Қала тіршілігі

Жолақы тарифі неге өзгермек?

Кеше Астана қаласы мәслихатының Құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көліктегі жолақы тарифіне қатысты мәселені түсіндірді.

Алдымен ол тарифтің өзгеруі автобуста жеңілдікпен жүретін адамдарға еш әсер етпейтінін айта келіп, әртүрлі зерттеу жасау нәтижесінде есептік тариф бойынша 198 теңгеге тоқтағандарын жеткізді. Сараланған тариф қоғамдық көлікте картамен жүретіндерге бұрынғысынша 90 теңге болып қалатынын, картаны пайдаланғысы келмейтіндер 180 теңге төлейтінін айтып өтті.

«Бұл шараға қолма-қол ақшаны көлеңкелі айналымнан шығару үшін барып отырмыз. Осыдан кейін нақты жолаушылар ағымын анықтаймыз. Қала өсіп жатыр. Бір жерден екінші жерге жету үшін кейде автобус ауыстыруға тура келеді. Сол уақытта көлік картасы тиімділігін көрсетеді. Автобус ауыстырғанда жолаушы шығынданбайды. Сараланған тарифті енгізерде Алматы қаласының тәжірибесін зерттедік. Былтыр бұл шаһарда «Оңай» картасы енгізілгенде бірқатар түсініспеушіліктер туды. Алайда үш ай өткен соң жолаушылардың 98 пайызы карталарды пайдалана бастаған. Бұл – өте жақсы көрсеткіш» деді Б.Игенбердинов.

Баяндамашы «экспресс» бағыттарда карта бойынша жолақыны 180 теңгеге, қолма-қол ақшамен 250 теңгеге көтеруді ұсынып отырғандарын жеткізді. Ал қала маңындағы бағыттарда картамен жүргенде тариф бұрынғыша қалып, қолма-қол ақшамен төленгенде баға екі есе көтерілмек. Мәслихат депутаттары бұдан соң «экспресс» бағыттар жолаушылардан айырыла ма деген алаңдаушылық білдірді. Тарифті өсірерден бұрын халыққа оның себебін, артықшылықтарын түсіндіру қажеттігіне назар аударды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button