы дамыту саласында тәжірибе алмасу. 2017 жылы аталмыш бағдарлама өзінің шарықтау шегіне жетуі тиіс. Яғни, «ЭКСПО» көрмесінің уақыты келгенде әлемдегі ең үздік жасыл технологиялар Астанада көрсетіледі деген болжам бар.
«ЭКСПО» көрмесінің өзіне келсек, ең алдымен көрменің логотипі анықталды. Ол «Жел энергиясы» деп аталады. Одан кейін ағымдағы жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сәйкес жұмыстар қолға алынды. Көрмені өткізудің конституциясы деуге тұрарлық «Тіркеу құжаттамасының» толтырылуы басталды. Мұнда «ЭКСПОҒА» еліміздің дайындық барысы жазылады. Бірнеше мем­ле­кеттің мақұлдауынан өткеннен кейін ең соңында мұны Париждегі халықаралық көрмелер бюросы мақұлдауы тиіс. Одан бөлек «ЭКСПО» жөнінде арнаулы заң дайындалып, Парламент қарауына берілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button