Мәдениет

Қуыршақ театрының қызықтары

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында бас қаланың Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Қуат Ежембек осы өнер ошағының тынысы және алдағы жоспарымен таныстырды. 

Оның айтуынша, осыдан 6-7 жыл бұрын қазақ тілінде өтетін қойылымдарға көрермендер тым аз келетін. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапты. Бүгінгі көрерменнің, ата-ананың көзқарасы өзгеріп келеді.

Елорданың қуыршақ театры ашылған күннен бастап әлемдік театрлармен тығыз байланыс орнатты. Тек халықаралық қуыршақ театрлары фестивальдеріне қатысып қана қоймай, 2015 жылы Құралай Ешмұратова атындағы I халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалін өткізді. Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина, т. б. мемлекеттердің өнер ұжымдары қатысқан аталмыш фестиваль аясында «Eurasia Puppet» – қуыршақ театрлары ассоциациясын құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум театрлар арасындағы байланыс­ты, достықты нығайта түсті. Соның арқасында Қазақстанның қуыршақ театрын әлем таныды.

Биыл 25-29 маусым аралығында «Құралай» халық­аралық қуыршақ театрлары фестивалі жалғасын табады. Бұл жолы оған Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстан және Қазақстаннан бас-аяғы 13 театр қатысады. Аталмыш фестивальдің бір ерекшелігі арнайы аталымдарды балалардан құрылған қазылар алқасы анықтайды.

Жалпы қазір Қуыршақ театры репертуарында халық ертегілерінің ізімен сахналанған «Қаңбақ шал», «Ер Төстік», «Алдар көсе», Г.Х.Андерсеннің «Су перісі», «Түйме қыз», С.Жүнісовтің «Атамекен», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», А.Салаеваның «Менің салған суретім», «Байқа жолда, балақай!» сынды отыздан аса спектакль бар.

Еркеназ ЗЕЙКЕН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button