Жаңалықтар

АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ АСУЛАРЫ

DSC_1130

Қазақстан Республикасы Президентінің «» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздің құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштерін жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды. Онда еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникалармен жабдықталу, сондай-ақ, жоғары әскери дайындық жүргізуге баса маңыз берілген.          

Осы орайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сындарлы шешімдердің бірі – Мемлекет басшысының 2014 жылғы 21 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы Жарлығы болғанын атап айтуға болады. Жарлық бойынша Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның бірігуі негізінде Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрылған күнінен бастап күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін және нысан­дар­дың қорғанысын қамтамасыз етудегі арнайы жауынгерлік орган ретінде көрсетілген бағ­дарлама аясында қойылған міндеттерді іске асыруда жағаша даму бағытын ұстанды.

Жалпы бұл қызметтің іргетасы 1992 жылы қаланып, Елбасының Қаулысымен Президенттің күзет қызметі құрылып, оның алғашқы басшысы ретінде генерал-майор Сергей Синицин тағайындалған. Президенттің күзет қызметін әр кезеңде майталман әскерилер генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал-лейтенант Болат Баекенов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев және генерал-майор Әнуар Садықұлов басқарды. Ал Республикалық ұланға әр жылдары генерал-майор Сейілбек Алтынбеков, генерал-майор Төлеген Үмбетбаев, әділет генерал-майоры Болат Ысқақов, генерал-лейтенант Болат Жанасаев, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев қолбасшылық жасады.

Мемлекеттің жоғары басшылығының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде өлшеусіз тәжірибе жинақтаған қызметтің басты миссиясы – Президент қызметінің үздіксіз және қауіпсіз жүргізу жүйесін құру жолымен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға қатысу болды. Бұл бұлжымайтын міндет абыроймен атқарылды.

Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзіндік жүйесін жасақтаған беделді әскери құрылым болып есептелетін Қызмет өзінің орны мен тиімділігін одан әрі арттыра берді. Оған себеп – күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі күш-құралдардың бірігуі, яғни, арнайы мақ­саттағы ерекше әскери құрылым есебіндегі арнайы қызмет пен жауынгерлік күшке ие Респуб­ликалық ұлан қызметінің бір арнаға тоғысуы. Бұл өз кезегінде қуатты жауынгерлік қабілеті бар құрылымның дүниеге келуіне ықпал етті.

Қалыптасу жолдарынан өткен Мемлекеттік күзет қызметі нормативтік базаны жасақтау бойынша өз қызметін жетілдіріп, «Мем­лекеттік күзет қызметі туралы» Заң мен Ереженің қабылдануына қол жеткізді.              Осының арқасында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заңындағы жаңалықтар Қызметтің арнайы мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін бекітіп, күзетілетін тұлғаларды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселесіндегі негізгі міндеттерді, сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлеріне берілетін құқықтарды айқындауға негіз болды.

2014 жылғы 1 желтоқсан – Мемлекеттік күзет қызметі үшін мәртебелі әрі тарихи күн болып саналады. Осы күні Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің Туы мен «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінің жауынгерлік шарттарын табыстады.

Мемлекеттік күзет қызметінің Туын Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан Мемлекеттік күзет қызметінің бірінші басшысы генерал-майор Амантай Күреңбеков қабылдап алды.

Мемлекеттік күзет қызметін дамытудың таңдалған бағыты бүгінде бұл қабылданған шешімнің дұрыс болғанын дәлелдеп отыр. Күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыратын Қызмет сарбаздарының құқықтық қорғалуын жетілдірудің арқасында бұл бағыттағы ұйым қызметінің сапалы жүруіне кедергі келтіріп келген заңнамалық мәселелер өз шешімін тапты.

Осы жағдайлар негізгі қайта құру процесінің аяқталып, Мемлекеттік күзет қызметі бас­шылығының «2050» Стратегиясының шең­берінде алға қойылған міндеттерді сәтті жүзеге асыру мақсатындағы басым бағыттарды айқындауына мүмкіндік беріп отыр.

Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды тиімді іске асыру үшін барлық жауынгерлік міндеттерді орындауға жағдай жасау бағытындағы ұйымдастыру және тәжірибелік іс-шаралар кешені жүзеге асырылды.

Қызмет барысында кездесетін айқын әрі болжалды қауіп-қатерлерді, күзет және нысандарды күзету бойынша жоғары талаптар ескеріле отырып, Республикалық ұланның базасындағы Президенттік полктің рөлі күшейтілді. Бұл Мемлекеттік күзет қызметінің негізгі міндеттеріне орай жүзеге асырылды. Диверсиялық және террористік актілерге қарсы іс-қимыл, алдын ала тергеу қызметі, кинология, психологиялық қамтамасыз ету және өзге де бағыттағы бөліністер дамудың жаңа сатысына көтерілді. Осы қатарда медициналық қауіпсіздік, экологиялық, радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау жүйесі де бар.

Сонымен қатар Қызмет басшылығы қайта қаруландыру және метариалдық-техникалық қамтамасыз ету бағдарламаларын жүзеге асыру ісіне ерекше назар аударып отыр. Жаңа киім үлгісі, қосымша мерзімдік киім түрлері енгізілді. Жетекші әлемдік өндірушілерден жоғары санатты қару, техникалық және арнайы құралдар алынуда.

Мемлекеттік күзет қызметі жанынан жақында құрылған Жауынгерлік және арнайы даярлық департаментінде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Сонымен бірге, қызметкерлер беделді шетелдік оқу орталықтарына арнайы дайындықтарға жіберіліп отырады. Қызметтің Оқу орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің, өзге де әскери және әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында даярлық және қайта дайындық жүргізіледі.  Сарбаздар тактикалық іс-қимылдарымен оқ атудың әдістемелік жаттығуларын Қызметтің жеке қарамағындағы «Майлан» полигонында шыңдай түседі. Әскери қызметшілердің физикалық даярлығына аса маңыз беріледі. Спорт шараларын өткізу және жарыстарға қатысу дәстүрге айналып отыр. Қызмет құрамында 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 200-ден астам спорт шебері абыройлы қызмет етіп жүр.

 Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы үшін абыройлы жетістік – «Қара берет» иегері атану. Осы  құрметті атақ үшін әр қызметкер аянбай тер төгеді.

 Мемлекеттік күзет қызметінің кадр жұмысына аса маңыз беріліп отыр. Бұл өз кезегінде жеке құрамды жоғары кәсіби мамандардан жасақтауға, кадрлық саясатты ашық жүргізу қағидасын іске асыруға, ең бастысы, қызметтік-жауынгерлік қызметтің тиімділігін арттыруға жол ашады.

Қызметкерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуін дамыту шеңберінде тұрғын үй мәселесін шешу, қызметкерлерді және олардың отбасына медициналық қызмет көрсету шаралары жүйелі негізде жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы осындағы медициналық мекеменің базасында жүзеге асырылады. Сонымен қатар санаторийлік-курорттық ем алу қызметі де ұсынылады.

Кадрлық әлеуетті қалыптастыруда аға буын өкілдеріне, яғни, запасқа шыққан ардагер мамандардың тәжірибесіне жүгіну дәстүрі қалыптасқан. Осы ретте «МКҚ Ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылып, тағылымдық шаралар атқаруда. Мемлекет басшысы Қызмет ардагерлерінің елеулі орны жөнінде айтқан сөзінде: «Қызмет ардагерлерін ерекше атап өткім келеді, олардың арқасында сіздердің ведомстволарыңыздың маңызды кәсіби дәстүрлері сақталып, жас қызметкерлерге үлгі болады» деген болатын.

Мемлекеттік күзет қызметінің жан-жақтылығы осындағы Президент оркестрі музыкалық ұжымының шығармашылық жұмысынан да көрінеді. Аталмыш ұжым отандастарымызды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, Отан қорғаушысының бейнесін қалыптастыруға белсенді қатысып жүр. Елімізде, сондай-ақ, шет елдердің басты алаңдарында ұйымдастырылатын Құрметті қарауыл ротасы және Президент оркестрінің дәстүрлі плац-концерттері соның айғағы. Осы орайда  2014 жылдың қыркүйек айында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» әскери-музыкалық фестивалінде қол жеткізген жетістігін атап айтуға болады. Президент оркестрі мен Құрметті қарауыл ротасының Қызыл алаңға салтанатты шығуы «Абылай хан» атты арнайы туындымен сүйемелденді. Оркестр концертіне Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Австрия, Египет, Бельгия, Малайзия, Үндістан, Бахрейн және басқа да елдердің көрермендері қошемет білдірді.

Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінің әскери қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларды, шетел басшыларымен кездесу және шығарып салу рәсімдерін және басқа да мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды қамтамасыз ету секілді  маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Түйіндеп айтқанда, Мемлекеттік күзет қызметінің сардарлары мен сарбаздары өздеріне жүктелген мәртебелі міндетті мүлтіксіз атқарып, еліміздегі әскери құрылымдардың алдыңғы шебінен көрініп отыр.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button