Елорда тынысы

Жұлдыздар жарқыраған күн

Елордадағы ең үздік мектептің бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты 2022-2023 оқу жылын сәтті аяқтап отыр. Оқу ордасында лицей оқушыларының интеллектуалдық деңгейін танытқан халықаралық, республикалық және қалалық пән олимпиадаларында, спорт жарыстары мен өнер сайыстарында жеңімпаз атанып, оза шауып бәйге алған жүлдегерлерді марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті.

Дарынды балалардың мерейін өсіріп, жұлдызын жарқыратқан жиынға Оқу-ағарту министрлігінің бірінші  вице-министрі Шолпан Каринова, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев және «Білім-инновация» халық­аралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті Мұхаммадали Ибрагимов, вице-­президенті Ержан Әубәкіров, Шабан Жошкун, «Дарын» рес­публикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім жетекшісі Айгүл Каркулова, «Астана дарыны» дарындарды даярлау және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Жанар Бейсенбаева және өзге де құрметті қонақтар мен елімізге танымал әнші­лер қатысты.

Лицей директоры Руслан Сихимбеков оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, жақсы оқуына тілектестігін білдірді. Білім саласындағы, жаңартылған білім жүйесіндегі оң істерді тілге тиек етті.

Жас болса да елордалық оқушылардың атын шығарып жүрген талантты балалар мен оларды дайындап, сайыс­тарға қатыстырып жүрген ұстаздарға алғысын айтты.

Салтанатты жиынға қатысқан құрметті қонақтар оқушылар мен педагогтарға құрмет грамотасы мен алғыс хат табыстады. Сондай марапат алған оқушының бірі – Дінмұхаммед Омар. Ол – Қазақстан құрама командасының мүшесі, халықаралық Мендель олимпиадасының алтын медаль иегері, республикалық пән олимпиадасында биология пәнінен жеңімпаз. Үздіктер қатарында Ғалымжан Бақтыбай «Жыл оқушысы» атанса, Ерасыл Алтынбеков «Үздік олимпиада жеңімпазы», Мақсат Нұрбақыт «Ең жас олимпиада жеңім­пазы» деп танылды.

Ұлағатты ұстазды дәріптеп, дарынды шәкірттің мерейін өсірген әдемі кеш соңы тамаша концертке ұласты.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button