Спорт

Ұлттық спортты ұлықтау керек

Ұлттық спорт ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастырудың ұлттық коды саналады. Сондықтан бұл саланы дамыту аса маңызды. Орталық коммуникациялар қыз­метінде дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда осы тақырып тереңінен талқыланып, проблемаларды шешудің мән-маңызы қарастырылды.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Ұлттық спорттың артында ұлттың тарихы, дәстүрі, рухы, ар-намысы тұр. Осы себепті ұлттық спортқа бейжай қарамай, мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлшегі ретінде бағалауымыз керек. Қазір қауымдастық құрамына «Көкпар», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Дәстүрлі садақ ату», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» федерациясы кіреді.

Осы 9 федерациядағы 7,5 мың жаттықтырушы 15 мыңнан аса секцияда 500 мыңға жуық жасөспірім мен жастардың спорттық шеберлігін шыңдайды. Біздің спортшылар 12 халықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алды, – деді қауымдастық басшысы.

Қауымдастық құрамына кіретін 9 спорттың алтауы атпен тікелей байланысты. Спорттың осы түрлерінен жарыстар жазда далада өтсе, қыста өткізуге лайықты манеждер жоқ. Ел бойынша 40-қа жуық ипподром болғанымен, халықаралық жарыс­ты қабылдауға келмейді. Соның салдарынан жаһан жұрты қызыға көз тігетін ұшқыр бәйгені дамыту мүмкін болмай отыр. Салада бұдан бөлек мәселелер бар. Олар: ұлттық спортты дамытатын маман даярлау, ұлттық және коммерциялық компаниялардан қаржы тарту, саланың инфрақұрылымын жетілдіру, халық арасынан кеңінен насихаттау.

Бас редакторлар клубының президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Ұлттық медиа қауымдас­тығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі акцио­нерлік қоғамының бас директоры Берік Уәли, Túrkistan халықаралық саяси апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы және басқа да ақпарат құралдарының басшылары ұсыныс-пікірін айтып, ұлттық спорт түрлерін ақпараттық тұрғыда қолдайтынын білдірді. IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында ұлттық спорт төңірегінде жүрген мамандар мен спортшыларды насихаттауға уағдаласты.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button