ЖаңалықтарСұхбат

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Бас қаладағы жол-құрылыс жұмыстарының барысы туралы Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов пікір білдірді.

– Рашид Мәжитұлы, биыл бас қалада қанша шақырым жол салынды және қайта жаңартылды?

– Муниципалды жобаларды, соның ішінде жол құрылысы саласындағы жобаларды жүзеге асыру барысында біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі екені белгілі. Дегенмен, Астана қаласында көше-жол желісі мен жол инфрақұрылымының объектілерін салу, қайта жаңарту және жөндеуді ұйымдастыру бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Төмендегі сандар сөзімізге нақты айғақ бола алады. Мәселен, 2010-2011жылдары Астана қаласында 190,7 шақырым жол салынды, оның 24 шақырымы қайта жаңартылды.

– Мұндай жұмыстар қаланың басты көшелері мен орталықтарында ғана емес, сонымен бірге шет аймақтарды да қамтыған болар?

– Әрине, жөндеу жұмыстары қалаға қосылып кеткен тұрғын алаптарды дамыту тұжырымдамасының шеңберінде де жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, елордадан шеткерірек орналасқан Интернациональный кентінде, Қазақауыл , Көктал тұрғын алаптары мен Тілендиев даңғылының солтүстігінде бұрын мүлде тас жол болмаған. Үстіміздегі жылы осы алаптарда 2011 жылы басталған жол-құрылыс жұмыстарын аяқтамақшымыз. Осылайша мұнда 36,45 шақырым жол салуды және 37,6 шақырым жолды қайта жөндеуден өткізіп, 5 шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бұрын жолдары айқыш-ұйқыш болған Өндіріс тұрғын алабында, оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағалауында, Көктал тұрғын алабы мен Тілендиев даңғылының солтүстігінде 39,5 шақырым жол салынатын болады.

– Дегенмен, Астанада әлі де болса күрделі жөндеуді қажет етіп отырған көшелер аз емес қой. Мәселенің бұл жағы қалай шешіледі?

– Рас айтасыз, бас қалада мұндай көшелер әлі де болса бар. Біз оларды жоспарлы түрде, біртіндеп күрделі жөндеуден өткізіп келеміз.

Бүгінгі таңда Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Сарыарқа, Кенесары, Күмісбеков көшелері мен Бөгенбай батыр даңғылының кварталішілік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының жобасын жетілдіру үстінде. Қалалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда 2013 жылы осы жобаны жүзеге асырамыз. Ал, биыл Абай көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі және Сарыарқа даңғылынан Күмісбеков көшесіне дейінгі аралықтың жолын қайта жөндеу көзделіп отыр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button