Әлеумет

Жігіттің жампозына теңдесе алар

Нәзік болмысына мықты мінез дарытқан бұрымдыларды қашанда айналасы үлгі, жақындары мақтан тұтады. Бүгінгі кейіпкер­лерімізбен жақынырақ таныса келе біз де олардың жүректілігі алдында басымызды идік. «Жігіттің жампозына теңдесе алар, Батыр да, баһадүр де, ер де солар!» деген жолдарды белгілі ақын Исраил Сапарбай дәл осындай аруларымызға арнаса керек.

Әкесіне  еліктеген  Әлия

DSC_2636(1)
Әлия Нұрғазина

Әдетте әскери форма киген қыз-келіншектердің түрі қатал көрінеді емес пе?! Алайда, мен мұндай салқындықты Әлиядан таппадым. Әлия Нұрғазина – Астанадағы Ішкі істер депар­таментіне қарасты Есірткімен күрес басқар­ма­сының жедел уәкілі, полиция капитаны. «Әу­летімдегі ер-азаматтардың көбі құқық қорғау саласында қызмет істеген. Әкем мен ағаларымның ізін қуып, мен де осы жолды таңдауға бел будым. Он жылдан бері полицей мамандығын абыроймен атқарып келемін» дейді Әлия.

Жұмысы наркологиямен тікелей байланысты болғандықтан, кейіпкеріміз өз тәжірибесінде небір қулық-сұмдықты көріп, әккі қылмыскерлерді тұзақ­таған. «Бәрінен бұрын есірткіге есіріп, тәп-тәуір тұр­мысынан баз кешкен жандармен кезіккенде, көкірегім қарс айрылады. Берекесіз отбасында өсіп жатқан шиеттей бала-шағаны аяйсың. Олар үшін мына өмірде бағалауға тұрарлық қастерлі нәрсе жоқ. Міне, осындай адамдар мені қорқытады» деп күрсінді кейіпкеріміз.

Күні-түні қызметте жүріп, у-шуы мол ортада жұмыс істеу – көп әйелдің қолынан келе бермейді. Үйіңде жай­барақат жатқызбайды, шыр еткен қоңыраудан құстай ұшып жетуің керек кейде. Ас даярлау, кір жуу сияқты күнделікті шаруаға бет бұрғызбайтын мұндай кірпияз кәсіп Әлияны несімен тартты екен?! Осыны сұрағанымызда, ол күлімдей жауап қатты. «Сол үшін жұмысқа кірісерде салтанатты түрде ант береміз. Тау­дай ауыртпалықтарына мойымай, қажымай, адамдардың тыныштығын күзету – біздің борыш. Нендей тәуе­келге барғалы тұрғанымды саналы түрде ұғындым. Сондықтан қызметіме байланысты ешқашан шағымданып көрмеппін» дейді ол.

Арыстандардың «анасы»

Мереке қарсаңында Астана циркіне қонаққа бардық. Өйткені, мұнда Қазақстандағы арыстандарды үйрететін жалғыз әйел – Тұңғалақ Өселбаева жұмыс істейді. Тұңғалақ – қазақ шаңырағына келін болып түскен бурят қызы. Жары марқұм Мұрат Өселбаев екеуі ұзақ уақыт бойы Алматыдағы циркте акробат ретінде өнер көрсеткен. 2005 жылы ерлі-зайыптылар елордалық цирктің дрессура жанрына ауысады. 2011 жылы Мұрат аға дүниеден өткен соң, оның орнын ұлы Мұхтар басады. Әзірше Тұңғалақ пен Мұхтар үш арыстанды үйретіп жүр. Аттары Така, Яр, Хатико екен.

тунгалаг
Тұңғалақ Өселбаева

Циркке кіріп, манежге қарай аяңдай бергенімізде, арқа тұсымыздан арс еткен айбарлы дауыс шықты. Бұрылып үлгергенімізше болған жоқ, «Тентегім, тыны-ы-ыш» деп еркелете сөйлеп келе жатқан Тұңғалақ көрінді. «Арыстандардың араларындағы ең жасы – осы Хатико. Өзі аздап бұзықтау». Мына сөзден соң, тіптен қорқайық. Мақұлығың бізге атылса, біттім дей бер. Астанада жүріп, арыстанға жем болыпты деген өсек жаман ғой бәрінен. Бірақ қанша үрейленгенімізбен, аң патшасының жанында тұрған батыл келіншекке сеніп, ілгері жылжыдық.

Бұл жануарларың оттан секіріп, шеңберден қарғып, екі аяғымен билей алады. Мұндай қабілетке баулуда Тұңғалақтың еңбегі ерен. Әрқайсысын баласындай бағады. Әдеттерін жатқа біледі. Жалқауланса, бүйірінен сипап, әмірін орындатуға қауқары жетеді. Ерлік емей немене?!

«Арыстан да кәдімгі үй мысығы тәрізді сүт ішкенді ұнатады. Оның үстіне, қомағай. Күн сайын алты келі ет, жарты тауық, жарты литр сүт және бір жұмыртқа жейді. Тамақтарына сұйық май, сәбіз, теңіз орамжапырағын қосамыз. Ол денсаулықтарына пайдалы. Кейбіреулер арыстанға әдейі сүйек тастамайды. Оны мұжығаннан ашушаң, агрессияға бейім болып кететін көрінеді. Әйткенмен, ара-тұра дәмін татқаны дұрыс» дейді Тұңғалақ.

Жүрек  жұтқан  Жұлдыз

Келесі қаһарманымыздың есімі – Жұлдыз. Өзі бала кезінен жұлдыз болуды армандаған. Джеки Чан, Джет Ли, Жан Клод Ван Дамм сияқты актерлерге еліктеп өскен бойжеткен – қазіргі күні «Номад» тобының танымал каскадері. 2013 жылы елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетін үздік тәмамдаған аруды қалың жұртшылық «Жеңіп көр» экстремалды телевизиялық шоуы арқылы да жақсы таниды. Бағдарламаға қатысқан ер-жігіттер құрт-тарақаннан зәресі ұшып, қашқақтай жөнелгенде, біздің Жұлдызымыз оларды бұйым құрлы көрмей, бүкіл кедергіні оп-оңай-ақ еңсерген. Сөйтсек, бұл қыз былайғы өмірде төрт жыл бойы жыланмен бірге тұрыпты. «Кениялық әртістер Хачо атты жыланды сыйға тартқан. Үйге әкелгенімде ұзындығы сексен сантиметрдей ғана еді, кейін үш жарым метрге дейін өсті. Кішкентайында шашымның арасында ұйық­тайтын. Хачомен бірге біраз тойларда өнер көрсеттім. Жыланым мені асырады» деп жымияды Жұлдыз. Сонымен қатар, сұлуымыз шегеге жатып, от үрлеуді меңгеріпті. Фэйршоудың өте қиын көрсетілім екенінен хабардармыз. Оны қою кезінде күтпеген жайттардың жиі болатынын Жұлдыздың өзі де айтты: «Бұдан төрт жыл бұрын бір тойға шықтым. Отты үрлеп қалғаным сол еді, әлгінің жалыны бетіме тиіп, езу жағым жана бастады. Мұны әдейі істеді деген болуы керек, қонақтар сатыр-сұтыр алақан соғып жатыр. Бөлмеге келіп, айнаға қарасам, екі ұртым күйіп қалыпты».

жұлдыз2
Жұлдыз Ерболат

Каскадерлікке дәл осындай жүрек жұтқандар ғана барады. «Адамдар аттан құламауды ойласа, біз аттан құлауды ойлаймыз» дейді Жұлдыз жұмысы жайлы баяндап. Алғашқы трюгін «Айжан» сериалында жасапты. Жұлдыз басты рөлдегі актрисаны көлік қағар шақта алмастырған. Сценарий бойынша кейіпкер машинаға соғылып, үш-төрт метрдей жерге ұшып түсуі қажет. Әуелі каскадерге қорғаныш жилетін кигізіп, беліне байланған арқанмен тартпақ болады. Алайда оқиға жаз айында өткендіктен қалың кеудеше мен арқан туралы идея іске аспайды. Амал жоқ, бәрін қаз қалпында жасап, шыдауға тура келеді. Осы трюгінде Жұлдыз тізесін зақымдап алған.

Жуырда тұсауы кесілген «Анаға қайтар жол» фильмінде де қарагөзіміздің қолтаңбасы бар. Бұл кинода Жұлдыз ағынды судан атпен өтіп, кәнігі кәсібилігін кезекті рет дәлелдейді.

Аспан  аруы

Жанат Бегімбетовамен қаладағы құрылыс нысандарының бірінде жолықтық. Аққұба өңді талдырмаш қыздың краншы екеніне бір көргеннен сену қиын. Биіктігі он қабатты үймен бірдей «Зумлион» кранына мініп, іске кіріскенде ғана еріксіз таңдайымызды қақтық. «Негізгі мамандығым – дизайнер. Шымкенттен Астанаға қоныс аударған соң, краншының екі айлық курсын оқыдым. Бұл техниканы тізгіндегеніме биыл тоғыз жыл толды» дейді Жанат. Елордадағы бірқатар белгілі тұрғын үй кешендері осы қыздың кранымен тұр­ғызылған.

ERM_7712
Жанат Бегімбетова

Объектіні аралап әңгіме­лескенше, қара суықтан құтымыз қашып, әбден әбі­герлендік. Қаланың өзінде жең-бүйіріңнен сумақайлана сұғынатын жынды жел ашық-шашық аумақта мүлде азынап кетеді екен. Сондай қолайсыздықта да қыңқ етпей, тірлігін тындыратын төзімді аруға іштей сүйсіндік. «Жел секундына 14 метр­ден асатын жылдамдықпен соқса, кранның жұмысы тоқтатылады. Қою тұман түскен күндері де құрылыс жүрмейді. Әйтпесе қауіп­сіздік ережелерін жөнді сақтамай, кісіге не құрылысқа зиян тигізуіміз мүмкін» деп түсіндірді Жанат. Тосын жағдайлардың тууы тек ауа райына тәуелді емес екен. Оны біз кейіпкеріміздің айтқанынан аңғардық. «Жұ­мысқа енді орналасқан уа­қытта мұнаралы кранды бас­қардым. Бірде «Вира!» деген команданы естіп, рычагты жоғары көтергенмін. «Вира» – көтеру деген термин. Бірақ кранның қауғасы көтерілудің орнына, керісінше, шатырды қирата-мирата төмен құлады. Зәре-құтым қалмай қорыққаным әлі есімде» дейді Жанат ағынан ақтарылып.

Сұлу қыз таңғы сегізден кешкі сегізге дейін кранның басында отырады. Былайша айтқанда, жарты күнін Астананың аспанында өт­кізеді. Елорда оның көз алдында көркейіп, әсем шаһарға айналуда. Осынау маңызды кезеңнің әр минутын көктен бақылап, куә болу да әркімге бұйырмайтын бақыт қой. Емеурінімізді ұққан еңбекқор қыз маман­дығына деген махаббатын екі ауыз сөзбен сипаттап берді. «Биіктеген сайын қанаттанамын. Бұл маған тіл жеткісіз тамаша сезім сыйлайды» дейді Жанат жадырай.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button