ТағзымТалайғы тарих

Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздік бастауы

1986 жыл менің Қаскелең қаласындағы педучилищеде оқып жүрген шағым еді. 16 желтоқсан күні группаның старостасы құрбым Салтанат Қаңлыбаева екеуміз кассадан ақша шығарып алуға Алматыға келдік. Күн еңкейген мезгілде банктегі жұмысымызды бітіріп сыртқа шыққан едік, алаң жақтан айқай-шу естілді. «Не болып жатыр екен?» деп жұрт жиналған жаққа таман барып, бір жас жігіттен жөн сұрап едік, «Қыздар, сендер естімедіңдер ме? Бүгін 18 минуттық пленумда Д.Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ қайдағы бір орысты қойыпты, Колбин дей ма, біреу…» деп жауап қайырды. Мұны естігенде біздің де намысымыз оянды да, бейбіт шеруге қосылдық та кеттік.

[smartslider3 slider=501]

Жиналған жұрт патриоттық әндерді шырқап, өз талаптарын айтып ұрандатып жатты. Бірақ жастардың талабын естір құлақ болған жоқ. Біз түн ортасына дейін тұрдық та, сағат 11 шамасында такси ұстап, Киров 236-дағы жұмысшылар жатақханасына қайттық. Менің аға, тәтем мен құрбымның апайы сонда тұратын. Сол күнгі Алматының суығы әлі есімнен кетпейді. Дірдек қағып жатақханаға келгенде, вахтер ағай бізді әзер кіргізді. Ол кісілер де сол күнгі оқиғадан хабардар екен: «Жап-жас баласыңдар, араласпаңдар ондайға» деп біраз ақылын айтты. Таңертең туысқандарымызға «сабаққа барамыз» дедік те, тура алаңға тарттық. Келсек, СХИ, ҚазМУ, Зооветинститут, Нархоз студенттері «Әр ұлттың өз басшысы болуы керек!» деген плакаттар ұстап, «Әр халықтың өз көсемі болуы керек. Қазақстанға қазақ басшы керек!», «Колбин кетсін!» деп ұрандатып тұр екен. Соларға қосылдық та кеттік. Ойымызда еш жамандық жоқ. Брежнев алаңындағы шеру қанды оқиғаға айналады деп мүлде ойлағанымыз жоқ.
«Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін шырқаған жастар бір-бірімізді қолдап, өзара медет бердік. Жігіттер қыздарға қамқорлық танытса, қыздар жігіттерді қолдап, жігерлендіріп тұрды. Сол күні бірінші рет жазушы Софы Сматаев ағаны көрдім, жазушы ағамыз жастарға «қайтыңдар, айналайындар, босқа арандап қаласыңдар, мына әскерлер сендерді аямайды, БТР-лар, мұздай қаруланған орыс әскерлері келіп жатыр. Естір құлақ болса, кешеден бері бір келер еді ғой» деп ақылын айтты. Бірақ жастар оған тоқтаған жоқ.
Ызғырық сүйектен өтеді. Тоңып, бір жағы қарнымыз ашып, жаурап та тұрмыз. Бірақ ешкім кері қайтқан жоқ, бір уақытта қоршап тұрған солдаттар бізге су шашып, ұлығып тұрған жастарды ұрып-соға бастады. Алаң опыр-топыр болды да кетті, мен арқамнан тиген қатты соққыдан ұшып түстім. Еңбектеп тұра алмай жатқан мені әлдекімдер тұрғызбақ болғанда, пальтомның жағасы дар етіп айырылып кетті. Сол кезде папаха киген бір ер адам «қызым, мына жаққа қарай жүгір» деп белгі берді. Салтанат екеу­міз солай қарай тұра жүгірдік, артымызда иттер абалап, бізді қуып келеді. Біз сол екпінмен 28 панфиловшылар паркінен бір-ақ шықтық. Айналып «Сая­хат» автовокзалына барсақ, арт жағында бір есік ашық тұр екен, жығылып-сүрініп ішке еніп едік, іште бір орыс әйел еден жуып жүр екен, «О, Боже» деп қорқып кетті де, дереу селт етіп, «былай жүріңдер» деп ымдады, сүйретіліп сол кісінің еден жуатын саймандары тұратын қуысқа кіріп кеттік. Жылы жер екен, трубаға су болған киімдерімізді жайып қойдық. Арқам удай ашып, басым мең-зең, Салтанат та оңбай таяқ жепті, аяғын уқалап отыр. Сол жерде ұйықтап қалыппыз.Таңғы 6-ларда апай оятты, «Тынышталды, солдаттар кетіп қалды, менен сұрады, «жоқ, көрмедім» деп айттым» деді. Орыс болған соң оның сөзіне сенген шығар. Бізге орыс апайдың үлкен көмегі тиді. Ол кісі автобусқа билет алып келді, таңғы 7:30-да жолға шықтық.
Жол бойы тексеру. «Студентпіз, сабаққа бара жатырмыз» деп студенттік билеттерімізді көрсетеміз. Қазақ милиция жігіттері үндемейді, қазақша «абайлаңдар» деп күбірлеп қояды. Ол кезде қазақша сөз айтудың өзі ерлік еді. Аман-есен училищеге жеттік, келсек абыр-сабыр, тез арада тексеру басталып кетіпті.
36 «А» группаның кураторы Майра Валиевна біздің қайда барғанымызды сезді, білем, «Сендер қалаға ақша шешіп алуға бардыңдар, солай айтасыңдар» деді. Бізді банктің сол бір жапырақ чегі құтқарды. 2-3 күннен кейін КГБ-дан адамдар келіп, сұрақтың астына алды. Кураторымыз араға түсіп аман қалдық. Жағасы жыртылған пальтоны қоқысқа тастадым. Содан бері аязы сүйекті, ызғары жүректі қарыған желтоқсан айын еш ұмытқан емеспін. Жадымда шемен болып байланды да қалды.
Бізді қоршаудан шығарып жіберген, папаха киген адамның да кім екенін кейін білдік. Ол генерал М.Қалматаев екен. Кездесудің сәті түспеді. Ол ағамыз да марқұм болып кетіпті. Ал «Саяхат» автовокзалындағы орыс апайды неше рет іздеп бардым, жұмыстан кетіп қалыпты. Сол беті таба алмадым.
Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Күні кешеге дейін алаңда болғанымызды жасырып, елге айтудан қорқып жүрдік. Менің жастармен бірге алаңға шыққанымды ата-анам білген жоқ. Кейін фотомды көріп (алаңда тұрғанда фотоға түсіріп алған ғой) «сен бе?» дегенде, «жоқ» деп жалтарып жүрдім. Әбден қорқып қалғанбыз ғой. Қазір бас қалада бақытты тұрмыс кешіп жатырмын. Жылы жанұям, екі балам бар.
Желтоқсанға әлі толық баға берілген жоқ. Меніңше, желтоқсаншыларға да саяси мәртебе беру керек. Арамызда әлі күнге дейін ақталмаған адамдар да бар. Бұл – тәуелсіз елімізге үлкен сын. Өйткені жастар алаңға қазақ елінің мүддесін қорғап шыққан жоқ па?!

 

Баян ӘЛИҚЫЗЫ,

желтоқсаншы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button