Қоғам

ЖЕҢІМПАЗ СТУДЕНТТЕР ОРДАСЫ

Халықтың асылдығын, ұлттың намысын, елдің мерейін айқындайтын саланың бірі – спорт. Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту межесін айқындап, мемлекеттің өркениетті болуы алдымен халқының денсаулығына байланысты болатынын айтқан болатын. Осы ретте еліміз бойынша салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жоғары шеберлікті спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асырылып отыр.

Мемлекет басшысының алға қойған міндетін атқару барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де қазақстандық спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтуға болады. Елбасының бастамасымен құрылып, биыл 20 жылдығын атап өтіп отырған оқу ордасы олимпиадалық, ұлттық және бұқаралық спорттың өркендеуіне, жас спортшыларды қолдауда, мамандар даярлауда орасан бай тәжірибе жинақтады.
Университетте жастардың спортпен шұғылдануына толық мүмкіндік жасалған. Әрбір оқу корпустарында спорттық залдар, спорт алаңдары, жаттықтыру залдары, бокс рингі, ойын залдары жұмыс істейді. Жалпы білім ордасы тарапынан спорттық инфрақұрылымдарға көп көңіл бөлінуде. Жаңа объектілер пайдалануға берілді. Бүгінде университетте спорт түрлеріне бейім студенттер үшін әртүрлі спорттық секциялар жұмыс істейді.
«Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлболсын Маршыбаеваның басшылығымен мамандық бойынша магистратура бөлімі ашылды. Сонымен қатар, кафедра өзінің шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернатымен, Қазақстан бокс федерациясымен, «Шығыс» ғылыми-әдістемелік орталығымен және фитнес клубтармен байланыс орнатып, спорттың дамуына, сонымен қатар кәсіби спортшыларды дайындауға айрықша мән беруде. Студенттердің толыққанды білім алуын қамтамасыз ету мақсатында кафедра жанынан медико-биологиялық зерттеу лабораториясы да ашылды.
Л.Гумилев атындағы университетте Қазақстанның абыройын сәтті қорғап жүрген даңқты спортшылар білім алды. Бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Геннадий Головкин, Олимпиада ойындарының және әлем чемпио­ны Александр Винокуров, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаров, дзюдо күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Дастан Ықыбаев, дзюдо күресінен әлем кубогының қола жүлдегері Бақдаулет Сәбитов осы университетте білім мен тәлім алғанын мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, Азия Параолимпиада ойындарының 5 дүркін жеңімпазы Әнуар Ахметов, шаңғы спортынан әлем чемпионатының қола жүлдегері Марк Старостин және басқа да спортшылар еліміздің намысын абыроймен қорғай білді.
Бүгінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алатын студенттер өз болашағын кәсіби спорттық жолмен байланыстырып, өз шеберліктерін арттыруда. Факультетте спорттың әр түрінен халықаралық, республикалық деңгейдегі сайыстарда алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген студенттер бар. Мәселен, самбодан жас­тар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионы, бүкіләлемдік жазғы универсиаданың қола жүлдегері Ажар Кеңбейіл, дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының мүшесі, Азия чемпионы Әйгерім Әбілқадырова, бокстан спорт шебері, ҚР құрама командасының мүшесі, әлем чемпионатының қатысушысы Аяулым Боранбаева, синхронды жүзу спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері апалы-сіңлі Александра және Екатерина Немичтер және стол теннисінен ҚР спорт шебері, ұлттық құрама командасының мүшесі, ҚР бірнеше дүркін чемпионы Анас­тасия Лаврова университеттің ғана емес, Қазақстанның атын әлемге мәшһүр етіп жүр. Сондай-ақ, құзға өрмелеуден спорт шебері, ҚР құрама командасының мүшесі Асель Марленова, кір тасын көтеруден спорт шебері, ел чемпионатының бес дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлібек Наурызбайұлы, қол күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Балжан Зеренханова, суда жүзуден Азия параойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжан Есіркепов, спорттық гимнастикадан ҚР спорт шебері, Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, ел чемпионы, әлем және Азия чемпионаттарына қатысушы Аида Бауыржанова сынды тәжірибелі спортшылар білім алуда.
Қазіргі уақытта университет қабырғасында ұлттық спорт түрлерін дамыту қолға алынып, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен байланыс орнатылып жатыр. Демек, білім ордасы ұлттық спорт түрлерін дамытуға да мүдделі. Осы бағытта ғылыми тұрғыдан шаралар қарастырылып, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру жұмыстары қолға алынуда.
Бұқаралық спорт жайында айтар болсақ, университет студенттері мен оқытушылары Астана қаласында өтіп тұратын спорттық шараларға белсенді қатысатынын атап айтуға болады.
Түйіндеп айтқанда, университет тарихындағы спорттық жетістіктер дәстүрі алдағы уақытта да жалғаса беретініне сеніммен қараймыз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button